- Мұқаба
- Жаңалықтар
- АҚШ Иранға қысымды күшейтті: Әлемді жаңа экономикалық күйзеліс күте ме?
АҚШ Иранға қысымды күшейтті: Әлемді жаңа экономикалық күйзеліс күте ме?
Сарапшы жаңа санкциялардың Иранға ықпалы мен аймақтағы геосаяси тәуекелдерді бағалады.
21 Тамыз 2026, 18:30
АҚШ-тың Иранға қарсы санкцияларды бұрын-соңды болмаған деңгейде күшейтуі әлемдік экономикаға қалай әсер етеді? Ормуз бұғазындағы жағдай мұнай нарығын қай бағытқа бұруы мүмкін және Таяу Шығыстағы текетірестен кім ұтады? Түркиялық саясаткер, тарих ғылымдарының докторы, Каһраманмараштағы Түрік орталығының төрағасы Бахтияр Мурат Арас осы мәселелерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Иран санкцияға үйренген ел»
Бахтияр Мурат Арастың айтуынша, Иран үшін Батыстың экономикалық қысымы жаңа құбылыс емес. Ел АҚШ пен Батыс мемлекеттерінің, әсіресе ядролық зерттеулерге байланысты енгізген қатаң шектеулері жағдайында ұзақ жылдар бойы өмір сүріп келеді. Сондықтан сарапшы Вашингтонның кезекті санкциялары Тегеранның саясатын бірден өзгерте қоятынына күмәнмен қарайды.
Белгілі болғандай, Иран санкцияларға алғаш рет тап болып отырған жоқ. Иранға Батыс блогындағы елдер мен АҚШ ядролық зерттеулерге байланысты ұзақ уақыттан бері өте қатаң шектеулер қолданып келеді. Сондықтан АҚШ-тың жаңа санкциялары Ирандағы жалпы жағдайға түбегейлі ықпал етеді деп ойламаймын, – деді Бахтияр Мурат Арас.
Оның сөзінше, Иранның ұзақ жылдар бойы санкцияларға бейімделуі жаңа шектеулердің қысқа мерзімдегі әсерін бәсеңдетуі мүмкін.
Иран ұзақ уақыттан бері осындай санкциялар жағдайында өмір сүріп келеді. Экономикалық қиындықтарға қарамастан, өз күнін өзі көріп, осы саясатынан кері шегінбей, бүгінге дейін жолын жалғастырып келеді. Оның үстіне бұл аз уақыт емес, жылдарға созылған кезең. Сондықтан бұл санкциялар қаншалықты қатаң болғанымен, Иран өз саясатын толығымен өзгертеді деп ойламаймын, – дейді ол.
Ормуздың жабылуы Иран экономикасына соққы болады
Саясаткердің пікірінше, санкциялардан бөлек, Иран үшін ең күрделі мәселелердің бірі – Ормуз бұғазындағы жағдай. Иран әлемдегі ірі мұнай экспорттаушы мемлекеттердің бірі болғандықтан, бұғаздың жабық болуы оның мұнай сатылымына және экономикасына тікелей әсер етеді.
Ормуз бұғазының жабық болуы және Иранның ірі мұнай экспорттаушы елдердің бірі екені ескерілсе, елдің мұнай сатылымы айтарлықтай азайып, экономикалық шығынға ұшырайтыны анық. Әрине, мұндай жағдайға ұзақ уақыт төтеп беру мүмкін емес. Бірақ бұл мәселені тек экономикалық тұрғыдан бағалауға болмайды, – деді сарапшы.
Оның пайымдауынша, Ормуз бұғазы ұзақ уақыт жабық қалса, оның салдары Иран экономикасына анық сезіледі. Мұнай мен алтын бағасындағы құбылмалылық та жағдайды күрделендіреді.
Ормуз бұғазының ұзақ уақыт жабық болуы, алтын мен мұнай бағасының құбылуы Иран экономикасына, әрине, кері әсер етеді. Бірақ бұл қысқа мерзімде Иранға жүз пайыз ықпал ете ме десеңіз, мен олай болады деп ойламаймын, – деді Бахтияр Мурат Арас.
«Ең маңызды сұрақ – бұл қақтығыстан кім ұтып жатыр?»
Сарапшы Иран төңірегіндегі жағдайды тек санкциялар мен экономикалық шығындар тұрғысынан қарастыру жеткіліксіз деп есептейді. Оның пікірінше, қақтығыстың геосаяси нәтижесіне де назар аудару керек.
