Еуропалық кеңес президенті мен Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен мәлімдеме жасады

31 Мамыр 2019, 13:57
3216
Бөлісу:
Еуропалық кеңес президенті мен Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен мәлімдеме жасады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық кеңес президенті Дональд Туск келіссөз өткізді. 

Оның қорытындысында БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады. 

«Ең алдымен менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға сапар шеккені үшін мейманыз- Еуропалық кеңес президенті Дональд Туск мырзаға ризашылығымды білдіремін. Біздің өңірге қатысты Еуропалық кеңес жаңа стратегия қабылдауы аясында президент Дональд Тусктің Орталық Азия елдеріне сапарының маңызы айрықша. Бұл құжат және осы сапар Орталық Азиядағы саяси және экономикалық тұрақтылықты нығайтуда еуропалық тараптың күш-жігер жұмылдыруға дайын екенін дәлелдейді», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес президенті Дональд Туск сапары ел тарихындағы ерекше күнмен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. 

Еуропалық кеңес президенті мен Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен мәлімдеме жасады

«Бүгін біз миллиондаған адамның өмірін үзген сталиндік саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тағдырдың тауқыметіне түскен азаматтардың арасында қазақтар ғана емес, Отанымызға күштеп қоныс аударылған 1,5 млн басқа ұлт өкілдері бар. Осы орайда тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалдық мұражай кешеніне біз екеуіміз барып, тағзым етеміз. Бұл – қазақ халқына және барлық қуғын-сүргін құрбандарына зор құрмет», – деді ҚР президенті. 

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Тусктің алғашқы сапарын Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы ынтымақтастықтың жаңа белесі екенін айтты. 

«Жақында Қазақстанда және ЕуроОдақта маңызды саяси оқиғалар болды. Нұр-Сұлтан қаласында ЕАЭО V мерейтойлық саммиті өтті. Еуропада парламенттік сайлау аяқталды. Мен осы сайлаудың қорытындылары Еуропалық бірлікті сақтауға және Еуропаның әлемдік аренадағы позициясын нығайтуға үлкен үлес қосады деп сенемін. Дональд Тусктің сапары Нұр-Сұлтан мен Брюссель арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бөлімін ашты. Серіктестік пен ынтымақтастық туралы қол қойылған кеңейтілген келісім біздің ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтерді. Қазақстан ЕО-ның жаңа буынымен келісімге қол қойған Орталық Азиядағы бірінші ел болды. Бұл біздің қарым-қатынасымыз өте тығыз әрі күшті бола бастағанын білдіреді. Біз Еуропаның көш басындағы елдерімен серіктестігімізді нығайту үшін белсенді жұмыс атқарып жатырмыз. Қазақстанның «Еуропаға жол»бағдарламасы және ЕО-ның Орталық Азия елдеріне саясаты – түрлі саладағы жетістіктеріміздің үлгісі. Болашақтағы өзара қарым-қатынасымызды тек оң жағынан көреміз. Мемлекет басшысы ретінде мен Еуропалық одақпен конструктикті серіктестігіміз жалғастыра беремін»,- деді Тоқаев. 

Еуропалық кеңес президенті Қазақстанның Еуропа мен Қиыр Шығыс арасындағы көпір екенін атап өтті. 

«Президент Тоқаевқа біздің бүгінгі жақсы талқылауымыз үшін үлкен рақмет. Бұл менің сізбен кездесудегі және тамаша еліңізге келудегі алғашқы мүмкіндігім. Мен ынтымақтастығымыздың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашқан сіздің аймағыңыздағы оң өзгеріс болып жатқан кезде келгеніме қуаныштымын. Еуропалық одақ жақында Орталық Азияның барлық елімен серіктестікті нығайтуға байланысты стратегиясын анықтады. Қазақстан – ЕО үшін осы аймақтағы маңызды серіктес. Сіздің еліңіз – Еуропа мен Қиыр Шығыс арасындағы, Ресей мен Оңтүстік Азия арасындағы «көпір» екенін өз сапарым барысында атап өткім келеді», - деді ол. 

Содан кейін Дональд Туск Еуропалық одақтың Орталық Азияға байланысты жаңа стратегиялық саясаты туралы айтып берді. 

Еуропалық кеңес президенті мен Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен мәлімдеме жасады

«Біз Орталық Азияға байланысты жаңа стратегиямызда бұдан да асқан мықты және заманауи серіктестік құруды, энергетика, көлік және цифрлық коммуникация саласындағы серіктестігімізді нығайтуды ұсынамыз. ЕО – Қазақстанның алғашқы сауда серіктесі, шетелдік инвесторы. ЕО мен Қазақстан арасындағы кеңейтілген серіктестік туралы келісімді ЕО мүше мемлекеттердің барлығы жақында ратификациялайды. Біз оны іске асыруды бастап кеттік. Бұл экстремизм, экология мәселелеріне байланысты аймақтық сын-тегеуріндерді қарастыруға негіз болады. Бұдан басқа біз Қазақстанда болып жатқан саяси алмасуды талқыладық. Сөз соңында мен Қазақстанға саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде келгенімді атап өткім келеді. Бүгін бұрынғы советтік «АЛЖИР» лагеріне барамыз. Бұл адамзаттың тоталитаризм алдындағы өшпес рухының белгісі. Менің отандастарымның көбі «ГУЛАГ»-та қайтыс болды. Польшалық және еуропалық демократияға көшу тәжірибесін – көптеген саяси құрбанды еске алып отырмын», - деді Дональд Туск. 

Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы сауда-экономикалық байланыс жоғары деңгейде. ЕуроОдақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. 

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сүйенсек, 2018 жылы Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы сауда айнылымы 37,7 млрд долларды (экспорт – 31 млрд доллар, 27,8% өсті, импорт 6,7 млрд доллар, 16,4% өсті) құрады.2017 жылмен салыстырғанда 25,6% (2017 жылы 30 млрд доллар) ұлғайды. 

Қазақстанда еуропалық капиталдың қатысуымен 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Негізгі инвестор-елдер – Нидерланды (3,8 млрд доллар), Бельгия (0,79млрд доллар), Франция (0,43 млрд доллар), Ұлыбритания (0,28 млрд доллар) және Германия (0,14 млрд доллар). 

Қазақстан мен ЕуроОдақ азаматтарының өзара сапарларының өскенін ескереотырып, Қазақстан ҚР-ЕО визалық режимінің жеңілдетілгенін қалайды. 

ЕО Кеңесі жанындағы Виза жөніндегі жұмыс тобының отырысында (2017 жылдың желтоқсан айы) ЕуроОдаққа мүше елдердің көп бөлігі Қазақстанмен визалық режимді жеңілдету мәселесін қарастыруды қолдады. 

Еуропалық комиссия ақпаратына сүйенсек, Қазақстан Республикасымен визалық режимді жеңілдету мүмкіндігі ЕО Визалық кодексі қабылданғаннан кейін қарастырылады. Қазір ЕО Визалық кодексі әзірленіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы