Ақмола облысында 15 мектеп салынып жатыр

14 Шілде 2022, 13:03
1638
Бөлісу:
Ақмола облысында 15 мектеп салынып жатыр

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде «Білімді ұлт» жобасы аясында үш ауысымды және апатты жағдайдағы білім мекемелерінің мәселесін шешу үшін 6,7 мың оқушыға арналған 15 мектеп салынуда.

Облыс бойынша жеті білім ордасы үш ауысымда оқытады.

Аталған мәселені шешу үшін кешенді жұмыс жүргізілуде. 2021 жылы үш білім ордасында қосымша ғимарат салу арқылы үш ауысым мәселесі шешілді. Алайда өткен оқу жылының басында оқушылар санының артуына байланысты өңірдегі үш мектеп үш ауысымды оқытуға көшті. Бұл Көкшетау қаласының №17 мектеп-гимназиясы, Қосшы қаласының №1 және Целиноград ауданының Қаражар ауылындағы мектеп-гимназия, – деп нақтылады облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсем Бейсембаева.

Биыл облыстық бюджет қаражаты есебінен 6752 орынға арналған он бес мектептің құрылысы жалғасуда. 

Атап айтқанда, Өтеміс, Жаңа жол, Шұбар, Жібек жолы, Жалтыркөл, Біржан сал, Петровка ауылдарында жаңа білім ордалары бой көтеруде. Көкшетауда 392 орындық оқу тәрбие кешені, Бестөбе кентінде, сондай-ақ Қосшы, Көкшетау және Ақкөлде қосымша ғимараттар салынуда, -деп нақтылады басқарманың баспасөз хатшысы.

Бұл мектептер негізінен, халық тығыз қоныстанғандықтан оқушылар санының үнемі өсуі байқалатын елорда маңындағы аймақта салынуда.

Мысалы, жергілікті білім бөлімінің ақпараты бойынша Целиноград ауданында үш ауысымды орта білім беретін оқу орындарының саны бір мектепке қысқарды. 

Қазіргі уақытта Шұбар ауылындағы негізгі орта мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Сондықтан елді мекенде 300 орындық ғимарат салынуда, –дейді аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі Майра Байболатова.

Ол Қажымұқан ауылында 2020 жылдың 1 қарашасында 300 орындық орта білім беретін мектепті іске қосылғанын, осылайша үш ауысым мәселесі шешілгенін еске салды. Бір айдан кейін Қарамеңді батыр ауылында да дәл осындай ғимарат пайдалануға берілді. Өткен жылдың ақпан айында Қоянды ауылындағы 1200 орындық үлкен мектеп есігін айқара ашты.

Сондай-ақ, облыстық білім басқармасы апатты жағдайдағы мектептер санын қысқарту үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы мәлімдеді.

2021 жылы облыстық бюджет қаражатынан Біржан сал ауданының Бұланды ауылында 80 орындық мектептің құрылысы басталды, оны 2023 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Жарқайың ауданындағы апатты жағдайдағы Фурманов мектебінің мәселесін шешу үшін биыл 80 орындық ғимарат құрылысы жоспарланып оты», – деп хабарлады Әсем Бейсембаева.

Осылайша, облыста 2024 жыл соңына дейін үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толық шешіледі деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы