Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Аптап ыстық пен найзағай: 17 облыста дауылды ескерту жарияланды

9 Маусым 2025, 23:54
641
Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

"Қазгидромет" РМК ертең, 10 маусымда Қазақстанның 17 облысында қатты ыстық, найзағай, бұршақ, шаңды дауыл және өрт қаупіне байланысты дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атырау облысының батысында, шығысында және оңтүстігінде найзағай күтіледі. Күндіз 35-36°C қатты ыстық болады. Облыстың солтүстік-батысы, орталығы және шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Атырау қаласында түнде найзағай күтіліп, күндіз аптап ыстық болады.

Батыс Қазақстан облысында да 35-37°C дейін ыстық болады. Солтүстігінде жоғары, оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Маңғыстау облысында найзағай болжанып отыр. Облыстың әр бөлігінде өрт қаупі жоғары немесе төтенше деңгейде.

Жамбыл облысында найзағаймен қатар, кей жерлерде екпіні 25 м/с-қа дейін жететін жел соғады. Облыс аумағында төтенше өрт қаупі сақталады. Таразда да найзағай мен күшті жел күтіледі.

Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында найзағай күтіліп, өңірдің бірнеше бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Қызылорда облысында найзағаймен қатар, шаңды дауыл мен күшті жел болжанып отыр. Облыстың көптеген бөлігінде төтенше өрт қаупі бар.

Павлодар облысының батысы мен оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Қарағанды облысында найзағай, жел және өрт қаупі күтіледі.

Ұлытау облысында түнде және күндіз найзағай күтіледі. Желдің екпіні 15-18 м/с. Облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Жезқазғанда найзағай болжануда.

Шығыс Қазақстан облысында найзағай, бұршақ және тұман болады. Желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді. Оңтүстік бөлігінде жоғары өрт қаупі бар. Өскеменде де бұршақ пен найзағай күтіледі.

Абай облысында найзағай мен жел болжанып отыр. Бірқатар аймақтарда төтенше өрт қаупі сақталады.

Солтүстік Қазақстан облысында және Петропавлда жоғары өрт қаупі болжанып отыр.

Түркістан облысының таулы аудандарында найзағай күтіледі. Желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді. Облыс аумағында, сондай-ақ Шымкент пен Түркістан қалаларында төтенше өрт қаупі сақталады.

Ақмола облысының оңтүстігінде де жоғары өрт қаупі бар.

Қостанай облысының оңтүстігінде найзағай мен бұршақ күтіледі. Жел күшейіп, өрт қаупі жоғары және төтенше деңгейде болады.

Жетісу облысының таулы аудандарында найзағай соғады. Күндіз 35°C дейін ыстық болады. Облыстың солтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі бар. Талдықорғанда аптап ыстық сақталады.

Алматы облысында да найзағай күтіледі. Жел екпіні 20 м/с-қа жетуі мүмкін. 10-12 маусым аралығында облыста өрт қаупі жоғары, кей жерлерде төтенше болады. Алматы мен Қонаев қалаларында да өрт қаупі сақталады.

"Қазгидромет" РМК тұрғындарды ауа райының құбылуына мұқият болуға және ескерту хабарламаларын елеусіз қалдырмауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы