Ақмола облысында этнотуризмді дамытуға арналған жаңа жоба іске қосылады

14 Қараша 2022, 19:02
1644
Бөлісу:
Ақмола облысында этнотуризмді дамытуға арналған жаңа жоба іске қосылады

Ақмола облысында «Байтақ жер» жобасы арқылы эко және этнотуризм саласындағы бизнес-идеяларды дамыту көзделіп отыр, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Жобаны Орталық Азияның Еуразия Қоры қолға алып отыр. Ол ең алдымен креативті, шығармашыл жастарды қолдауға бағытталған. Әзірге бағдарлама Ақмола облысының Зеренді, Сандықтау және Қорғалжын аудандарында іске асырылады.

Ақмола облысында этнотуризмді дамытуға арналған жаңа жоба іске қосылады

Шағын және орта бизнес өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар да жобаға қатыса алады.

Жоба бойынша қор өкілдері аудандарды аралайды, жергілікті кәсіпкерлермен кездеседі, сұрақтарға жауап береді.

Бірінші кезеңде кәсіпкерлерді он күндік оқытуды жоспарлап отырмыз. Желтоқсан-қаңтар айларында оқыту бағдарламасын әзірлеумен айналысамыз. Барлық шығындарды өзімізге аламыз. Бізге эко және этнотуризм салаларындағы бизнес-сарапшылар қосылады. Олар қатысушыларға идеяларды жүзеге асыруға көмектеседі. Курс соңында кәсіпкерлер бизнес бастамаларын қорғауы керек, кейін біз оларды қаржыландырамыз. 0%-бен гранттар бөлу жоспарлануда, қайтару мерзімі – екі жыл. Кредиттер сомасы 3-5 миллион теңгеге дейін, – дейді жоба менеджері Әлия Еспаева.

Жаңа бастама ауыл экономикасы мен өмір сүру деңгейін көтеруге көмектеседі деп күтілуде. 

Біз ауылдардағы талантты балаларды қолдауды жоспарлап отырмыз. Екі апталық тағылымдамадан өтуге қаражат бөлеміз. Олар тікелей демалыс орындарында оқи алады немесе белгілі бір бизнеске көмектесе алады. Сондай-ақ, біз университеттер мен колледж студенттерімен ынтымақтасуға, олардың шығармашылық идеяларын жүзеге асыруға көмектесуге мүдделіміз. Бір атап өтерлігі, біздің жобамыз ауылға өзінің ерекше және пайдалы бастамаларымен баруға дайын қала тұрғындарына да арналған, - деп бөлісті жоба менеджері.

Ол жобаға қатысушыларына қойылатын талаптарды атады.

Кем дегенде бір-екі жыл жұмыс істеген белсенді шағын және орта бизнес болуы қажет. Сондай-ақ, 35 жасқа дейінгі жастар болуы тиіс. Кепілдік мүліктің болуы да маңызды, өйткені заңды түрде келісімшарт жасалады, – деп түсіндірді бағдарлама менеджері.

Займ иегерлері ақпан айында белгілі болады, наурыз айында келісімшарт жасалады. 

Туризм экологиялық және танымдық болуы керектігін айтады жоба авторлары. Өңірдегі курортты аймақтар әлі де жеткілікті деңгейде дамымаған. 

Үш ауданда да ескерткіштер көп. Қорғалжында тұрғындар туристерді, оның ішінде шетелдіктерді киіз үйлерде, ұлттық киімдерде қарсы алып, дәстүрлермен таныстырды. Қазақ қолөнерінің көне техникасын меңгерген тұрғындар да бар, бірақ оқыту орталықтары жоқ. IT-технологиялар саласындағы жобалар әлі де қажет, – деп түсіндірді Әлия Еспаева.

Бүгінде Зерендіде өкінішке орай, этноауылдың бірде-бір керемет үлгісі жоқ. Ауданда саумал, қымыз, шұбат өндіретін фермерлер көп. Бірақ олардың барлығы өнімді бірден қонақ үйлерге сатады. Ауыл кәсіпкерлері әлеуметтік желілерді аз пайдаланатындықтан, олардың жұмысын жергілікті тұрғындар да білмей жатады.

Сапарды жоспарлау кезінде Booking-те қонақ үйлер туралы ақпарат жоқтығын білдік. Ал бұл туристер үшін басқа курортты таңдауға жақсы себеп, - дейді Әлия Еспаева.

