Құрылтай алаңында өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова ақбөкен етін өңдеу және оны ішкі нарықта өткізу мәселесіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, былтыр Экология министрлігімен бірлесіп ақбөкен етін өңдеу жұмыстары басталған. Бұл бағытта ірі ет өңдеу кәсіпорындары жұмыс істеп жатыр.
Мәселен, Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Кублей» компаниясы былтыр ақбөкен етін өңдеп, өнімді ішкі нарықта сатуды бастаған. Алайда ішкі нарықтағы сұраныстың төмендеуіне байланысты кәсіпорын былтыр және биыл өңдеу көлемін біршама азайтқан.
Вице-министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта Ұлытау облысында да ақбөкен етін өңдейтін бір кәсіпорын бар.
Ақбөкен етін өңдеуге дайын кәсіпорындар бар. Алайда ішкі нарықта бұл өнімге сұраныс жоғары емес. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты кеңейту сұранысқа байланысты болады, – деді Назгүл Хатепова.
Сондай-ақ брифинг барысында вице-министрден ақбөкен етінің дәмін татып көрген-көрмегені сұралды. Ол әзірге жеп көрмегенін айтты.