Антыма берік болдым – педофилді ұстаған полицей

28 Шілде 2020, 10:38
2021
Бөлісу:
Антыма берік болдым – педофилді ұстаған полицей

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Күні кеше президенттің жарлығымен "Айбын" орденімен марапатталған полиция майоры Бақытжан Бәкіровтың ерлігі отандық қана емес, шетелдік баспасөз бетінде де жарияланды. Оның айбынды әрекеті туралы өзінен сұраған едік.

Бақытжан Бәкіров 1983 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласында дүниеге келген. Отбасындағы үш баланың үлкені. Өзінен кейін қарындасы мен інісі бар. Кішкентай кезінен қылмыскерлермен күресуді армандаған. Арманын орындау мақсатында Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік университетінің заң факультетіне түседі.

2000 жылы оқуға түсіп, 2005 жылы тәмамдадым. Оқуымды бітірген соң 2006 жылы елордада полиция қызметкерлеріне арналған байқау жарияланғанын естіп, бағымды сынап көргім келді. Нұр-Сұлтанға келіп сол байқауға құжат тапсырып, аман-есен өттім. "40-шы станциясында" орналасқан ІІМ академиясының алғашқы даярлық оқуын 3 ай оқыдым. Осы уақыт аралығында біраз тәжірибе жинап, Алматыға еңбек жолымды бастау үшін қайта оралдым, - дейді Бәкіров.
Бақытжан Бәкіров 2006 жылы Алматы қаласы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі қызметіне орналасады. Содан бері осы қызмете адал еңбек етіп жүр.

11 шілдеде күні белгісіз адамның Алматының Түрксіб ауданына қарасты аумақта үй тонап, 15 жастағы қызды зорлап кеткені туралы хабардың ізіне түскен Алматы қаласының жедел уәкілдері күдіктінің әл-Фараби даңғылындағы көпқабатты үйден пәтер жалдап, тығылып жатқанын анықтайды. Алматы қаласының полициясы оны төрт күн бойы іздестіріп келген.

Қылмыскерді ұстау мақсаты тұрды. Ол қашып, 13-қабаттан секіріп кетті. Мен де артынан ердім. Жұрт ойлағандай 1-қабатқа секірмедік. 11-қабатта терасса бар, сол жерге құладық. Құлаған кездің өзінде аяғымның сынғанын бірден сездім. Себебі "сырт" еткен дыбыс шықты. Қылмыскер қашу әрекетін жалғастырмақ болды. Біз де бар күш-жігерімізді салып, оны уыстан шығармауға тырыстық. Серіктесім келгенше күттім. Екінші топ үйді қоршап тұрған еді. Олар үстіне көтеріліп келгенше, қылмыскерді ұстап отырдым, - деп бөлісті Бәкіров.

Сол арада жедел жәрдем шақырылады. Полицей жедел жәрдем қызметімен Қалқамандағы 7-ші ауруханаға барады.

Сол аяғыма үш ота жасалды. Қазір үйдемін. 6 балам бар. Үлкені 10 жаста, кішкентайы қазір 4 айлық, - деп бөлісті ол.
Батыр полицей президенттің "Айбын" орденімен марапаттағанына қатысты әсерін айтты.

Алматыда педофилді ұстаған полиция майоры Бақытжан Бәкіров ҚР Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды. – Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ішкі істер министрлігі Алматы қаласы полиция департаменті Түрксіб аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі Бақытжан Әнуарбекұлы Бәкіров II дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталсын, – делінген Жарлық мәтінінде.

"Айбын" орденін алып жатырмыз. Ол да Құдай қаласа жетіп қалар. Бүгін қол қойды деп естідім. Полиция департаментінің өкілдері хабарласып, құттықтап жатыр, - деді ол.

Бақытжан Бәкіров жұмысқа тұрарда ант қабылдағанын есіне алды.

Антта азаматтарды қорғау біздің жұмысымыз екені көрсетілген. Әр ер азаматтың бойында батырлық, жігерлілік, намыс болады деп ойлаймын. Ең бастысы антыңа берік болу керек. Еліміз бен халқымыздың тыныштығы үшін еңбек етуіміз керек. Осы міндетті жүзеге асырсақ, оның өзі үлкен мәртебе деп ойлаймын. Осы салада 14 жыл қызмет етіп келемін, - деді Бәкіров.

Бәкіров өзінің ерлігі жайлы жетелдік басылымдардың жазғанын да естіген.

Барлығын қалыпты жағдай ретінде қабылдадым. Әрине, қуаныш сезімі болды. Еңбегіңнің жемісі көрініп жатқаны әр адамға үлкен қуаныш сыйлайды деп ойлаймын. Екіншіден, әке-шешемнің берген тәрбиесі, жақсы тәрбие алдық деп ойлаймын. Ең бастысы ата-анамыз аман болсын. Олар аман болса, біз де әлі талай жетістікке жетеміз деген ойдамын, - деді Бақытжан Бәкіров.

 Халықаралық тамсану

Бәкіровтың ерлігі шетелдіктерді де тамсандарды. Полицеймен сұхбатты ондаған халықаралық БАҚ, оның ішінде Daily Mail жариялады. Британдық басылым өзінің интернет-порталында ауқымды материал жариялады. Мақалада Алматы қаласында педофилді ұстау туралы мәліметтер бүге-шүгесіне дейін суреттеліп жазылған.

WhatsApp Image 2020-07-28 at 09.17.04 (1).jpeg

Полиция майоры Бақытжан Бәкіров күдіктінің ізіне түсіп, ол 13-қабаттың терезесінен секіріп кеткенінде тәртіп сақшысы да еш кідірмей оның артынан секірген. Оның үстіне террасада аяғы сынса да, полиция қызметкері қылмыскерді оның серіктесі Мейір Несіпбай жеткенше ұстап тұрған, - деп жазады Daily Mail.

Polisia.kz  хабарлағандай, қазақстандық ержүрек полиция туралы әңгіме әлемнің әртүрлі елдері оқырмандарының қолдауы мен ықыласын тудырды.

Ұлыбритания, АҚШ, Австралия, Испания, Индонезия, Швеция, Филиппин және басқа да елдердің тұрғындары қазақстандық полицей туралы "Нағыз батыр", "шынайы полицей", "аңызға айналған коп", "супер – полицей", "батыл офицер", "өзгелерге үлгі", "тамаша коп", "өз жұмысына байыпты қарайтын батыл офицер"деген пікір қалдырды қалдырды. Барлық тұрғын Бақытжан Бәкіровтың тез арада сауығып, қызметке оралуын тіледі.

Кейбір пікір жазушылар жергілікті тәртіп сақшыларына батылдық жетіспейтінін жазды.

Біздің полицияның да ол сияқты жасай алатынын елестете алмаймын, "Шынайы полиция, Ұлыбританиядағыдай емес", – деп атап өткен портал оқырмандары.

WhatsApp Image 2020-07-28 at 09.17.04.jpeg

Ал АҚШ-тық сайттың кейбір оқырмандары қазақстандықтың оларға келіп, америкалық әріптестеріне полицияның нағыз офицері қалай жұмыс істеу керегін көрсетуін сұраған: "ол АҚШ-қа келіп, полиция қызметкерлерінің қалай жұмыс істеу керегін көрсетуі керек", "Суперкоп".

Америкалық баспасөз Бақытжан Бәкіровты Голливуд фильмдеріндегі супер-полицейлермен салыстырды. Колумбия газеті "Батыр! Қазақстанның полицейі педофилді ұстау үшін 13-қабаттың терезесінен секірді" деген тақырыппен жазған. Полиция қызметкері туралы жаңалық ағылшын, испан, араб, қытай және басқа да тілдерде шықты.

Айта кетейік, осындай жанкешті жағдай Қазақстан полициясы тарихында аз емес. Ерекше көзге түскен өзге полиция қызметкерлері туралы мына  жерден оқи аласыздар.

 

 

 

 



Өзгелердің жаңалығы