Ақмолалық 250 бала тегін демалады

20 Мамыр 2022, 19:53
1857
Бөлісу:
Ақмолалық 250 бала тегін демалады

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы жазғы маусымда халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарынан 250 ақмолалық бала тегін демалады. 500-ге жуық оқушы республикалық лагерьлерге барады.

Бұл туралы Ақмола облыстық білім басқармасының тәрбие жұмысы бөлімінің бас маманы Марина Ли мәлімдеді.

Оның хабарлауынша, өңірде 10 мемлекеттік лагерь жұмыс істейді. Олардың ішінде «Звездный»  және «Чайка» балалар сауықтыру орталықтары сенімгерлік басқаруда, бесеуі жекеменшік иелікте.

«Биыл Зеренді ауданында алғаш рет коммуналдық меншік иелігіндегі «Сұңқар» сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Жаз бойы жеті ауысыммен 2500 баланы демалыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, Ақмола облысында орналасқан лагерьлердің жобалық қуатына сәйкес 11 мыңға жуық оқушы қала сыртындағы демалыспен қамтылады. Егер өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай ойдағыдай болса, лагерьлер толық қуатында жұмыс істейтін болады. Жаз бойы 500-ге жуық бала республикалық лагерьлерде демалатын болады. Әр ауысымға спорттық жарыс, конкурс, фестиваль жеңімпаздары, оқу озаттары, жасұландықтар, еріктілер, әскери-патриоттық жасақтар жіберіледі», - деп бөлісті бас маман.

Ақмола облысының аумағында көптеген тегін жобалар да іске асырылуда.

«Айталық, «Бір апта ауылда» жобасымен қалалық балалар бір аптаға ауылдық жерлерге барады. Биыл олар Бұланды ауданына сапарға шығады. Ал «Бір апта қалада» жобасында ауыл балалары Көкшетаудың тарихи-мәдени орындарын зерттейді, мұражай, театрларға барады. Қорғалжын және Ерейментау аудандары өз мектептері негізінде тақырыптық этнолагерьлер ашқаны қуантады. Бір апта бойы балалар демалу мен сауықтырудан бөлек, этно және экотуризмнен жаңа әсер алады. Балалар жылы аясында Ерейментау ауданының меценаттары оқушылардың тамақтануын толық өз мойындарына алды», - деп түсіндірді бас маман.

Мектеп жанындағы лагерьлер мен алаңдар негізінен тамыз айының басына дейін жұмыс істейтін болады.

«Екі жылдан бері балалар археологиясын дамытудамыз. Университет ғалымдары, тарихи-өлкетану, Ботай музейінің археологтарымен бірге 200-ге жуық бала Красный яр ауылы маңындағы және Атбасар ауданындағы археологиялық қазба жұмыстарына қатысады. Өткен жылы 80 бала қатысты», - деп толықтырды Марина Ли.

Оның айтуынша, жазғы демалыста балалар қауіпсіздігі де басты назарда болады.

«Бірінші кезекте мектеп жанындағы, қала сыртындағы лагерьлерге шығу ұйымдастырылады. Білім басқармасы аз қамтылған отбасындағы және девиантты мінез-құлықты балаларды қолдау бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қолға алынады. Жаз бойы үкіметтік емес ұйымдар осы балалармен жұмыс істейді, оларға қолдау көрсетеді, жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Көптеген оқушылар ата-аналарына материалдық жағынан тәуелді болмау үшін жазда қосымша ақша табады. Балалар еңбек заңнамасының талаптары бойынша күніне үш сағат жұмыс істейді. Жастар бағдарламалары бойынша да орындар бар, сондай-ақ іскер әйелдер қауымдастығы мен туроператорлар да жұмыс ұсынуда», - деп түйіндеді бас маман.

Ол атап өткендей, лагерьлерге жолдама бағасының өсуі байқалады. 

«Ауылдық жерлердегі мемлекеттік лагерьлерге жолдаманың орташа бағасы 20-35 мың теңге, ал ерекше қорғалатын табиғи аймақ аумағындағы лагерьлерге жолдама құны 55-90 мың теңге аралығында», – деп нақтылады Марина Ли.

Өзгелердің жаңалығы