Ақмола облысында 1,6 мың тонна азық-түлік қоры жасалды

6 Қараша 2022, 10:31
1230
Бөлісу:
Ақмола облысында 1,6 мың тонна азық-түлік қоры жасалды

Ақмолалықтарды азық-түлік бағасының қымбаттауы алаңдатып отыр. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Айдрахманов бағаны тұрақтандыру шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыста өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, сыртқы сауданы реттеуге және монополияға қарсы ден қоюға бағытталған инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда.

«Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің 12-сі өндіріледі. Олардың ішінде бірінші сортты нан мен ұн, сиыр, тауық еті, сүт және ашытылған сүт өнімдері, жұмыртқа, күнбағыс майы, сәбіз және картоп бар. Қалған тауарларға еліміздің басқа өңірлерінен және таяу шет елдерден жеткізіледі. Мемлекеттік бағдарламалар жергілікті азық-түлік өндірісін арттыруға көмектеседі. Мәселен, биылғы жылдың 8 айында облыста 113,2 млрд теңгенің азық-түлік өнімдері өндірілді. Ет, ұн, жартылай фабрикаттар және басқа да тауарлар өндірісі артты. Қазіргі уақытта азық-түлік саудасының барлық нысандары штаттық режимде жұмыс істейді. Негізгі өнімдер, оның ішінде қант қоры үнемі толықтырылып отырады, – деп атап өтті Жасұлан Оралұлы.

Ол атап өткендей, күзгі жиын-терін науқанына байланысты көкөністердің, сондай-ақ қант пен тұздың бағасы төмендеді. Сонымен қатар күріш, макарон, сиыр еті, айран, тауық еті, сары май мен күнбағыс майының құны өсті.

Жалпы, облыста 1,6 мың тонна азық-түлік қоры жасалды. Тұрақтандыру қорына 1 557 тонна тауар, соның ішінде 982 тонна қант сатып алынды. Айналым схемасы бойынша негізгі азық-түліктің 9 түрі бойынша 1,4 млрд теңгеге зайым берілді, жаңа шарттар жасасу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Шағын дүкендерде азық-түліктің қымбаттауына қатысты тұрғындардың шағымдарын жиі естиміз. Бас прокуратураның тапсырмасына сәйкес әкімдік, бәсекелестікті қорғау департаменті мен кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу тізбегін зерделеу үшін шағын дүкендерге мониторинг жүргізуде. Тексеріс нәтижелері облыс прокуратурасына ұсынылады. Тексеру барысында 27 кәсіпкерде сауда үстемелерінің асып кетуі, үш базар әкімшісінде сауда қызметі саласындағы заңнама нормаларының бұзылуы анықталды. Барлық фактілер бойынша ескерту туралы қаулы шығарылды, - деп түсіндірді Жасұлан Айдрахманов.

«Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Саят Сыздықов «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудағы рөлі туралы айтып берді.

«Биыл өңірлік тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 10 түрі сатып алынды: қант, қарақұмық жармасы, күріш, тұз, өсімдік майы, пияз, картоп, сәбіз, қырыққабат, макарон өнімдері. Өңірлік тұрақтандыру қорының өнімдерін облыс орталығының 22 дүкенінен сатып алуға болады. «KoksheMarket», «Inmart», «Шанхай-1», «Шыңғыс», «Ақжол», «Әлихан», «Буренка», «Бірлік», «Жасмин», «Әлішер», Красный яр ауылындағы «Адал», «Темірлан», сондай-ақ тауарларды 9 ауданда және бір қалада 19 кәсіпкерлік субъектісі сатады», - дейді Саят Сыздықов.

Өзгелердің жаңалығы