Ақмоладағы ауылдардың бірінде 1116 бас жылқы қырылып қалған

1 Наурыз 2024, 20:08
1028
Бөлісу:
Ақмоладағы ауылдардың бірінде 1116 бас жылқы қырылып қалған
Фото: АШМ ресми сайты

Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері Ақмола облысының жылқы өлімі тіркелген аудандарына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау жағдайын тексеру, жергілікті жердегі жем-шөп мәселесін зерделеу және шешу мақсатында қабылданған шаралардың атқарылу барысымен танысу үшін Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайыржан Байжанов, Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Ерлан Ілиясов және бірқатар сала мамандары аудандарға барды.

Ауа райының қолайсыздығынан және жайылымдық жерлердің қатқақ болуынан Біржан-Сал учаскесінде (Мамай ауылы) жылқылардың тебіндеуі қиындап, ең жас және кәрі малдар қырылған. Жергілікті атқарушы органдардың дерегінше ауылда 1116 бас жылқы өлімі тіркелген. Халықтың негізгі бөлігі жануарларды күтіп-бағуды жеке аулаларына ауыстырған. Жайылымда тек қана иелері қалаларда және басқа елді мекендерде тұратын, сондай-ақ өз малдарын азықпен қамтамасыз етпеген тұрғындардың малы қалған, - делінген ведомство хабарламасында.

Жалғызқарағай ауылында (Ақкөл ауданы) тұрғындарың 1 220 бас, «Асхат» ШҚ 290 бас жылқы бар. Көтерем болған және аяқтарының мұз қабығынан жарақаттануының салдарынан жайылымдағы жылқыларды елді-мекенге жеткізу мүмкін болмаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша 55 бас жылқы өлген.

Қарабұлақ (Степногорск ауданы) ауылында 4 276 бас жылқы есепте тұр. Мұнда да жағдай өзге аудандармен ұқсас. Жалпы Степнагорск ауданында - 14 375 бас жылқы малы бар. Қыстың басынан бүгінгі күнге дейін Степногорск өңірі бойынша 42 бас жылқы шығынға ұшыраған.

Мамандар аудандарды аралау барысында 13 бас малдың өлімін тіркеді. Жылқылардың қыс мезгілінде қырылуына иелерінің малдарды фермаларда ұстамауынан және қажетті мөлшерде жем-шөп дайындамай, ашығуы себеп болған.

Қабылданатын шаралар:

  1. Жеке қосалқы шаруашылықтардағы 73,5 мың бас жылқы қораға ауыстырылды;
  2. Күндізгі жайылымға тебіндеуге 71,8 мың бас жылқы жіберіледі (түнгі уақытта тиісті азықтандыруы бар қораларға айдалады);
  3. Облыс әкімі орынбасарының басшылығымен Жедел штаб жұмыс істейді;
  4. 4. Жергілікті жерлерде мал басын жеммен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданады (шөп, сондай-ақ жемдік астық қосымша әкелінеді), кейіннен қолдағы малға жеткізілген жемшөп қалдықтарына ревизия жүргізіледі;
  5. Жайылымдық жерлерлерді қамтамасыз ету үшін қар жамылғысының үстіңгі қабатын қопсыту және жою бойынша іс-шаралар жүргізіледі.

Жалпы, Ақмола облысы ветеринария басқармасының мәліметі бойынша, 2023 жылдың желтоқсанынан бастап қазіргі уақытқа дейін 117 бас жылқының өлімі тіркелген, оның ішінде тек 27 бас жылқы ғана жергілікті жерлердегі ветеринариялық есептікке алынған. Қалған жылқылар нақты тіркеуде жоқ олардың иелері де белгісіз.

Өзгелердің жаңалығы