«Ақбөкен» операциясы: 109 заңсыз аң аулау дерегі анықталды

13 Желтоқсан 2021, 12:18
5111
Бөлісу:
«Ақбөкен» операциясы: 109 заңсыз аң аулау дерегі анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз хабарлады. Оның айтуынша, 1 желтоқсаннан бастап ел аумағында республикалық «Ақбөкен» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.  

Оның негізгі мақсаты – табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтарды және биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау, экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашу. Киіктерді браконьерлік жолмен аулап, олардың өнімдерін және жануарлардың басқа да түрлерін өткізумен, сатып алумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметінің жолын кесуге ерекше назар аударылады, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі.

Сонымен қатар Полиция және экология министрлігінің аумақтық бөлімшелері мен табиғатты қорғау органдарының қызметкерлерінен 203 жедел топ құрылған.

Операция барысында аңшылық шаруашылықтары, ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелердің аумақтары, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тексеріледі. Операцияның 10 күнінде 124 экологиялық заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде 109-ы – заңсыз аң аулау, 21-і – мүйіздерді заңсыз сатып алу немесе өткізу, киіктердің өнімдерін тасымалдау, 7-і – аңшылық қаруды алып жүру және тасымалдау ережелерін бұзу бойынша тіркелді, - деді Нұрділдә Ораз. 

Сонымен қатар 112 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 
Еске сала кетейік, бұған дейін ІІМ өкілі ел аумағында кісі өлтіру қылмысы 15%-ға азайғаны туралы айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы