Ақмола облысындағы қоқыс түйткілі қалай шешіледі?

28 Сәуір 2022, 11:14
1673
Бөлісу:
Ақмола облысындағы қоқыс түйткілі қалай шешіледі?

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында 130 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының 24-і ғана заңдастырылды. 

Өңірге жұмыс сапарымен келген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің қатысуымен Ақмола облысында өткен брифингте түйткілді мәселені шешу жолдары ұсынылды.

Табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыру есебінен табиғатты ластайтын заттар 2020 жылғы деңгейден 13% - ға (136 мың тонна) төмендеді және 118 мың тоннаны құрады.

Экология министрі Серікқали Брекешев Ақмола облысындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды жою, кәдеге жаратуға қатысты бірқатар кемшіліктерді атап өтті. 

Бұл қалдықтарды басқарудың әлсіз инфрақұрылымы, ҚТҚ полигондарының нормаларға сәйкес келмеуі, көптеген рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері және кәріз-тазарту құрылыстарының тозуы немесе олардың болмауы. Мәселен, өңірде 2021 жылдың қорытындысы бойынша ҚТҚ өңдеу үлесі бар болғаны 8,7 пайызды құрады, бұл еліміз бойынша ең төмен көрсеткіш. Біран-саран елді мекендер ғана қоқысты бөлек жинауды енгізді. Еліміз бойынша қоқыс басқарумен үш кәсіпорын ғана жұмыс істейді, - деді министр.

Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын заңдастыруда проблемалар туындауда. Құжаттарды рәсімдеудің қымбаттығы алға тартылды. Проблеманы мемлекеттік деңгейде шешу ұсынылды.

Полигондарды салу және стихиялық полигондарды жою мәселелері облыс әкімдігі мен біздің министрлік арасында қол қойылған Жол карталарында қарастырылған және оның аясында стихиялық полигондарды жою және жаңаларын салу жоспарланған. Жол картасы аясында өңірде 23 іс - шара іске асырылады, - деп түсіндірді министр.

Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов нақтылағандай, Ақмола облысында 130 полигонның 24-і ғана заңдастырылды.

Заңдастыру үшін ЖСҚ жасау керек, ал бұл өте қымбат. Қазір министрлік құрылыс комитетімен бірлесіп, тұратын халықтың санына байланысты үлгілік қағидалар әзірлеуде. Елді мекендердегі полигондардың көпшілігі экологиялық талаптарға сәйкес келмеуі мүмкін, сондықтан оларға құжаттар бермес бұрын экологиялық зерттеулер жүргізілуі тиіс, - деді Зулфухар Жолдасов.

Брифингте қоқыс өңдейтін зауыт мәселесі де көтерілді.

Біз электр энергиясын алу үшін қоқыс жағатын зауыттардың жобасын жүзеге асыруды жоспарладық. Осы ретте Қазақстанның алты қаласы анықталды, тендер өткізілді, мердігер анықталды, бірақ бүгінгі күні, өкінішке орай, мердігер жобаны іске асырудан бас тартып отыр. Жалпы, жобаны одан әрі іске асыру күн тәртібінде тұр. Сонымен қатар, экобелсенділер қоқыс жағатын зауыттар салу тұрмыстық қалдықтарды жою мен кәдеге жарату мәселесін шешудің жолы емес деген белсенді азаматтық ұстанымдарын алға тартуда, – деп толықтырды Серікқали Брекешев.

Министрдің мәліметінше, өткен жылы космомониторинг аясында облыста 1 329 қоқыс орны анықталды. Шамамен 85% жойылды. Қалалар мен кенттердің әкімдері оларды жоймағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, бүгінгі таңда Көкшетау және Степногорск қалаларында канализациялық тазарту станцияларының дені тозған күйде және күрделі жөндеуді немесе толық ауыстыруды талап етеді.

Брифингте Қопа және Көбейтұз көлдерінің мәселелері сөз болды. 

Қопа көлі бойынша жобалық-сметалық құжаттама бойынша жұмыс жүргізілуде. Осыдан кейін барлық қажетті сараптама жасалып, қорытынды алынады, сонда ғана біз Қаржы министрлігіне көлді тазарту жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру мәселесін қарауға өтінім береміз, – деп бөлісті Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Сондай-ақ, қатысушылар қызғылт Көбейтұз көліне қатысты сұрақ қойды.

Бұл пандемия кезінде Мемлекет басшысы назар аударған проблеманың бірі. Кейбіреулер көлдің емдік қасиеті бар деп ойлап, одан тұз ала бастады. Біз бұл қарапайым тұздар және емдік қасиеттері жоқ деп түсіндірдік, ал көл микроорганизмдердің қасиеттеріне байланысты қызыл реңк береді. Көл маңайына күзет қойылып, оған кіруді шектеді. Қазір ешқандай проблема жоқ, бірақ шектеулер әлі де сақталуда, - деп түсіндірді Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов. 

Әлеуметтік желілерде көл тартыла бастады деген ақпарат та болды. 

Бұл қарапайым дала көлі, ол көктемгі қар еруі кезінде азаяды немесе ұлғаяды, - деп толықтырды ол.

Сондай-ақ, спикердің ақпараты бойынша, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге лицензиялау енгізілетін болады.

Елордадағы құрылыс компанияларымен кеңесіп, қанша қалдық пайда болатынын, оларды қайда апаратынын, қанша полигон қабылдайтынын және қалғаны қайда кететінін талдауға тырыстық. Рұқсат етілмеген полигондарды болдырмау үшін жағдайды бақылауға тырысамыз, – деп қорытындылады Зулфухар Жолдасов.

Өзгелердің жаңалығы