Мен мұндай жағдайларға үнемі мына тұрғыдан қараймын: екі тарап қақтығысып жатса, одан кім пайда көріп отыр деген сұрақ ең маңыздысы. Өздеріңіз білетіндей, Иран мен АҚШ немесе Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс басталғалы бері Израиль өз аумағын шамамен 50 пайызға ұлғайтты. Қазір Израиль Ливан аумағының жартысын және ондағы су көздерін, Сирияның су ресурстарын, сондай-ақ Дамаскіге дейін жақындайтын Сирияның ауқымды аумағын іс жүзінде басып алып отыр. Яғни сырт көзге АҚШ пен Иран қақтығысып жатқандай көрінгенімен, Израиль бір жағынан өз аумағын кеңейтіп жатыр, – деді ол.
Бахтияр Мурат Арас қазіргі жағдайдың алғышарттарын Израиль мен ХАМАС, сондай-ақ «Хезболла» арасындағы қақтығыстармен байланыстыра қарастырады.
Осы тұрғыдан алғанда, бұл қақтығыс үдерісінің басындағы Израиль мен ХАМАС немесе «Хезболла» арасындағы қақтығыстарға қарасақ, Израильге жасалған жанкешті шабуыл секілді оқиғадан кейін Израильдің Газаны басып алғанын білесіздер. Бұл соған негіз ретінде көрсетілді. Бірақ ең маңыздысы – мұны кім жоспарлады және қандай мақсат көзделді деген мәселе, – деді саясаткер.
Оның айтуынша, бұдан кейін қақтығыстың ауқымы кеңейіп, Сирия мен Ливан бағытындағы жағдай да өзгерген.
Израиль Газадағы Палестина аумағының жағалау бөлігін толығымен басып алды. Қазір Газаның 80 пайызы басып алынған. Мыңдаған адам қаза тапты. Бұдан кейін Израиль Сирия мен Ливан бағытында да бақылауындағы аумақтарды кеңейтті, – деді ол.
«Иранның қауіп ретінде көрсетілуі Израильдің күшеюіне ықпал етеді»
Сарапшының пайымынша, аймақтағы Иран факторы Израильдің әскери қуатын арттыруына және АҚШ-тың қолдауына ие болуына да әсер етіп отыр.
Бір жағынан Иран мен АҚШ, Иран мен Израиль қақтығысып жатқандай көрінсе, екінші жағынан осы кезеңде Израильдің іс жүзінде өз аумағын 50-60 пайызға дейін ұлғайтқанын көріп отырмыз. Оның үстіне бұл жерлерден кетуге ешқандай ниеті жоқ. Мұны бұған дейінгі араб-израиль соғыстарында да көргенбіз, – деді Бахтияр Мурат Арас.
Оның пікірінше, Иранның Израиль үшін қауіп ретінде көрсетілуі Тель-Авивтің әскери әлеуетін арттыруға қосымша мүмкіндік береді.
Осы тұрғыдан алғанда, Иранның болуы, Израильдің дамуы мен күшеюі, технологиялық жағынан ілгерілеуі және АҚШ-тың қолдауына ие болуы тұрғысынан қарағанда, Иранның қауіп ретінде көрсетілуі шын мәнінде Израиль қарулы күштерінің күшеюіне де ықпал етіп отыр, – дейді саясаткер.
Ол мұндай көзқарастың қастандық теориясы ретінде қабылдануы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Мұны қастандық теориясы деп қабылдауға да болады. Бірақ Иранның болуы және оның Израильге қауіп төндіруі Израильдің өміршеңдігін қамтамасыз етіп қана қоймай, оның күшеюіне, аумақтарды басып алуына және АҚШ-тың сөзсіз қолдауына ие болуына мүмкіндік беріп отыр. Мұны дұрыс бағалау керек. Ал Иранның осы саясаты ең алдымен кімге пайда әкеледі десеңіз, меніңше, Израильге пайда әкеледі, – деді сарапшы.
Таяу Шығыстағы жағдай Түркияға қалай әсер етеді?
Бахтияр Мурат Арас аймақтағы қазіргі текетірестің Түркия үшін де маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, геосаяси өзгерістер Түркия шекарасына жақын аумақта жүріп жатыр.
