Ақмола облысында медицина мамандары жетіспейді

19 Маусым 2023, 18:20
1012
Бөлісу:
Ақмола облысында медицина мамандары жетіспейді
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Ақмола облысының бірқатар елді мекенінде медицина мамандары жетіспейді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Астрахан ауданының Шілікті, Ягодное, Ақбейіт, Бұлақты, Степное, Қаракөл ауылдарында фельдшерлер, Ерейментау ауданының Сілеті, Олжабай батыр ауылдарында дәрігер мамандар жетіспейді.

Бұл облыста тұрғындары медициналық көмек ала алмайтын елді мекендер тізімінің шағын бөлігі ғана.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жоғары медицина мектебінің директоры Светлана Мұратбекова жас мамандардың неліктен тұрақтамайтының себебіне тоқталды.

Ақмола облысы әкімінің гранттары бойынша еліміздің медициналық жоғары оқу орындарын бітірген дәрігерлер қайда? Неліктен шартта біздің аймақта кем дегенде үш жыл жұмыс істеу міндеті белгіленбеген? Неліктен ЖОО-ның соңғы курсында оқудың ақылы негізіне ауысуға тыйым салатын тармақ болмады? Енді түлектерді қайтару мүмкін емес, бірақ өткен қателіктерден сабақ алу керек, - дейді Светлана Мұратбекова.

Ол биыл еліміз үшін бірыңғай мемлекеттік сатып алу порталында дәрігерлік кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырысты орналастыратын облыстық ішкі саясат басқармасы техникалық ерекшеліктің барлық тармақтарын мұқият тұжырымдап, өңірлік аспектіні күшейту қажеттігін айтты.

Бір таңқаларлығы, Ақмола облысы әкімінің гранттарын алматылықтар, шымкенттіктер, елордалық мектеп түлектері жеңіп алуда.

Қалай болғанда да, қазір гранттар тек бакалавриатта оқуға бөлінеді. Әрі қарай-интернатурада оқу өз есебінен. Жас дәрігер ешқандай міндеттемеге тәуелді болмайды.

Басқа өңірлерде тиісті нормативтік-құқықтық актілер негізінде оқытудың келесі сатысына да гранттар бөлінеді. Біз облыс әкімінің атына биыл бакалавр дипломын алатын студенттердің интернатурасына ақы төлеу үшін қаражат бөлу туралы хат жолдадық, - деп түсіндірді Светлана Мұратбекова.

Соңғы үш жылда облыс бойынша дәрігерлер тапшылығы екі есеге жуық төмендегенімен, емдеу мекемелерінде 244 дәрігер жетіспейді. Сонымен қатар, қалалардағы тапшылық ауылдарға қарағанда екі есе көп. Жалпы практика дәрігерінен бөлек 23 анестезиолог, 18 педиатр, 14 акушер-гинеколог, тоғыз офтальмолог, сегіз неонатолог, 20 оториноларинголог қажет. Өкінішке орай, бұл алаңдатарлық тізім жалғасуда.

Өңірде кадр тапшылығының артуы елорданың жақындығымен түсіндіріледі. Білікті мамандар, әсіресе жастар Астанада жұмыс істеуге ұмтылады.

Облыстық мәслихат сессиясында ауылға баратын мамандар үшін көтерме қаражат мөлшерін 2,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды.

Жалпы дәрігерлер жалақысы орта есеппен 609 787 теңгені, ал орта персоналдарда 304 132 теңгені құрап отыр.

Айта кету керек, төрт жыл ішінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жоғары медицина мектебінде интернатураны еліміздің түрлі медициналық жоғары оқу орындарынан 41 адам бітірді. Олардың 18-і облыста жұмыс істейді, жетеуі резидентурада реанимация, травматология, неонатология мамандықтарына оқиды. Қазір «Қоғамдық денсаулық» білім беру бағдарламасы бойынша студенттерді қабылдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Санитария, гигиена саласындағы мамандар да жетіспейді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен оқыту жүйесіндегі алдағы өзгерістер дәрігерлер тапшылығын көбейтуі мүмкін, - деп қосты Светлана Қабденқызы.

Биыл медициналық жоғары оқу орындарына түскен бірінші курс студенттері бес жылдан кейін дәрігердің көмекшісі дипломын алады. Тәуелсіз клиникалық практика құқығы резидентура аяқталғаннан кейін ғана алынады. Ол үш жылдан бес жылға дейін созылады.

Үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламасы Дүниежүзілік банк жобасы бойынша әзірленді. Еуропада ол сәтті жұмыс істейді. Бірақ біздегі ішкі мәселені де ескеру қажет. ЖОО-ға оқу бағдарламаларын өз бетінше таңдауға мүмкіндік берілгені жөн. Өңірде дәрігерлер тапшылығын төмендету үшін құрылған жаңа факультеттерде тың жобаларды жүзеге асыруда қиындықтар бар, – деп атап өтті Светлана Мұратбекова.

Отырыста Степногорск қалалық көпсалалы ауруханасында орын алған жағдай талқыланды.

Коммуналдық төлемдер, әлеуметтік қорларға аударымдар бойынша қалыптасқан кредиторлық берешек медицина қызметкерлеріне жалақыны уақтылы төлеуге кедергі келтіреді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ақылбеков қалыптасқан жағдайдан шығу жоспарын ұсынды.

Аурухана ғимаратында жоғары медициналық колледж филиалын орналастыру коммуналдық төлемдердің көлемін азайтуға, ал ддәрігерлерге – негізгі жұмысты оқытушылық қызметпен ұштастыруға мүмкіндік береді. Коммуналдық төлемдер бойынша қалыптасқан кредиторлық берешек мәселесін қалалық немесе облыстық бюджет төлемдері арқылы түбегейлі шеше алар еді. Бірақ қолданыстағы нормативтік-құқықтық базамен мұны істеу мүмкін емес. Мемлекет мекеменің қаржылық жағдайы үшін жауап бермейді, оларға ақшамен көмектесуге құқығы жоқ. Егер қазір қандай да бір бағдарлама ашылатын болса, онда мемлекеттік сатып алу туралы Заңға өзгерістер енгізу қажет, - деп атап өтті басқарма басшысы.

Степногорск қалалық мәслихатының депутаттары Степногорск қалалық ауруханасының базасында амбулаториялық-емханалық бөлімше ұйымдастыруды ең сенімді жол деп санайды. Бірақ бұл кейбір заңнамалық өзгерістерді қажет етеді.

Бұл шараларды ұзақ мерзімге есептелген. Мәселені жергілікті атқарушы билік органдары деңгейінде шешу қажет. Жақсы негіздеме жасау, экономика басқармасына коммуналдық тарифтер бойынша субсидиялауға өтінім беру керек, - деп пікір білдірді облыстық мәслихат депутаты, көпсалалы облыстық аурухананың директоры Нұрлан Жаров.

Сала мамандары бұл жағдайды шешу және бұдан былай басқа емдеу мекемелерінде мұндай жағдайларға жол бермеу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы жүйелі талдау жүргізуі тиіс екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы