Антониу Гутерриш діни мерекелер жайлы: Осы жолы бәрі басқаша

13 Сәуір 2020, 10:10
1891
Бөлісу:
Антониу Гутерриш діни мерекелер жайлы: Осы жолы бәрі басқаша
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Пасха, Песаха және Рамазан қатарлы діни мерекелер кезінде коронавирус инфекциясын жұқтырмай атап өту бойынша тәжірибелік нұсқаулықтар берді. Бұл туралы ДДСҰ-ның ресми сайтында хабарланды.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бұл мерекелер – адамдардың береке-бірлігін танытар сәт екенін атап өтті.

Бұл – отбасылар бірге жиналатын уақыт. Құшақ ашып, қол алысатын, адамдарды рухани біріктіретін уақыт. Бірақ осы жолы әдеттегідей емес, бәрі басқаша. Қазіргі кезде біз жолымызды әпенді, сюрреалистикалық әлемде табуға тырысып келеміз. Үнсіз көшелер әлемінде. Витриналары тас жабық әлемде. Босаған діни ғимараттар әлемінде. Және де үрей басқан әлемде, - деді А.Гутерриш. 

ДДСҰ-да атап өтілгендей, дін көшбасшылары халықтың құрметі мен сеніміне бөленгендіктен, олар коронавирустың таралмауына маңызды үлес қоса алады. 

Шіркеулер, синагога және мешіттерде адамдардың жиналуына келсек, сарапшылар мұнда ұлттық билік берген кеңестерді ұстануға шақырады. Баруға рұқсат етілсе де, қатаң санитарлық-гигиеналық шараларды сақтау: бір-бірінен бір метр жерде жүру, адамдарды ұстамау, бір-бірін сүймеу және қасиетті заттарға маңдайды тигізбеуге кеңес етіледі, - делінген ақпаратта. 

ДДСҰ мәліметінше, егер діни ошақтарға келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін болмаса, діни жоралғыларды өткізуден бас тарту немесе оларды қашықтан өткізу мүмкіндігін қарастыру керек. 

Рухани күшті бұл киелі оқиғалардың өзінен алып, оларды ойлану, еске алу және жаңару мүмкіндігі ретінде пайдаланайық. Бұл қауіпті вируспен күресте аянбай тер төгіп жүрген қаһарман медициналық қызметкерлер, қалалар мен кенттерімізде еңбектеніп жүрген барлық адамдар туралы ойларға ерекше орын қалдырайық, - деді БҰҰ Бас хатшысы. 

Сондай-ақ ол вирустың алдында дәрменсіз қазір соғыс аймақтарында жүрген адамдар, босқындар туралы ұмытпауды сұрады. 

Айта кетейік, биыл Рамазан айы 25 сәуірде басталады. Правослам христиандары Пасха мерекесін 19 сәуірде тойлайды. Ал еврейлердің бір аптаға созылатын Песах мейрамы 8-16 сәуір аралығында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы