Антикор: Еріктілер 750 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды

23 Желтоқсан 2023, 16:18
681
Бөлісу:
Антикор: Еріктілер 750 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды
Фото: BAQ.KZ - архив

2023 жылы жемқорлыққа қарсы волонтерлер 782 млн теңге сомасына бағаны көтеру тәуекелдерін болдырмады, деп хабарлайды BAQ.KZ Антикорға сілтеме жасап.

Маңғыстау облысының бюджетіне шамамен 200 млн теңге қайтарылды. Атап айтқанда, биылдың қазан айында «Каспий жылу, су арнасы» МКК (Ақтау қ.) 247 млн теңге сомасына «үш тізбекті станцияның» 1 бірлігін сатып алуды жоспарлаған. Бұл ретте жүргізілген талдау нарықтық баға шамамен 50 млн теңгені құрайтынын көрсетті. Тиісті жұмыстың нәтижесінде тауардың құны 49 млн теңгеге дейін төмендетілді.

Биылдың қараша айында Алматы қаласында орта мектеп жалпы құны 12,5 млн теңгеге 25 компьютер сатып алуды жоспарлаған, яғни біреуі үшін – 500 мың теңге. Алайда, мониторинг барысында техникалық ерекшелік бойынша қолайлы моноблоктың құны шамамен 315 мың теңге екені анықталды. Қорытындысы бойынша сатып алу тоқтатылып, жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - делінген баспасөз хабарламасында.

Атырау облысында еріктілер жұмысынан кейін Қызылқоға ауданындағы Мәдениет үйі жеткізушілер арасындағы бәсекелестік шарттарының бұзылуына байланысты 5,3 млн теңгеге картиналар сатып алуды тоқтатты.

Мемлекеттік сатып алуларды талдаудан басқа, волонтерлердің едәуір бөлігі әлеуметтік нысандар құрылысының барысын мониторингілеуге жұмылдырылған.

Ақмола облысында Бұланды ауылында мектеп салу мониторингінің қорытындысы бойынша жалғау тораптарының бұзылуы және шатырдың ағаш конструкцияларын отқа төзімді өңдеудің болмауы анықталды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының тексеру нәтижелері бойынша ҚНжЕ бұзушылықтары және жобалық шешімнен ауытқулар анықталды. Мердігерге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және ӘҚБтК-нің 312-бабы бойынша хаттама толтырылды.

Алматы облысында әкімдік белгіленген мерзімде «Жасыл ел» бағдарламасына қатысқан 1200 студентке еңбекақы төлемеген. Еріктілердің араласуынан кейін студенттерге 133,9 млн теңге сомасы төленді.

Шымкент қаласында мониторингтік топтың кәсіпкерлік субъектілеріне заңсыз баруы тоқтатылды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы жеке медициналық ұйымдардың мониторингі бойынша негізсіз бұйрық шығарған. Уақытылы әрекет ету нәтижесінде бұйрық жойылды.

ШҚО еріктілері Алтай ауданындағы «Қазмырыш» ЖШС тау-кен байыту кешенінің жанында «Зеленка» өзенінің ластану фактілерін анықтады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстың Экология департаментімен экологиялық нормалардың талаптарын сақтау мәселелері бойынша тексеру жүргізуге бастамашылық жасады.

Сонымен қатар, волонтерлік аясында кәсіби заңгерлер, адвокаттар 9 мыңнан астам азаматқа құқықтық кеңес берді.

Жобаның мақсаты жемқорлыққа қарсы іс-қимылға белсенді азаматтарды, мемлекеттік органдарды, квазимемлекеттік секторды және қоғамдық бірлестіктерді тарту болып табылады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына қалай қатысуға болатындығы туралы агенттіктің сайтынан білуге болады.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және оған жол бермеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы