«Ақмоладан... – Нұр-Сұлтанға дейін» фотоальбомы жарық көрді

14 Желтоқсан 2021, 18:31
1586
Бөлісу:
«Ақмоладан... – Нұр-Сұлтанға дейін» фотоальбомы жарық көрді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданы әкімдігімен бірлесіп «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары негізінде дайындалған «Ақмоладан... - Нұр-Сұлтанға дейін» («От Акмолинска... – до Нур-Султана») деп аталатын Қазақстанның астанасы туралы фотоальбомның тұсаукесерін өткізді.

Онда еліміздің бас қаласының тарихы құрылған сәтінен бастап бүгінгі күнге дейін фотосуреттерде көрсетілген.

«Ақмоладан... – Нұр-Сұлтанға дейін» фотоальбомы жарық көрді

Фотоальбомда Ұлттық архив қорларынан, сондай-ақ Премьер-министрдің жеке фотографы Шүкір Шахайдың, Орынбай Балмұрат («Егемен Қазақстан»), Игорь Бургандинов («Казахстанская правда») сынды фототілшілер, фотосуретші Владимир Куриловтің жеке архивтерінен алынған бірегей фотосуреттер пайдаланылды. 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш фотоальбомның маңыздылығына тоқталды. 

 Тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістіктерінің бірі – елордамыз бой көтеріп, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы әлемге әйгілі болып отыр. Бүгінгі тұсауы кесіліп отырған фотоальбомда елорданың қалай басталғанынан қазіргі күнге дейінгі барлық сәттері көрініс тапқан, – деп атап өтті Қуат Қаһарманұлы. 

 Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы Нұр-Сұлтан қаласының аз ғана уақытта әлем астаналарының біріне айналғанын тілге тиек етті. 

 Бүгінгі фотокөрмеде біздің әрқайсымыз болған трансформацияның ауқымына көз жеткізе аламыз. Біздің елордамыз еліміздің тыныс-тіршілігінің индикаторы болып табылады. Ал Нұр-Сұлтан қаласы рекордтық қысқа мерзімде мемлекеттің бет-бейнесі ғана емес, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың саяси және экономикалық күштерін одан әрі дамытуды айқындайтын орталыққа айналды, – деп түйіндеді Дәрменияр Қыдырбекұлы.

 Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай да өз кезегінде фотоальбомның маңыздылығына тоқталып өтті. 

 Кез келген дамыған елде ең бірінші архив құжаттары үлкен маңызға ие. Сондықтан да бүгінгі фотоальбомның ішіндегі әрбір сурет, әрбір құжат ертеңгі күні үлкен маңызға ие болады, – деді Дархан Мыңбай. 

Іс-шара барысында ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова фотоальбомды құрастыруға қатысқан барлық фототілшілер мен құрастырушыларға алғысын білдірді.

Биыл 30 жыл толып отырған Тәуелсіздігімізді тұғырға қондыруда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Егемендік пен Елбасы егіз ұғым. Елордамызды ерке Есіл жағасына қондырып, өз еркімізбен Ақордамызды тігуіміз сол Егемендіктің жемісі. Бұл фотоальбом сол ерен ерлік жолындағы еліміздің жүріп өткен сапарын көрсететін құнды құжат болмақ, – деп атап өтті Сағила Есімсейітқызы.     

Шараға Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары мен Мәдениет және спорт министрлігі өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің Ғылыми кеңесі мүшелері, белгілі тарихшы-ғалымдар, фототілшілер мен архив қызметкерлері қатысты. 

Өзгелердің жаңалығы