Антикор Ақтөбе облысының инфрақұрылым проблемаларын әшкереледі

19 Маусым 2023, 14:08
744
Бөлісу:
Антикор Ақтөбе облысының инфрақұрылым проблемаларын әшкереледі
Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК баспасөз қызметі

Өңірде мониторинг жүргізуге әлеуметтік желілердегі жағымсыз ақпараттар себеп болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтөбе облысының Қоғамдық кеңесі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп, өңірде инфрақұрылым объектілерін салуға және ұстауға бөлінген бюджет қаражатының игерілуіне мониторинг жүргізуде. 

Ақтөбе қаласы әкімдігінің мәліметтері бойынша, 2022 жылы қаржыландырудың жалпы көлемі 19,7 млрд теңгені құраған, оған 77,4 шақырым автомобиль жолдары мен 521,1 шақырым инженерлік-коммуникациялық желілер жөнделіп, салынған.

Жұмыс тобының назары салынған объектілерге кепілдік беру бойынша іс-шаралардың болмауына аударылды.

Қоғамдық кеңестің өкілі Құрманғали Сағынғазы атап өткендей, қала әкімдігі аудандарды салуды жоспарлау кезінде халыққа қолайлы жағдай жасау мәселесін жеткілікті деңгейде пысықтап жатқан жоқ, бұған азаматтардың жергілікті атқарушы органға тұрақты өтініштері дәлел бола алады. 

Сонымен қатар өткен жылы пайдалануға берілген бірқатар нысан қираған күйде. Мысалы, «Мәңгілік-ел және Х. Досмұхамедұлы көшелерінде автомобиль жолын салу» жобасына 1.2 млрд теңге жұмсалды. Жоба құрамында тротуарлар, веложол және жарықтандыру қарастырылған. Бүгін біз жаяу жүргіншілер тротуарлары мен веложолдың қауіпсіздік талаптарына сай келмейтініне, жарықтандыру жұмыс істемейтініне куә болдық. Мұның бәрі қаланың инфрақұрылымын күтіп ұстау бойынша жүйелі жұмыстың жоқтығын көрсетеді, - деді ол.

Жұмыс тобы жүргізілген іс-шаралардың нәтижелері бойынша жобаларды іске асырудың тиімділігіне бағытталған ұсынымдар әзірледі.

Сондай-ақ мониторингпен Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын ұстауға бөлінген қаржыландыру қамтылды.

Мониторинг жүргізуге әлеуметтік желілердегі жағымсыз ақпараттар себеп болды.

Қолда бар мәліметтер бойынша биылғы жылы "Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ" автомобиль жолының сегментін ұстауға және ағымдағы жөндеуге автомобиль жолдары Комитетімен 1 млрд теңге бөлінген. Жұмысты 2 ұйым - "Қазақавтожол" ЖШС Ақтөбе облыстық филиалы және "Ербол-ЭЛ" ЖШС орындауда.

Жұртшылық өкілдері бөлінген қаражаттың жалпы көлемі жолдың осы бөлігін тиісті жөндеуді қамтамасыз етпейтініне таң қалады.

Алдын ала есептеулер бойынша, осы учаскеде қауіпсіз жүруді қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаржыландыру қажет. Алайда осы қаражат республикалық бюджеттен осы уақытқа дейін бөлінбеген. Көрсетілген мән-жайлар қалыптасқан проблеманы шешпейді және жөндеу жұмыстарын қайта жүргізу және шығындарды ұлғайту үшін алғышарттар жасайды, - делінген хабарламада.

Айта кету керек, жолдың осы бөлігіндегі қозғалыс қарқындылығы тәулігіне шамамен 10 000 көлік құралын құрайды, оның 33%-ы автокөліктің жүк түріне тиесілі.

Өзгелердің жаңалығы