АҚШ Ирандағы бірқатар нысанға жаңа әуе соққыларын жасады

Ормуз бұғазы маңындағы нысандар атқыланды.

16 Шілде 2026, 13:04
АВТОР
 ©️ Reuters 16 Шілде 2026, 13:04
16 Шілде 2026, 13:04
154
Фото: ©️ Reuters

АҚШ әскері Иран аумағындағы бірнеше әскери және инфрақұрылымдық нысанға кезекті рет соққы жасады. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ормуз бұғазы маңындағы нысандар атқыланды

CENTCOM мәліметінше, алғашқы шабуыл толқыны кезінде АҚШ әскери-әуе күштері Ормуз бұғазы жағалауындағы Сирик порт аймағындағы нысандарды нысанаға алған. Иранның Mehr агенттігі Бендер-Аббас ірі портына да үш мәрте әуе шабуылы жасалғанын хабарлады. Сондай-ақ Кешм аралы маңындағы балық ұнын өндіретін зауыт америкалық соққы салдарынан ішінара зақымданған.

Ирандық ақпарат құралдарының мәліметінше, Хузестан провинциясындағы Ахваз қаласы да шабуылға ұшыраған. Бұдан бөлек, Систан мен Белуджистан провинцияларындағы Расак қаласы мен Кенарак портында жарылыстар болғаны хабарланды.

АҚШ әскери нысандарды көздегенін мәлімдеді

Екінші толқын барысында АҚШ әскері Иранның командалық пункттеріне, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне, зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттарының кешендеріне, сондай-ақ жағалауды бақылау нысандарына соққы берген.

CENTCOM бұл операцияның мақсаты Иранның халықаралық коммерциялық кемелерге қауіп төндіру мүмкіндігін әлсірету екенін мәлімдеді.

Әзірге бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар туралы ақпарат жарияланған жоқ.

АҚШ Иранға бет алған танкерді де тоқтатты

АҚШ әскері Парсы шығанағында Иран портына бағыт алған мұнай танкеріне де шабуыл жасаған.

CENTCOM мәліметіне сәйкес, Кюрасао туымен жүзіп келе жатқан M/T Belma коммерциялық танкері Харг аралына бет алған. Кеме америкалық әскери күштердің ескертуіне бағынбаған соң, әскери ұшақ оның түтін мұржасына Hellfire зымыранын атып, қозғалысын тоқтатқан.

АҚШ 14 шілдеден бастап Иран порттарына кіретін және шығатын кемелерге қатысты теңіз блокадасын қайта енгізген. Қолбасшылықтың мәліметінше, шектеудің алғашқы тәулігінде екі коммерциялық кеме бағытын өзгерткен, ал бір кемеге күш қолданылған.

Иран жауап ретінде АҚШ базаларын атқылады

Иран АҚШ-тың әрекетіне жауап ретінде Бахрейн мен Кувейттегі америкалық әскери базаларға соққы жасағанын мәлімдеді.

IRIB мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, Бахрейндегі АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Бесінші флоты штабы орналасқан аумақта кемінде он жарылыс болған. Mehr агенттігі Кувейттегі АҚШ әскери базасында да жарылыстар тіркелгенін жазды.

Шабуылдардан кейін Сауд Арабиясы мен Иордания әуе кеңістігінің бір бөлігін уақытша жапты.

Сонымен қатар Иран ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ислам революциясы сақшылар корпусының әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері АҚШ-тың MQ-9 ұшқышсыз ұшу аппаратын атып түсірген.

Наверх