Ол Сандықтау, Қорғалжын және қала маңындағы аудандарда да осындай проблемалар барын алға тартты.

Сандықтауда жабайы туризм көбірек дамыған. Дәл осы олқылықты жас кәсіпкер Владимир Ловягин толтыруды армандайды. Ол көкөніс, картоп өсіреді. Жұбайымен бірге туризм саласындағы жобаны сәтті қорғап, «Бастау бизнес» бойынша 1 миллион 225 мың теңге грантқа қол жеткізіп, екі киіз үй сатып алған. 

Туристік кешенге қонақ үй, моншалар, демалатын орындар кіреді. Үй-жайлар қыста жылытылады, сондай-ақ алдағы уақытта қарда жүретін көліктер – шаңғылар мен конькилер жалға берілетін болады. Бағдарламаға турлар, балық аулау да кіреді, - дейді Владимир Ловягин.

Ол «Бизнестің жол картасы» бойынша өтініш бергенімен,  екі рет мақұлданбаған. Орталық Азия Еуразия Қорының өкілдерімен кездесуден кейін кәсіпкер жобаға қатысуға бел буып отыр.

Нөл пайызбен қарыз алу банктен несие алудан гөрі жақсырақ. Бұл ақшаға демалушылар аяқ киім ауыстыратын бөлме салар едім. Шаңғы, басқа заттар алу қажет болады. Алдымен жазда киіз үйлер саламыз, кейін, ағаш үйлер салуды жоспарлап отырмын. Біздің жоба қажеттілік туғызатынына сенімім мол, - деп атап өтті кәсіпкер.

Кәсіпкер Бақытжан Сейітов өзінің бизнес-идеяларымен бөлісті. Ол жолаушылар тасымалымен айналысады және киелі орындар бойынша маршруттар ұйымдастырмақшы.

Былғарыдан және ағаштан қолөнер бұйымдарын жасаймын. Олардың көбі демалыс орталықтарының тапсырысы бойынша жасалады. Болашақта этноауыл құруды армандаймын. Жобада үш киіз үй, демалатын орын, ойын алаңдары, әткеншек, фотоаймақ, қымыз-саумал бар, - дейді кәсіпкер

Сандықтау аудандық әкімдігінің туризм жөніндегі бас маманы Оксана Грицик атап өткендей, жергілікті турбизнес пандемия кезінде тұралап қалды, көптеген кәсіпкерлерде тіпті өз ғимараттарын жөндеуге ақша жоқ. Сол себепті бұл жоба өте пайдалы.

Бізде негізінен жабайы туризм дамыған. Ауылдағы шағын бизнес өкілдеріне ауқымды жобаларды жүзеге асыру қиындық туғызады. Сол себепті, мүдделі инвесторлар қажет. Оларды тарту үшін бізде бос жерлер картасы әзірленді. Жергілікті билік көлге апарар жол салуға қаражат бөлді. Өткен жылы ауылды қолдау бағдарламасы бойынша ауданның барлық көшелеріне асфальт төселіп, жарықтандыру жүргізілді. Яғни, инвестиция салуға негіз бар, – деді Оксана Грицик.

Зеренді ауданының кәсіпкерлік және туризм бөлімінің жетекшісі Күлия Бексұлтанованың айтуынша, турбизнесті мемлекеттік қолдау құралдары өте көп. Бірақ кәсіпкерлер енжарлық танытады.

Жақсы бағдарламалар бар. Айталық, «Бизнестің жол картасы» бойынша субсидия алуға болады. Егер нысан салынатын болса, шығынның 10 пайызын мемлекет өтейді. Санитарлық-гигиеналық тораптардың құрылысына да субсидиялар қарастырылған. Инфрақұрылым дамуда, барлық демалыс аймағына жарықтандыру жүргізілді, жол салынды, - деп атап өтті бөлім жетекшісі

Оның айтуынша, ең алдымен туристерді қызықтыра білу керек. 

Демалыс орындарында кәдесый сататын дүкен жоқ. Қыста демалыс базаларының көбі жабық тұрады. Жақын ауылдарда жылқылар ұстап, қымыз өндірісін жолға қойып,  жол бойындағы қызметті дамытуға болады, – дейді Күлия Бексұлтанова.

Өзгелердің жаңалығы