Апта сайын жүздеген дерек анықтасақ та, жемқорлық азаймай тұр – Медетов

7 Қыркүйек 2020, 18:36
2516
Бөлісу:
Апта сайын жүздеген дерек анықтасақ та, жемқорлық азаймай тұр – Медетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі апта сайын жүздеген жемқорлық әрекетін әшкерелейді. Алайда жемқорлық азаймай тұр. Бұл туралы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің серіктестік департаментінің директоры Расул Медетов Байқоңыр ауданының тұрғындарымен кездесуде айтты.

Еліміз үшін маңызды саяси шара «Праймериз-2020» үміткерлері үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді бүгін бастады. Үміткер Расул Медетов 4 жерде тұрғындармен кездесу өткізді. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық – қоғамның  дамуын тежеп отырған күрделі проблема.

Жас мемлекеттік қызметкерлер жемқорлық әрекеттерге барып, темір торға тоғытылып жатады. Күн сайын осындай жағдайды көзбен көреміз. Оларды мұндай қадамға не итермелейді? Әрине, төмен жалақы. Мәселен, біз қазір мектепте тұрмыз. Ұстаздардың жалақысы өсті дегенмен мектептегі техникалық қызметкерлердің жалақысы өспей тұр. Бұл тек білім беру саласында бар мәселе емес. Денсаулық сақтау, басқа да бюджеттік мекемелерде бар мәселе. Техникалық қызметкерлер – оқушылардың білім алуына жағдай жасап отырған адамдар. Әлеуметтік теңсіздікті біртіндеп жою керек. Мектеп мұғалімдерінің айлығы көтерілді ме, демек еден жуушылардың да күзетшілердің де жалақысы қатар өсу керек, - деді Расул Медетов.

Оның айтуынша, ел экономикасының, денсаулық сақтау, білім беру салаларының дамуына кедергі келтіріп тұрған – сыбайлас жемқорлық. 

Қазақстанның бірқатар аймағында сот жүйесінде, әкімшілікте қызметте болдым. Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде жұмыс істеймін. Жемқорлардың бәрін бірдей әшкерелеу мүмкін емес. Ол үшін агенттік пен қарапайым халық бірге жұмыс істеу керек. Көп жағдайда бізге арыздар жетпей қалады. Құзырлы орган бола тұра біздің де қолымыз қысқа. Өйткені біз заң жүзінде әрекет етеміз. Заң тұлғалардың кірісі мен шығысын негізсіз тексеруімізге қарсы. Мысалы, біз қызметкерлерге барып, көлікті қай ақшаға алдың, зәулім үйді қалай салдың, шетелге қалай шықтың деп сұрауға, тергеуге құқымыз жоқ. Сондықтан бізге сіздердің көмек қажет, - деп тұрғындарға үндеу жариялады.

Медетов бюджеттік мекеме қызметкерлеріне арнап жатақханалар салуды қолға алу керек деп есептейді.

Қазір көптеген мемлекеттік қызметкерлер жалдамалы пәтерде тұрып, тапқан табысын өз баспанасына жинаудың орнына «хозяйкаларға» беріп жатыр. Сол үшін жас мамандардың қаржы жинап, өз баспанасына қол жеткізуіне жағдай жасап, тегін немесе арзан бағада жалға берілетін жатақханалар салуды әкімдікпен бірлесіп іске асырғым келеді. Сайлау қарсаңында азаматтар келіп уәде береді де, сайланып алып, уәдені ұмытады. Мен «уәде – Құдай сөзі» деген ұстаныммен депутаттық мандат бұйырып жатса, тұрғындардың мәселелеріне құлақ асып, оларды шешу жолдарын қарастыруға күш саламын. Сыбайлас жемқорлықпен күресті ұтымды жүргізсек, әр саладағы мәселелерді, бюджет қаражатының желге ұшуын жойып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарта аламыз деп ойлаймын, - деп қорытты Праймериз-2020 үміткері Расул Медетов.

Расул Медетовтың айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Nur Otan» партиясымен бірігіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындауды мақсат еткен.

Естеріңізге сала кетейік, «Праймериз-2020» үміткерлеріне дауыс беру 1 қазан мен 3 қазан аралығында мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс беру арқылы өткізу жоспарланып отыр. Дауыс берудің соңғы күні бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылады. Интернет жоқ елді-мекендерде осындай сайлау учаскелеріне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беруге болады. Үміткерлердің рейтингі көрсетілген праймериз нәтижелері 5 қазанда жарияланады.

Өзгелердің жаңалығы