Антикоррупциялық қызмет Астана қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ мамандандырылған бөлімінің қызметкерлері мен азаматтық тұлғалар қатарынан ұйымдастырылған топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қылмыстық іс «Web-Модуль» және «ИИС ЦОН» ақпараттық жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау фактілері бойынша тергелді. Қылмыстық топ 2022 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында заңнамада қарастырылған алымдар мен төлемдерді төлеместен шетелден әкелінген 475 автокөлікті заңсыз тіркеді, - делінген хабарламада.
Осыған байланысты мемлекетке 1,4 млрд теңге көлемінде аса ірі көлемде залал келтірілді. Барлығы 30 адам қылмыс жасады деп күдіктелуде. Олардың қатарында Астана қаласы бойынша № 2 Арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, 4 полиция қызметкері мен автокөліктерді заңсыз рәсімдеу бойынша өз қызметтерін ұсынған делдалдар бар. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр.
Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі. Антикоррупциялық қызмет азаматтарды көліктерді тіркеу кезінде делдалдардың қызметіне жүгінбеуге шақырады.