Ақмола облысында сәуірдің басында су тасқыны болуы мүмкін

25 Наурыз 2022, 07:34
1381
Бөлісу:
Ақмола облысында сәуірдің басында су тасқыны болуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сәуірдің алғашқы он күндігінде Ақмола облысында қар еріп, су тасиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені ауа температурасы осы кезеңде күндіз 8-9 градусқа дейін көтеріледі. «Қазгидромет» мекемесі филиалының директоры Бақыт Мақажанова осылай дейді. Оның айтуынша, сәуірде күн райы әдеттегіден 1-2 градусқа жылы болады. Сондықтан бұл тасқын қаупін төндіреді.

Айта кетейік, биыл Ақмола облысында 100-ден астам елді мекенді су басады деген қауіп бар. Әсіресе Атбасар, Астрахан, Аршалы және Целиноград аудандарында қатер көп. Қазір бұл аймақтарда дайындық жүріп жатыр. Бұған дейін өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізіліп, қар сыртқа шығарылған.

Төтенше жағдай бола қалғанда жедел әрекет етіп, тасқын судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін жергілікті әкімдіктерде 2 мыңнан астам адам мен 1 мыңға жуық техника дайын тұр. Одан бөлек, су соратын 151 мотопомпа мен 35 қайық әзірленген. Сонымен қатар біздің департаменттен де 445 құтқарушы мен 84 техника қосылады. Ал жағдай өте қиын болған аудандарға облыстан қосымша күш жіберіледі, – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қанат Доспаев.

Өзгелердің жаңалығы