Бұл геосаяси үдерістер біздің шекарамызға жақын аумақта болып жатқандықтан, бізге де айтарлықтай әсер етіп отыр. Өйткені біз осыған ұқсас жағдайларды Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде де бастан өткердік. Ол кезде Батыс блогы мұнайлы аймақтарды бақылауға алу үшін Осман империясының бүкіл аумағын өзара бөліске салған еді. Бұл жерде көптеген жасанды мемлекеттер құрылды. Бірінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде пайда болған сол жасанды мемлекеттердің, оның ішінде Израильдің де туындатқан проблемалары бар. Сирия, Ирак, Ливан секілді көптеген осындай мемлекеттер шамамен жүз жылдан бері түрлі соғыстарға, қиындықтар мен бөлінулерге себеп болып келеді. Оларды одан әрі ұсақ бөліктерге бөлу әрекеттері әлі де жалғасып жатыр, – деді ол.
Саясаткер Израильдің аймақтағы саясаты Түркия тарапынан да жіті бақыланып отырғанын айтты.
Израильдің экспансиялық саясаты және осы жерде пайда болған одақтастары түптеп келгенде бүкіл аймаққа қауіп төндіріп отыр. Бірақ Түркия Республикасы да бұл үдерістерді жіті бақылап отыр. Әрине, Түркияға бағытталған қандай да бір қауіп-қатердің қабылдануы мүмкін емес. Қазір 1915 жылғы Түркия жоқ. Сондықтан олар да барынша сақ әрекет етуге тырысады. Дегенмен болып жатқан жағдайларды аса таңғаларлық деу қиын, – деді Бахтияр Мурат Арас.
Шығыс Жерорта теңізіндегі жағдай да назарда
Сарапшы Таяу Шығыстағы жағдайды Шығыс Жерорта теңізіндегі геосаяси үдерістерден бөлек қарастыруға болмайтынын айтады.
Шығыс Жерорта теңізі мәселесінде де Израиль мен Грекияның ынтымақтастығын көріп отырмыз. Кипрдің грек бөлігі де Израиль және Грекиямен бірге құрлықтық қайраңға қатысты мәселелерді үнемі алға тартып, Түркияға қысым жасауға тырысып келеді. Осының бәрін бірге алып қарасақ, мұндағы ең көп қауіптенетін әрі әлсірегенін қалайтын ел – Түркия. Яғни Израиль бастаған Батыс елдері ең көп нысанаға алып отырған мемлекет – Түркия, – деді ол.
Дегенмен Бахтияр Мурат Арас мұндай жоспарлардың жүзеге асу мүмкіндігін төмен бағалайды.
Бұл жоспарлар кезінде Түркияның ең әлсіз кезеңінде де жүзеге аспады. Бүгінде олардың жүзеге асу мүмкіндігі жоқ. Әрине, егер Түркияның ішінде түрлі жобалар мен әртүрлі саясат жүргізіп, елдің бірлігі мен тұтастығына нұқсан келтірмесе, мен мұндай жағдай болады деп ойламаймын, – деді саясаткер.
Оның айтуынша, Түркия аймақтағы өзгерістерді бақылап, ықтимал қауіптерді ескеріп отыр.
Түркия бұл ойындардың бәрін түсініп отыр. Біз де халық ретінде мұны жақсы білеміз. Сондықтан болып жатқан жағдайды жіті бақылап отырмыз. Бірақ Түркия қандай да бір жолмен осындай қақтығыс ортасына кіріп кетпейді деп үміттенемін, – деп қорытындылады Бахтияр Мурат Арас.
Сарапшының пікірінше, жаңа санкциялар Иран экономикасына қосымша салмақ түсіргенімен, Тегеранды қысқа мерзімде саясатын түбегейлі өзгертуге мәжбүр етуі екіталай. Ал Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдайдың ұзаққа созылуы мұнай нарығына ғана емес, бүкіл аймақтағы геосаяси ахуалға әсер етуі мүмкін.
Ең оқылған:
- «Әзіл шығар деп ойладым»: Ұлдана Мырзуанның күйеуі сотта сол күнгі оқиғаны айтып берді
- Алматыда мыңнан астам жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін
- «Қызым, қайта хабарласам дедің ғой»: Сотта Ұлдана Мырзуанның анасы жылап қалды
- Теңге неге нығайып жатыр және бұл үрдіс қаншаға созылады? Сарапшылар негізгі себептерді атады
- Талапкердегі қыздарды «орманға алып қашу» оқиғасы: Полиция ресми мәлімдеме жасады
Мақпал ОРЫНБЕК