ІІМ өкілі: Ел аумағында кісі өлтіру қылмысы 15%-ға азайды

13 Желтоқсан 2021, 12:13
1163
Бөлісу:
ІІМ өкілі: Ел аумағында кісі өлтіру қылмысы 15%-ға азайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз хабарлады. Оның айтуынша, елдегі қылмыстың төмендеуінің оң үрдістері байқалуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына еліміздегі криминогендік ахуал, өткен кезеңдегі ішкі істер органдары жұмысының нәтижелері жөнінде мәлімет берілді. Елдегі қылмыстың төмендеуінің оң үрдістері атап өтілді. Бұл ретте кісі өлтіру 15%-ға, тонау мен бұзақылық 20%-ға аз тіркелген, - деді ІІМ ресми өкілі.

Сондай-ақ қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздік деңгейі артқан. 

Сонымен қатар Ерлан Тұрғымбаев полиция жұмысының сервистік моделіне көшу, «жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету, учаскелік инспекторлар қызметін реформалау және құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы олардың өкілеттіктерін кеңейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Президенттің тапсырмаларын орындау, атап айтқанда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және балаларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қос азаматтық фактілерінің жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, - деп атап өтті Нұрділдә Ораз. 

Ведомство таратқан ақпаратқа сүйенсек,  Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының қызметіне оң баға беріп, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударған.  
Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде 7 күн ішінде 3200-ден астам қылмыс жасалғаны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы