Ақкөлде Сағадат Нұрмағамбетовке арналған ескерткіш ашылды

25 Мамыр 2024, 11:41
709
Бөлісу:
Ақкөлде Сағадат Нұрмағамбетовке арналған ескерткіш ашылды
Фото: автордан

Биыл халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толды. Осыған орай Ақмола облысы, Ақкөл ауданында батырдың құрметіне ескерткіш ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтулы шараға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және батырдың ұрпақтары қатысты.

Ақкөлде Сағадат Нұрмағамбетовке арналған ескерткіш ашылды

Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов орнатылған ескерткіш-мүсіннің шымылдығын түсірді.

Осыдан кейін Сенат төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқыды.

Баршаңызды халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуымен және осы мерекеге орай әйгілі қолбасшының туған жерінде еңселі ескерткішінің ашылуымен құттықтаймын. Сағадат Нұрмағамбетов - ұлт шежіресінде өшпес із қалдырған тұғырлы тұлға. Ол адамзат тарихындағы ең алапат соғыста ерен ерлік жасап, небәрі 20 жасында Кеңес Одағының батыры атанды. Қазақстанның алғашқы армия генералы бүкіл саналы ғұмырын әскери қызмет саласына арнады. Мемлекетіміздің тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде айбынды армиямызды құруға және оны нығайтуға зор үлес қосты, – деді Президент.

Сағадат Нұрмағамбетов - қазақ генералының нағыз үлгісі.

Сағадат Нұрмағамбетовтің “Бейбіт күнді қырағы күзетіңдер” деген сөзі бар. Бұл тек сарбаздарға емес, әр отандасымызға жүктелген аманат. Оны орындау бәріміздің перзенттік парызымыз. Сәулет туындысы тұрған тағзым алаңы ұрпаққа тағылым беретін қастерлі орынға айналады деп сенемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев халық қаһарманы отан қорғаудың озық үлгісін көрсеткенін айтты.

Ақкөлде Сағадат Нұрмағамбетовке арналған ескерткіш ашылды

Өзінің қайсарлығымен, өжеттілігімен және табандылығымен қазақтың нағыз батыр халық екенін дәлелдеген қолбасшы. Небәрі 20 жасында батыр атануы соның жарқын көрінісі екені анық. 1945 жылдың сәуір айында Сағадат Нұрмағамбетов батылдығы үшін екінші рет батыр атағына ұсынылғаны белгілі. Бұл ағамыздың қаншалықты ерлік көрсеткенін айқындайтын нақты нышан екені сөзсіз. Сағадат Қожахметұлы соғыстан кейін де антына адал болып, әскери салада еңселі еңбек етті. Қандай лауазымда болса да, туған елі мен халқының мүддесін бәрінен биік қойды, – деді Сенат төрағасы.

Оның айтуынша, Сағадат Нұрмағамбетовтің өмірі - ерліктің символы.

Ол адамгершілік қасиетімен, парасаттылығымен, отансүйгіштігімен ерекшеленіп тұрды. Ғұмыр жолын қағазға түсіріп, соңында үлкен құнды мұра қалдырды, – деді Әшімбаев.

Сағадат Нұрмағанбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, бұрыңғы Еңбек ауылында дүниеге келген. Ол - әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, “Халық қаһарманы”, Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы.

Ақкөлде Сағадат Нұрмағамбетовке арналған ескерткіш ашылды
Өзгелердің жаңалығы