Ақмолалықтарға 4,5 млн қызмет түрі көрсетілді

3 Мамыр 2019, 18:15
2506
Бөлісу:
Ақмолалықтарға 4,5 млн қызмет түрі көрсетілді
Фото: автордан

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысының халыққа қызмет көрсету орталықтарында соңғы үш жылда өңір тұрғындарына 4,5 миллионнан аса мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілді. Бұл туралы өңірлік коммуникация орталығында өткен брифинг барысында айтылды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының директоры Бақытжан Ақанның айтуынша, осы уақыт аралығында өңірде ЭЦҚ арқылы 660 мыңнан аса құжаттар ресімделген.

«Биыл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылғанына үш жыл. Қазіргі уақытта 752 мемлекеттік қызметтің 621-і «Азаматтарға арналған үкіметке» берілді. Мекенжайлық, сотталмағаны туралы сияқты анықтамаларды алу үшін тұрғындарға ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Көптеген мемлекеттік қызметтер онлайн форматқа көшірілді, әрі олардың саны да артып келеді», - деді Бақытжан Ақан.

Оның хабарлауынша, тұрғындар «Бір терезе» жүйесі арқылы мемлекеттік қызметті бір жерден ала алады.

«Үш жылда филиал 6 млн гектар жерге зерттеу жүргізіп, электрондық карта жасалды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үйлерінде қызмет көрсетіледі. І, ІІ топ мүгедектері 1414 бірыңғай контакт-орталығы арқылы өтінім бере алады. Соңғы үш жылда мүгедек жандарға 10 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсетілді», - деді Бақытжан Ақан.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрбек Қайыржановтың айтуынша, осы уақыт ішінде «Connection Point» секторы арқылы мемлекеттік қызметті өз бетінше алатын ақмолалықтар саны артып отыр.

«2016-2018 жылдары осы форматта 810 мың қызмет көрсетілді. Жыл басынан бері «Connection Point» арқылы тұрғындарға 230 мың мемлекеттік қызмет ұсынылған. Мысалы, осы формат арқылы екіқабат әйелдер бала тууға қатысты құжаттарын онлайн форматта ресімдей алады. Қағазбастылықтан құтқаратын «Paperfree» жобасы арқылы азаматтың рұқсатымен үшінші тұлғаның анықтама алуына мүмкіндік береді», - деді Нұрбек Қайыржанов.

Оның айтуынша, автоәуесқойлар үшін де жаңа жүйе уақытты үнемдеуге қолайлы. Жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін кезек күтпей-ақ, ЭЦҚ арқылы электрондық үкімет порталына онлайн-өтінім беруге болады.

«Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 500-дене аса ақмолалық осы қызметті пайдаланды. Сондай-ақ, автокөлікті электрондық үкімет порталына онлайн режимінде тіркеуге болады. 2017 жылы Мамандандырылған ХҚКО ашылған уақыттан бері 57 мың автокөлік тіркеліп, 22 мыңнан аса жүргізуші куәлігі берілді», - деді Нұрбек Қайыржанов.

   
Өзгелердің жаңалығы