Ақмола облысында балалар жылына 16,6 млрд теңге бөлінді

16 Шілде 2022, 12:05
1798
Бөлісу:
Ақмола облысында балалар жылына 16,6 млрд теңге бөлінді

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Балалар жылы аясында өңірде өткен 1608 іс-шараға 485 мыңнан астам бала тартылды. 

Облыстық бюдеттен бөлінген 16,6 млрд теңге қаражат білім беру нысандарын салуға, қосымша білім беруге, балаларды спорт пен шығармашылыққа тартуға, әлеуметтік бейімдеу қызметтерін ұйымдастыруға, аутизмі бар және дамуы тежелген балаларды қолдауға, демалыс уақытында мектеп оқушыларының қала сыртындағы демалысын ұйымдастыруға бағытталып отыр. 

Өңір басшысының қатысуымен төрт облыстық іс-шара өткізіліп, оған 2100-ге жуық бала қатысты. Барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен осындай 180-нен астам іс-шара өтті. Облыс бойынша 25 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Биыл 6 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Ол –Целиноград, Аршалы аудандарындары мен Қосшы қаласындағы мектептер, Көкшетаудағв оқу-тәрбие кешені, Ақкөл қаласындағы №4 орта мектепке қосымша ғимарат. Облыстық бюджет қаражатынан және «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде 60-тан астам білім беру ұйымдарында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов. 

2022 жылғы қаңтардан бастап Көкшетауда балаларға кешенді оңалту көмегін көрсететін «Қамқорлық» орталығы жұмысын бастады. Орталық жыл сайын 650-ге жуық балаға медициналық, психологиялық және әлеуметтік оңалту қызмет көрсетеді. Биыл Степногорскіде 3 айдан 3 жасқа дейінгі балаларға кешенді оңалту көмегін көрсететін орталық ашылды. 

Жыл басынан бері 5 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымы пайдалануға берілді. Зеренді ауданындағы «Сұңқар» сауықтыру кешені балалардың демалысы мен сауықтыру бағдарламалары бойынша жұмысын жалғастыруда. Орталықта шамамен 1400 мың бала 7 ауысыммен демалады деп жоспарлануда. 1 маусым күні мұнда 212 оқушы – республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстардың қатысушылары алғыс хаттар және5 млн 430 мың теңгенің ақшалай сертификаттарымен марапатталды. Өңір басшысы әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың балаларына жазғы демалысқа 1 мың жолдама табыс етті, – деп нақтылады басқарма басшысы. 

Оның мәліметінше, Балаларды қорғау күніне арналған шараға 75 мың бала қамтылды. Онда аз қамтылған, әлеуметтік осал отбасылардың балаларына 3 млн теңгенің сыйлықтары берілді. 

Ақмола облысында 3 151 мүгедек бала тұрады. Мүмкіндігі шектеулі 388 бала арнаулы әлеуметтік қызмет алады. Биыл Бурабай, Целиноград аудандарында және Қосшы қаласында әлеуметтік оңалту орталықтары ашылды. Онда 65 мүгедек балаға қызмет көрсетілді. Балалар жылы аясында облыста 6 инклюзияны қолдау кабинетін ашу жоспарлануда. Жақсы ауданының Жаңа Қима орта мектеп базасында арнайы кабинет жұмысын бастады. Облыс бойынша 15 кабинет ашылған. 2025 жылға дейін инклюзивті білім беру желісін кеңейту жоспарына сәйкес 103 кабинет ашу жоспарланып отыр, - деп түсіндірді Бейбіт Жүсіпов. 

Ол атап өткендей, есту қабілеті бұзылған балалардың жағдайын жақсарту мақсатында Көкшетау қаласының №4 облыстық арнайы мектеп-интернатына жапсарлас құрылыс салынуда. Көкшетау қаласының №1 облыстық арнайы мектеп-интернатында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін қосымша ғимарат құрылысын салу жоспарланған. 

Балаларды қосымша біліммен қамту мақсатында облыста жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге мемлекеттік тапсырысты іске асыру басталды. Бұл бастама 12 мыңға жуық баланы шығармашылық үйірмелер мен секция түрлерімен қосымша қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда қосымша білім берумен 94 мыңға жуық бала қамтылған.. Лизинг шартымен облыс мектептеріне оқушыларды тасымалдаумен қамтамасыз ету мақсатында биыл 366 млн теңгеге 65 жайлы автобус сатып алынады. Осылайша 207 елді мекеннен 5,5 мыңнан астам баланы тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік қамтамасыз етіледі, - деп толықтырды басқарма басшысы. 

Оның айтуына қарағанда, білім беру жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі балалар үшін қолайлы және қауіпсіз ортаны ұйымдастыру. Білім беру нысандарын оқытуға қолайлы ету және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жалпы сомасы 1323,1 млн теңгеге білім беру нысандарын турникеттер, бейнебақылау камералары, физика, химия, биология кабинеттері, STEAM-зертхана, оқушы жиһазы, спорттық құралдармен нығайту көзделген. 

Аз қамтылған отбасылардан шыққан 15 мыңнан астам мектеп оқушыларын әлеуметтік қолдау үшін тегін мектеп формасымен қамтамасыз етуге 692 млн теңге бөлінді. 1-сынып оқушылары және тұрмысы төмен 15 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылды. Облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында аутизмі бар балаларды әлеуметтік бейімдеу үшін облыстық бюджеттен 35,5 млн теңге, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға 4,5 млн теңге, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдауға 3,9 млн теңге бөлінді, - деп атап өтті Бейбіт Жүсіпов.

Өзгелердің жаңалығы