АҚШ Эбола вирусымен байланыста болуы мүмкін америкалық азаматтар үшін Кения аумағында арнайы карантин орталығын ашпақ. Бұл туралы Reuters агенттігі АҚШ әкімшілігі өкілдеріне сілтеме жасап хабарлады.
Мәліметке сәйкес, орталыққа Эбола жұқтыру қаупі жоғары топтағы, бірақ әзірге ауру белгілері байқалмаған америкалықтар орналастырылады. Ал инфекциясы расталған адамдарды АҚШ аумағына жеткізу жоспарланбаған. Қажет болған жағдайда оларды үшінші елдерге эвакуациялау қарастырылады.
Карантин орталығы жұма күні жұмысын бастайды деп күтілуде. Алғашқы кезеңде ол 50 адамға есептелген. Кейін қосымша биоконтейнерлер мен оқшаулау блоктарын орнату жоспарланған.
Мұндай шешімге қарсы вакцинасы мен арнайы емі әлі бекітілмеген Bundibugyo штамының таралуы себеп болған.
Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Эбола індетін халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай деп жариялаған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, 900-ден астам адам вирус жұқтырды деген күдікке ілініп, 200-ден астам адам қайтыс болған.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтон Эбола жағдайларының ел аумағына енуіне жол бермейтінін мәлімдеген.
Сондай-ақ АҚШ билігі соңғы 21 күн ішінде Конго Демократиялық Республикасы, Уганда немесе Оңтүстік Судан аумағында болған адамдардың елге кіруіне шектеу енгізді.