Anthropic басшысы жасанды интеллекттің дамуын бәсеңдетуге шақырды

Амодей жасанды интеллекттің мүмкіндіктері өте жылдам артып келе жатқанын атап өтті.

 pixabay 13 Қыркүйек 2026, 07:49
13 Қыркүйек 2026, 07:49
64
Фото: pixabay

Anthropic компаниясының бас директоры Дарио Амодей жасанды интеллект модельдерін дамыту қарқынын бәсеңдетіп, оларды қатаң бақылауға алуға шақырды, деп хабарлайды ВВС.

Амодейдің пікірінше, жасанды интеллектті дамытуды тоқтату қажет емес. Алайда оның ықтимал қауіптерін ескере отырып, компаниялар мен үкіметтерге қауіпсіздік шараларын әзірлеуге жеткілікті уақыт берілуі керек.

Ол үш бағытты ұсынды: жаңа AI модельдерін тәуелсіз бағалау, салаға ортақ ережелер енгізу және халықаралық деңгейде реттеу. Сонымен қатар технологиялық компанияларды мемлекеттік реттеумен қатар бірыңғай қауіпсіздік стандарттарын ерікті түрде қалыптастыруға шақырды.

Амодей жасанды интеллекттің мүмкіндіктері өте жылдам артып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, дамуды бір-екі жылға баяулату модельдердің қауіпсіздігі мен адам құндылықтарына сәйкестігін жетілдіруге қосымша уақыт беріп, елеулі тәуекелдерді азайтуы мүмкін.

Сонымен бірге Anthropic басшысы мұндай шаралар АҚШ-тың жасанды интеллект саласындағы бәсекеге қабілеттілігіне нұқсан келтірмеуі керек деп санайды. Ол озық AI чиптерінің Қытайға жеткізілуін шектеуге де шақырды.

Амодейдің ұсынысын бірқатар технология саласының өкілдері қолдады. Илон Маск оның пікірін құптаса, кейбір сарапшылар мұндай реттеу ірі AI компанияларының нарықтағы ықпалын күшейтуі мүмкін екенін алға тартты.

Наверх