Ақкөл көлі 2,5 тонна хлорелламен тазартылды

22 Шілде 2022, 13:41
2685
Бөлісу:
Ақкөл көлі 2,5 тонна хлорелламен тазартылды
PHOTO

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірдегі Ақкөл көліне тазарту жұмыстары жүргізілді. 

Су қоймасына оның сапасын жақсартуға қабілетті 2,5 тонна хлорелла – микробалдырлар жіберілді. Аймақтық балық шаруашылығы қауымдастығының директоры Ерлан Мұқанов өңірдегі балық саласының болашағы мен проблемалары туралы айтып берді.

Көлде Chlorella vulgaris штаммын қолданбас бұрын мамандар оны зертханалық жағдайда және шағын су қоймаларында сынап көрді.

Хлорелла – бұл микробалдырлар, фитопланктон. Суспензияны суға қосу шабақтардың өмір сүруіне айтарлықтай әсер етеді. Көлді қамыс басқаны өз алдына, гидрохимиялық талдау жасаған кезде аммиак, нитраттар шамадан тыс екені анықталды. Кеңес заманында сарқынды сулар құйылғаны белгілі болды.  Сондықтан балықты одан әрі өсіру үшін көлді тазарту қажет болды. Аймақтың су айдындары мелиорацияны қажет етеді.  Үкімет балық саласын дамыту бағдарламасын қабылдады. Біз хлорелланы қолданғаннан кейін суға талдау жасаймыз. Алда тағы бес көлді тазартуды жоспарлап отырмыз, – деп түсіндірді аймақтық балық шаруашылығы қауымдастығының директоры Ерлан Мұқанов.

Оның пікірінше, хлорелла суспензиясының көмегімен суды биологиялық оңалту технологиясы жаңа және салыстырмалы түрде арзан әдіс болып табылады. Оның экологияға жанама әсері жоқ.

Ақмола облысында 500-ден астам су қоймасы бар. Олардың басым бөлігі балық өсіруге жарамсыз. Ал хлорелла судың мөлдірлігін арттырады. Бұл әдіс М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қабырғасында әзірленді. Осы технология бойынша жобаға мемлекеттен грант бөлінді.

Хлорелла суспензиясы суға шашыратылады. Айналаға түгел жету үшін желдің бағытымен бүрку керек. Кей жерлерді қамыс басқандықтан, көлге жақындау қиын. Хлорелла суға түскесін өздігінен жайылады. Бір айдан кейін біз қайта талдау жасаймыз, нәтиже сонда белгілі болады, – дейді Ерлан Мұқанов.

«Ғылыми-технологиялық су орталығы» ЖШС директоры Николай Васильевтің айтуынша, елімізде 150-ден астам су қоймасы тазартылды. 

Ақкөл көлі 2,5 тонна хлорелламен тазартылды

Бұл әдіс елдің әр аймағында таралған. Су тазарып, көл түбіндегі тастардың таты да жойылады. Алматының ботаникалық бағында осы әдістің арқасында тоғанның гүлденуі тоқтап, жағымсыз иіс те жойылған. Хлорелла зиянды көк-жасыл балдырлармен күреседі, судың құрамын жақсартады, оттегімен байытады, – дейді ол.

Бастапқы уақытта ол 2,5 тонна хлорелла сатып алған. 

Лас болғандықтан, бұл су қоймасында жергілікті тұрғындар 2007 жылдан бері шомылмайды.  Су қоймасы елордаға жақын орналасқандықтан, туристік нысан, тауарлы балық шаруашылығы ретінде дамытуға болады, – деп түсіндірді қауымдастық басшысы.

Ол Көкшетаудағы Қопа көлін тазартуға қатысты пікірін ортаға салды.

Қала әкімімен алдын ала келіссөздер жүргізілді. Бұл тақырыпты тағы да көтереміз деп ойлаймын. Бірақ оны тазқартуға жалғыз хлорелла жеткіліксіз, қосымша әдістер қажет болады, – деп жауап берді Ерлан Мұқанов.

Ол болашақта балық өндірісін дамытуды жоспарлап отыр. Балықты сақтау, ыстауға қажет жабдықтарды да сатып алған. 

Балық шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру үшін мемлекет қолдауының маңызы зор. Субсидиялау мәселені нақты шешпейді. Агроөнеркәсіп кешенінде, ауыл шаруашылығында сияқты бұл салаға жеңілдікті кредиттеуді енгізу қажет. Көктемде балық жіберу басталады, ал күзде пайдаланушы төлем жасай алар еді. Көршілес Өзбекстанда балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Біздегідей су қоймалары болмаса да жылына шамамен 300 мың тонна балық өндіреді. Біз жылына 20 мың тоннаға дейін жеткізгіміз келеді. Балық өсірушілерге міндетті түрде тоңазытқыштар қажет. Сол сияқты елімізде балық өңдеу зауыты салынуы тиіс, – деп бөлісті Ерлан Мұқанов.

Елімізде балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Аквамәдениет туралы» заң жобасының тұжырымдамасын әзірледі. Заң жобасы жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге арналған.

Оң өзгерістердің бірі - аукциондық әдіске көшу. Енді кез-келген пайдаланушы заңды немесе жеке тұлға ретінде аукционға қатысу арқылы су қоймасына өтініш бере алады. Сонымен қатар, тауарлық балық өндірісіне баса назар аударылып отыр. Аукциондарда су қоймасы үшін қазір 10-20 компания бәсекелесуде, – деп түсіндірді Ерлан Мұқанов.

Сарапшылардың пікірінше, елде шамамен 270 мың тонна тауарлы балық өсірілуі мүмкін. Ал бұл, өз кезегінде, салық түсімін көбейтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына зор мүмкіндік.

Экология министрлігінің мәліметінше, соңғы төрт жылда елімізде тек 37 мың тонна балық – тұқы, форель, бекіре және басқалары өсірілді.

Елімізде асыл тұқымды және селекциялық-генетикалық орталықтар құру жоспарланып отыр. Олардың негізгі мақсаты – балық ресурсын көбейту, жергілікті климатқа бейімделген жаңа түрлерін жасанды жолмен өсіру. 

Аквамәдениетті дамытудың әлеуеті өте зор. Қазір мемлекет балық өсіру материалына 50 пайыз субсидиялауды енгізді. Яғни, біз Ресейден сатып аламыз, содан кейін мемлекет бізге бюджеттен өтемақы төлейді, – деп түсіндірді Ерлан Мұқанов.

Ол атап өткендей, балық өсіру саласында шешімін күткен проблемалар бар. 

Хлорелланы іске қосу мәселені түбегейлі шеше алмайды. Көл түбіндегі шөгінділер қуатты топырақ сорғымен сорылуы тиіс. Бұл жұмыстың өзі де, жабдық та қымбат. Қазір пайдаланушылар шағын қондырғылар сатып алады, құны 15-18 миллион теңге. Жалпы, біз облыстық табиғатты пайдалану басқармасына кем дегенде бір қондырғы алу мәселесін қойдық. Содан кейін оны пайдаланушыларға жалға беруге болады. Ал өз күшімізбен сатып алу қиын. Сондай-ақ, қыста қар аз түседі, қалған маусымда да жауын-шашын аз болады. Су тапшылығынан көлдер тартылады. Сондықтан бөгеттерді нығайту үшін қар ұстау қажет, – деп түйіндеді балық өсіруші.

Өзгелердің жаңалығы