Апелляция, ауыл квотасы, Қазақстан тарихы: ҰБТ-да жиі қойылатын сұрақтарға жауап

27 Қаңтар 2022, 10:22
4379
Бөлісу:
Апелляция, ауыл квотасы, Қазақстан тарихы: ҰБТ-да жиі қойылатын сұрақтарға жауап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде қаңтардың 25-нен бастап ҰБТ тапсыру басталды. Осыған байланысты «БҒМ LIVE» жобасында «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Руслан Емелбаев оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай ҰБТ электронды форматта өткізіліп жатыр. Қаңтар айындағы тестілеу 25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында өтеді. Оған шамамен 104 мыңға жуық өтінім қабылданды. 

Осы ретте Ұлттық тестілеу орталығы директоры Руслан Емелбаев ҰБТ-ға қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді.

- Оқушылардың ҰБТ тапсыруға дайындығы қалай?

- Қазіргі кезде психологиялық тұрғыдан оқушылар шыңдалған. Екі күн бойы елордада орналасқан тестілеу орталығында болдым. Оқушылар өз еріктерімен келіп, тесті тапсырып жатыр. Яғни бұрынғыдай талапкермен бірге келген ата-анасы, мұғалімі жоқ. Электронды формат енгізілгеннен бері оқушы тесті аяқтай салып, нәтижесін көре алады. 

- Апелляцияға беру оңтайлы ма? 

- Бұрын ҰБТ қағаз форматта өткен кезде апелляцияға беру үшін келесі күнді күтіп, түске дейін тапсырып үлгеруі керек болатын. Сонымен бірге қай пәннен қай сұраққа апелляция беретінін есіне түсіруі керек еді. Бұл – өте қиын. Енді ҰБТ аяқтала салысымен апелляцияға тапсыру үшін оқушыға екі мүмкіндік беріледі. Ол үшін оқушыға 30 минут уақыт беріледі. Бірінші, сұрақтардың мазмұнына және екіншісі техникалық қателерге байланысты. 

- Ақкөл ауданында биыл тест тапсырылмайды деген қаншалықты рас? Ақмола облысы Көкшетау қаласына барып ҰБТ тапсыра ма?

- Былтыр Қазақстан бойынша 51 пункте ҰБТ өткізілді. Биыл тест өткізу пунктері 41-ге дейін қысқарды. Осы сұраққа қатысты ата-аналар тарапынан өтініштер келіп жатыр. Бірақ қысқартудың себептері бар. Өздеріңіз білетіндей, тест электронды форматқа ауысты. Кейбір жерлерде интернеттің сапасы өте төмен. Осыған байланысты сапасыз интернет болған жерде сапалы ҰБТ өткізу әділдікті қамтамасыз ету қиын.

- ҰБТ кезінде тәртіп бұзған оқушыларға қандай шара қолданылады? Мысалы, өз орнына басқа адамды кіргізу фактісі тіркелсе...

- Тәртіп бұзушылықтың екі түрі бар. Біріншісі, тыйым салынған заттарды (телефон, арнайы құлаққап) алып кіруге әрекет жасалынады. Екіншісі, өз орнына бөгде тұлғаларды кіргізу. 2021 жылғы бойынша 148 мың талапкер ҰБТ тапсырды. Оның ішінде өз орнына басқа адамдарды кіргізуге тырысқан 18 факті анықталды. Бұл адамдар биометрия жүйесі, камералардың және қызметкерлердің арқасында анықталып, олардың тест нәтижесі толығымен жойылды. Министрліктің былтырғы қабылдаған шешімі бойынша емтихан тапсырған талапкердің ҰБТ нәтижесін 31 желтоқсанға дейін жоя аламыз. Былтыр видео материалдар қаралып, бірнеше талапкердің нәтижесі жойылған болатын. 

- Алматы облысында оқитын оқушыға басқа облыстан ҰБТ тапсыруына бола ма? Мысалы, Ақтөбе қаласында.

- Жаңа электронды форматқа өткеннен бері мұндай процеске рұқсат беріледі. Себебі, қазіргі кезде ҰБТ-ға тіркелу онлайн жүреді. Яғни әр оқушы өз үйінде отырып, компьютер арқылы тіркеле алады. Сол себепті кез келген қалада және уақытта тапсыру оқушының өз еркінде. «Тапсыруға болмайды» деген шектеу жоқ. 

- Қазақстан тарихы бойынша сұрақтар өзгертілді ме?

- Қазақстан тарихы – ҰБТ-да ең көп талқыланатын пәндердің бірі. Өзгерістер енгізілді. Ол қандай өзгерістер? Әрине, біз жаңа тарихты жазған жоқпыз. Тарихи оқиғалар сол беті қалды. Біз сұрақтардың сапасына баса назар аудардық. Мысалы, жаттауға негізделген сұрақтар. Мұндай сұрақтарды азайттық. Сондай-ақ балалардың ең көп қиналатын сұрақтары – тарихи даталар. Соңғы екі жылда балалардың тарихи даталардан қиналмауы үшін Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихынан 100 датаны бекіттік. Оның барлығы Ұлттық тестілеу орталығының сайтында бар.

- ҰБТ-да шығармашылық емтихан тапсыратындарға Математикалық сауаттылық қосыла ма?

- Бұл да жиі қойылатын сұрақтардың бірі. Шығармашалық емтихан тапсыратындар тек екі негізгі пәнді ғана тапсырады: Қазақстан тарихы және Оқу сауаттылығы.

- Оқу сауаттылығының форматы өзгерді ме? Теориялық сұрақтар бола ма?

- Оқу сауаттылығының форматында ешқандай өзгеріс жоқ. Сұрақтардың саны сол деңгейде қалды. Дегенмен сұрақтардың сапасын жақсарту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы ҰБТ-ларда сапалы сұрақтар толығымен дайын болады деп ойлаймын.

- ҰБТ сертификаты не себепті 6 айға ғана жарамды?

- Оқушы маусымда ҰБТ тапсырса, онда оның сертификаты желтоқсанның соңына дейін жарамды болады. Осы оқу жылына дейін ол тіркеліп үлгеруі керек.

-  Әлеуметтік осал топтан шыққан балаларға жеңілдіктер бола ма?

- Көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, асыраушысынан айырылған балаларға арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Яғни оларға арнайы гранттар бөлінген. Қазіргі кезде 5 500-ге жуық І курс студенті министрлік тарапынан берілген жеңілдіктердің арқасында білім алып жатыр. Бұл былтыр енгізілген жаңалық және ол биыл да жалғасын табады.

- Ауыл мектептерін бітірген түлектерге ҰБТ-да қосымша балл беріле ме?

- Бұл – «ауыл квотасы» мәселесі. Айта кететін маңызды жайт бар: ауыл квотасы бойынша қосымша балл ешқашан қосылмайды. Ауыл квотасы деген не? Ол мемлекет тарапынан бөлінген гранттардың белгілі бір бөлігі ауыл мектебін бітірген талапкерлерге бөлінеді. Мысалы, белгілі бір мамандыққа 100 грант бөлінсе, оның 30-ы ауыл мектебінің балаларына бөлінеді.

Өзгелердің жаңалығы