Алматы әкімдігінің өкілдері марқұм Әсел Бекмұхаметованың отбасымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы жазда өрттен зардап шеккен «Ақкент» тұрғын үй кешенінің №54 үйдегі тұрғындардың баспанасын аралау кезінде Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков өрт кезінде қаза тапқан қыздың ата-анасымен сөйлесті. Әселдің әкесі оның үлкен қызы Айжанның банктее алған 3 млн теңге көлемінде тұтынушылық несиесі бар екенін хабарлады. Естеріңізге сала кетейік, Айжан да балконнан секіріп, көп жарақат алған. Қазіргі уақытта ол еңбекке жарамсыз. Құрылыс салушы «Ayt Нousing Complex» ЖШС отбасына қаржылай қолдау көрсетуге, сонымен қатар, қызын емдеуге 1 млн теңге бөлуге уәде берді.
Бұған дейін Әселдің отбасына материалдық көмек көрсетіп, құрылыс салушы «Ақкент» ТҮК-нен ауданы 77 ш.м. үш бөлмелі пәтер берген. Сонымен қатар, Ayt Housing Complex компаниясы марқұм қыздың ата-анасының жалпы сомасы 2 млн 243 мың теңге несиесін өтеген. Несиені өтеу қажеттілігі тұрғын үйді рәсімдеуге байланысты еді. Әрі аудандық әкімдіктің қолдаухатымен қазақстандық банктердің бірінде Әселдің 1 млн 470 мың теңге мөлшерінде қарызы кешірілді.
Әселдің ақтық сапарына аудан әкімдігі 700 мың теңге көлемінде қаржы бөлді, «Ayt Нousing Complex» ЖШС қатымына 1 млн теңге сомасында қаржылай көмек көрсетті.
Қызыл жалын кезінде «Ақкенттің» тағы бір тұрғыны Құрақбаева Зульфияның қызы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 2 курс студенті зардап шекті. Қазір ол да еңбекке жарамсыз.
Кездесу барысында аудан әкімінен Зульфия қызының оқуына жыл сайын 800 мың теңге төлеуге қол ұшын созуды сұрады. Азамат Қалдыбеков барлық қажетті көмекті көрсетуге уәде беріп, қыздың анасының алғысына бөленді.
Айта кетейік, «Ақкент» шағын ауданында 2023 жылдың тамызында өрт шыққан еді. 300-ден астам тұрғын эвакуацияланды. Жөндеу жұмыстары екі айға созылып, мерзімінде аяқталды. 96 пәтерлі үйді қалпына келтіруге Алматы әкімдігінің қаражатынан 168 млн 400 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Оның 68 млн 400 мың теңгесі тұрғындарды қоныстандыруға және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде жалдамалы пәтерлерді жалға алуға, ал 100 млн теңге «Болашақ S құрылыс» ЖШС мердігерлік ұйымы жасаған пәтерлерді косметикалық жөндеуге жұмсалды.
Жөндеу жұмысы барысында 6 пәтердегі екі қабатты терезесі мен 18 пәтердің есігі ауыстырылды. Эвакуациялау кезінде сынған 4 пәтердің лоджиясындағы әйнектері орнатылды. Әрі өрт кезінде қираған 80 пәтердің кіреберіс есігі жөнделді. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ғимараттың эвакуациялық жолдары тексерілді.
30 қыркүйек таман № 54 үйдің тұрғындары жөндеуден кейінгі пәтерлеріне оралды. Әкімдік өкілдері атқарылған жұмыстардың сапасына көз жеткізу үшін тұрғындармен жеке-жеке кездесті.
Жөндеу жұмыстары жақсы жасалған, үйіміз жылы, таза. Жақында жылу берілді. Жөндеуге атсалысқандардың барлығына алғыс айтамын, - деді «Ақкент» ТҮК 2-қабаттың тұрғыны Бәтима Көжекбаева. Пәтеріндегі электр кабелі толығымен ауыстырылып, қабырғаға бұрынғы тұсқағаздарға ұқсасы жабыстырылды.
«Барлық пәтерде жағымсыз иіс болды. Мұнда озонмен тазарту технологиясы қолданылды. Бұл үйдегі өрттің иісін кетіруге арналған ауаны белгілі бір деңгейде тазарту. Қазір күйіктің иісі кетті, тұрғындар үйлеріне кірді, барлығы дәні риза», - деді «Болашақ S құрылыс» ЖШС жобасының басқарушысы Сергей Ковалёв.
Жалпы үй алаңдарының жай-күйі үшін жауапкершілікті құрылыс салушы мойнына алды. Үйді қалпына келтіру үшін Ayt Housing Complex компаниясы 300 млн теңге бөлді.
Жалпы алаңдарға жөндеу жүргізілді: кабельдер, шахталар, электр паннолар қалпына келтіріліп, лифт реттелді, өрт дабылы орнатылды. Әкімдік пәтер ішіндегі жөндеу жұмыстарын жүргізді, ал біз сырттағы жұмысты қолға алдық, - деді «Ақкент» шағын ауданында үйлерді салған құрылыс салушы Ayt Housing Complex құрылыс компаниясының бас директоры Қанат Ералиев.
ТЖД мәліметінше, Ақкент шағын ауданындағы барлық 58 үйдегі өрт қауіпсіздігі тексеріліп, 896 заң бұзушылық тіркелді. Жауапты мекеме «AYT Facility Management» ЖШС 20 қарашаға дейін оны жою туралы нұсқама алды. Қазіргі кезде тиісті жұмыстар қолға алынған.