Ақмола облысында алдағы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жүргізіліп жатыр

26 Қаңтар 2023, 19:56
982
Бөлісу:
Ақмола облысында алдағы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жүргізіліп жатыр

Облыста алдағы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық белсенді түрде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 2022 жылдың жазғы-күзгі кезеңінде елді мекендерді инженерлік қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес облыс аумағында 65 елді мекенде (15 ауданда және 3 қалада) су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілді. 5 км-ден астам өзен арналарын тазарту, 24 км су бұру арналарын жайластыру және тазарту, 6 км үйінділер мен бөгеттерді нығайту және салу, 34 бірлік су өткізу құрылыстарын жайластыру, Жабай өзенінің 0,1 км арнасын түзету бойынша жұмыстар атқарылды.

Инженерлік қорғау жоспарларының іс-шараларын жыл сайын орындау су тасқыны көріністерінің су басу қаупін 128 елді мекеннен 113-ке (88%) азайтуға мүмкіндік берді.

Өткен жылмен салыстырғанда 2023 жылға арналған резерв облыстық бюджетте 15,5% - ға, облыстың қалалары мен аудандарының бюджеттерінде елді мекендерден қар шығаруға 28%-ға, облыстың 9 ауданында жарылыс жұмыстарын жүргізуге өткен жылмен салыстырғанда 20% - ға артық жоспарланған.

Ағымдағы жылы тұрғын үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен елді мекендерден 90,3 мың м3 қар шығарылды. Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін 154 тонна жанар-жағармай, 15,6 мың тонна инертті материалдар, 63,2 мың қапшықтар көлемінде қорлар дайындалды. Өзендердің қауіпті учаскелеріндегі судың жай-күйі мен деңгейіне мониторинг жүргізу үшін 92 қосымша бақылау бекетінің тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыру жоспарлануда. Азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің көктемгі кезеңдегі ТЖ-ға дайындығын тексеру үшін ағымдағы жылдың ақпан айында «Көктем-2023» РКШО шеңберінде күштер мен құралдардың дайындығына тексеру жүргізілетін болады.

Айта кетейік, 2020 жылдың қазан айында Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен Целиноград ауданының Р.Қошқарбаев ауданында Нұра өзені бойынша жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізу іс-шаралары бойынша жергілікті бюджет есебінен оң қорытындымен жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. 2022 жылғы қыркүйекте облыс әкімдігі ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бюджеттік өтінімді қайта берді (бұрын 2021 жылғы қаңтарда, 2022 жылғы ақпанда берілген, ҚР Қаржы министрлігі қолдамаған). Бүгінгі таңда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің мәліметтері бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 269 млн.теңге бөлу жоспарлануда.

«Табиғатты қорғау іс-шаралары» бағдарламасына сәйкес, Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы 2021-2026 жылдар аралығында Көкшетау қаласының шекарасында Қылшақты өзенін кезең-кезеңімен салуды, абаттандыруды және тазалауды жоспарлады. 2023 жылы Қылшақты өзенінің арнасын тазарту және Ғабдуллин көшесінен Сүлейменов көшесіне дейінгі жағалауды абаттандыру бойынша учаскенің жобасын іске асыру жоспарланған, оған жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Алдағы уақытта 2023-2026 жылдар аралығында қалған учаскелер бойынша (Сүлейменов көшесінен Абай көшесіне дейін, Абай көшесінен Әшімов көшесіне дейін, Әшімов көшесінен автомобиль көпіріне дейін) жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу және өзен арнасын тазарту бойынша инженерлік жұмыстарды жүргізу жоспарланған.

Сонымен қатар, Атбасар қаласында 2021 жылдың тамыз айынан бастап үйлері Жабай өзенінің су тасқыны қаупі бар жағалау аймағында орналасқан қала тұрғындарын көшіру үшін жүз пәтерлі екі үй құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта мердігер ұйым үйлердің шатырын орнату, қабырғалардың ішкі безендірілуі және т. б. жұмыстарды жүргізуде. Құрылыстың уақтылы тапсырылмауына құрылыс материалдарының қымбаттауы мен мердігер ұйымның шарттық міндеттемелерін орындамауы себеп болды. Осыған байланысты, Атбасар ауданының әкімдігі мердігер ұйымға қатысты Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына үйлердің құрылысын аяқтауға мәжбүрлеу, өсімпұл өндіріп алу және Мемлекеттік сатып алуды жосықсыз жеткізуші деп тану туралы талап арыз жолдады.

Жыл сайын көктемде Колутон өзенінде қардың қарқынды еруі және су деңгейінің жоғарылауы салдарынан Ягодное ауылынан жергілікті маңызы бар автожол арқылы су тасқыны пайда болады, мұнда Жаңа Колутон ауылы арқылы қосымша жол бар. Айта кету керек, Ягодное ауылының географиялық орналасуына байланысты кез-келген инженерлік іс-шаралар, атап айтқанда көпір салу немесе су өткізгіш құрылыстарды орналастыра отырып, жол төсемінің деңгейін арттыру экономикалық тұрғыдан мүмкін емес. Жыл сайын су тасқыны басталғанға дейін Колутон өзені арнасының 2 учаскесінде мұзды қопсыту және ұсақтау бойынша жарылыс жұмыстары жүргізіледі, ауыр науқастар, жүкті әйелдерді эвакуациялау, алғашқы қажеттіліктегі тауарлар, азық-түлік, дәрі-дәрмек және т.б. тасымалдау жұмыстары жүргізіледі.

Жалпы, су тасқынына дайындық бойынша жоспарланған жұмыстар жалғасуда. Тасқын суларды апатсыз өткізу бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы