Антыма адалдық таныттым. Желіде танымал болған жас сарбаз кім?

19 Қаңтар 2022, 17:00
4783
Бөлісу:
Антыма адалдық таныттым. Желіде танымал болған жас сарбаз кім?
PHOTO VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қаңтар оқиғасы кезінде әлеуметтік желілерде түрлі видеолар тарады. Соны бірі – халықтың жүрегін елжіреткен жас сарбаз Ұланның видеосы. 

Өздеріңіз білетіндей, әлеуметтік желіде жаппай тәртіпсіздіктер болған жерде белсенділердің өз міндетін атқарып тұрған әскериді үгіттеп жатқаны туралы видео тараған болатын. Видеодан Ұлттық ұлан сарбазы өз жағына үгіттеген адамның сөзіне көнбей, антына берік болғанын байқауға болады. Жұртты тәнті еткен бұл әскери – ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 6655-әскери бөлімінің лейтенанты Ұлан Мырзабай. 

Өзіне және әріптестеріне төнген қауіпке қарамастан өзін үгіттеп жатқан адамға жылы сөйлеп тұрған Ұлан халықты ерекше мінезімен тәнті еткені сөзсіз. Оны әлеуметтік желіде тараған видеоларға қалдырылған пікірлерден де көруге болады.

Антыма адалдық таныттым. Желіде танымал болған жас сарбаз кім?

Ұлан Мырзабай кім?

Алматы облысының Қапшағай қаласында туып-өскен жігіт әжесі Шынар Қарабатырқызының қолында тәрбиеленген. Жасы 23-те. Өзінен үш жас үлкен әпкесі бар. Кішкентайынан Қапшағайдағы №35 әуе-десант әскерін көріп өскен Ұлан әскери адам болуды армандаған. 

Ұлан Мырзабай - былтыр Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның әскери институтын тәмамдап, Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде қызмет етіп жатқан лейтенант. 

Алматы облысы Қапшағай қаласының тумасы Ұлан Мырзабай Ұлттық ұланда 2017 жылдан қызмет етіп келеді екен.

Әлеуметтік желіде танымал болған Ұлан Мырзабай Ақтөбедегі әскери бөлімде жарты жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазір артиллериялық-зенит дивизионының взвод командирі. Қарамағында 35 сарбаз бар.

Шынар Қарабатырқызының tengrinews.kz-ке берген сұхбатында Ұлан 3-4 жасар кезде анасы, яғни келіні науқастан қайтыс болғанын айтады. Кейін ұлы да сырқаттанып, ұзақ уақыт ем алуға тура келген. Содан балаларға жұбайы екеуі қамқоршы болған.

Антыма адалдық таныттым. Желіде танымал болған жас сарбаз кім?

Әжесі немересі туралы былай дейді.

Ұлан бала кезінен елгезек болып өсті, айналасына қолғабыс жасауға асығып тұратын. Біреудің ала жібін аттау, алдау, өтірік айту сияқты жат қылықтардан аулақ болып өсті. Сабағын өте жақсы оқыды. Менің қолымда басқа немерелерім де бар еді. Өзінен кішкентайлардың бәріне қамқоршы аға бола білді. Әкесіне деген құрметі де ерекше. Ұлан 6-сыныпқа барғанда, оны астанадағы «Жас ұлан» мектебіне бердім. Себібі Ұлан әскери адам болуды армандады. Ұланымның осы қалауын құптап, әрі жасөспірім шақта болашағына дұрыс бағыт беру жауапкершілігін түсініп, әскери мектепке жетектеп апардым. Мектепті бітірген соң, Ұлттық ұланның әскери институтына түсті. Бүгінде офицер болып қызмет етіп жүр. Баламның әр жетістігі мен үшін зор қуаныш, – дейді Шынар Қарабатырқызы.

Антыма адалдық таныттым. Желіде танымал болған жас сарбаз кім?

«Бұйрықтың аты бұйрық». Сол күні не болды...

Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінің сарбазы Ұлан Мырзабай сол күні  Ақтөбе облысы әкімдігі алдындағы алаңда алдыңғы шепте тұрған. 

Оның сөзінше, тәртіпсіздік болған күні митингке қатысушылар жақындап келіп, өз жақтарына шығуға үгіттей бастаған. 

Әскери адам болғандықтан бұйрықты тыңдаймыз ғой. Адам көп болды. Бес саусақ бірдей емес, адамдардың ойы әртүрлі болады. Біреулері жақтады, біреулері қарсы болды. «Үкіметтің адамысың, халыққа қарсысың» деді. Біз үкіметті қорғаймыз, үкімет заңды қорғайды, халықты қорғайды, - дейді Ұлан Мырзабай. 

Сарбаз оқиға қалай болғанын айтып берді.

Біз митингке қатысушылардың талап-тілектерін айтуға қарсылық танытпай, керісінше, оларды қорғап тұрдық. Бірақ кейін оқиға басқаша жалғаса бастады. Кей адамдардың әрекеттері түсініксіз болды. Қолдарында тас, таяқ, арматура, Молотов коктейлі болды. Кенет алдыңғы шепте тұрған маған бірнеше белсенді жақындап келіп, видеоға түсірді, мені өз жақтарына шығаруға үгіттеді. Антыма адалдық таныттым. Бұйрықтың аты бұйрық екенін айттым. Отанымызды абыроймен қорғауға ант бердік. Еліміз тұрғындардың қоғамдық қауіпсіздігін сақтауды сеніп тапсырды. Сол сенімге лайық болу керек. Мен өз Отаныма адал қызмет етемін, - деді Ұлан Astana TV-ға берген сұхбатында.

Антыма адалдық таныттым. Желіде танымал болған жас сарбаз кім?

Антына берік сарбаз. Оқырмандар лебізі

Әлеуметтік желіде Ұланның қатысуымен болған видео тез таралып кетті. Әлі күнге дейін ризашылығын білдіріп, пікір қалдырып жатқан оқырмандар қатары өте көп. Солардың кейбірін назарларыңызға ұсынамыз.

- Жарайсың, бауырым. Тек қана сыйластық пен бауырмалдық сүйіспеншілік. Халыққа қарсы шықпадың.
- Біздің елімізді Ұлан сияқты азаматтар қорғап жүр. Елін сатпайды.
- Құдайға шүкір, бізде осындай қорғаушыларымыз бар. Рахмет және ата-анаңа басымды иемін.
- Еліміздің әскерилерін мақтан тұтамын!
- Көп генералға осы баладан үлгі алу керек. Ол бұйрықтың аты бұйрық екенін түсініп тұр.
- Қазақ қазақты атпайды. Керісінше, халқын осылай қорғайды.
- Сарбаз антына берік екенін көрсетті. Нағыз қазақтың ұлы.
- Балам, сен сияқты бала соғысқа барса да, халқын тастамай, бұйрықтан қашпайды.

Өзгелердің жаңалығы