АҚШ әскери-әуе күштері 2023 жылдың ақпанында құны шамамен 500 мың доллар болатын зымыранмен белгісіз ұшу нысанын атып түсірген. Кейін оның бойскауттар ұшырған әуе шары екені анықталған.
Бұл туралы New York Post басылымы Пентагонның аномальды құбылыстарды зерттеу басқармасының бұрынғы директоры Шон Киркпатрикке сілтеме жасап хабарлады.
Басылым мәліметінше, оқиға Қытайдың аэростаты Оңтүстік Каролина жағалауында атып түсірілгеннен кейін шамамен бір апта өткен соң болған. Осы жағдайдан кейін америкалық әскери күштер әуе кеңістігінде байқалған белгісіз нысандарға қатаңырақ әрекет ете бастаған.
Хабарламада айтылғандай, бойскауттар әуе шарын зерттеу жобасы аясында ұшырған. Оны жою үшін құны шамамен 500 мың доллар тұратын AIM-9 Sidewinder зымыраны қолданылған.
Кейін анықталғандай, атып түсірілген нысан ешқандай қауіп төндірмеген.