Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясы әйел кәсіпкерлермен кездесті. Басқосуда бизнесті қаржыландырудың қолжетімділігі, мемлекеттік қолдау, экспорттық әлеуетті арттыру және кәсіпкер әйелдердің өзекті мәселелері талқыланды.
Жиында Қазақстандағы кәсіпкерлердің 48 пайызын әйелдер құрайтыны айтылды. Соған қарамастан, әсіресе ауылдық жерлердегі кәсіпкер әйелдерге арналған арнайы несие бағдарламаларының жоқтығы негізгі мәселелердің бірі ретінде көтерілді. Сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бір реттік бастамалармен шектелмей, тұрақты мемлекеттік саясатқа айналуы керектігі айтылды.
Бұл кездесу тек партияның бағдарламасын таныстыру үшін ұйымдастырылып отырған жоқ. Біз әйел кәсіпкерлердің нақты ұсыныстарын тыңдап, оларды заңнамалық деңгейде шешудің жолдарын қарастырғымыз келеді. Егер Парламентте жұмыс істеуге мүмкіндік алсақ, бүгін айтылған бастамаларды заң жобалары арқылы іске асыруға күш саламыз, – деді «Ақ жол» партиясының төрағасы Дәния Еспаева.
Кездесуде әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландырудың жаңа тетіктері де сөз болды. Атап айтқанда, Қырғызстан мен Грузияның гендерлік облигациялар шығару тәжірибесін Қазақстанда енгізу ұсынылды. Мұндай құралдар арқылы тартылған инвестицияны әйелдер бизнесін дамытуға бағыттауға мүмкіндік бар екені айтылды.
Сондай-ақ банк тәжірибесі әйел кәсіпкерлердің қаржылық жауапкершілігі жоғары екенін көрсететіні атап өтілді. Осыған байланысты оларға арналған арнайы несие өнімдерін әзірлеуге мүмкіндік бар екені айтылды.
Қатысушылардың пікірінше, мемлекеттік қолдау тек қаржыландырумен шектелмеуі тиіс. Әйел кәсіпкерлерге өнімін нарыққа шығару, экспортқа бейімдеу, маркетинг және бизнесті сүйемелдеу бағытында да жүйелі қолдау қажет.
Біздің мақсатымыз – әйелдердің кәсіпкерліктегі үлесін арттыру ғана емес, олардың бизнесінің сапалы дамуына жағдай жасау. Ол үшін қаржылай қолдаумен қатар оқыту, кеңес беру және өнімін ішкі әрі сыртқы нарыққа шығаруға көмектесу сияқты кешенді шаралар қажет, – деді Дәния Еспаева.