«Қазгидромет» бүгін, 25 шілдеге арналған ауа райы болжамына сәйкес, еліміздің 17 өңірінде дауылды ескерту жариялады.
Синоптиктердің мәліметінше, Атырау облысында ауа температурасы 40-43 градусқа, Қостанай облысының оңтүстігінде 41 градусқа, Маңғыстау облысында 38-42 градусқа, Ұлытау облысында 35-39 градусқа дейін көтеріледі. Сондай-ақ Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында да аптап ыстық сақталады.
Бірқатар өңірде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, бұршақ түсіп, желдің екпіні секундына 15-23 метрге дейін күшейеді. Мұндай ауа райы Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында күтіледі.
Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында шаңды дауыл болжанса, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін.
Сонымен қатар еліміздің көптеген өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Бұл ескерту Ұлытау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Абай, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай және басқа да облыстарға қатысты.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының қолайсыз жағдайларын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.