Әншілердің қызметке тағайындалуы жалғасып жатыр. Кезек Мұқасанға келді

27 Сәуір 2021, 12:08
1931
Бөлісу:
Әншілердің қызметке тағайындалуы жалғасып жатыр. Кезек Мұқасанға келді

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Пандемия кезінде той азайып, әншілердің қызметке тағайындалуы жиіледі. Жақында тағы бір әнші басшылық қызметке келді.

«Нұр-Мұқасан» дуэтінің экс-солисі, осы күні жеке әнші болып жүрген Мұқасан Шахзадаев «Алматы әуендері» мекемесінің көркемдік жетекшісі болып тағайындалды.

Мұқасан Шахзадаев - 1972 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Талас ауданында туған. Танымал эстрада әншісі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2015). Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты (1996).1989 жылы Тараз мәдени училищесін бітірген. 1990 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің (бұрынғы Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтынның) музыка факултетін бітірген. 

1990 жылы «Нұр-Мұқасан» дуэтін құрып, сол топта осы 25 жыл өнер көрсетті. Кейіннен сахнадағы әріптесі Нұрлан Қонысбаев екеуі екі жаққа кетті.

Айта кетейік, соңғы кездері өнер адамдарының қызметке тағайындалуы жиілеп кетті. Тіпті бәрін бірден еске түсіру де қиын. Мысалы, «МузАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК директоры қызметіне кіріскен. Ол жақта тағы бір әнші Ақбота Керімбекова да бар. «Аппақ гүлдер» деп әндеткен Ақбота Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары. Опера әншісі Майра Мұхамедқызы Шымкент қалалық Опера және балет театрының басшысы болып отыр. Ал танымал цирк әртісі Мұрат Мұтұрғанов Шымкент циркіне жетекшілік ете бастады. Көрші Жамбыл облысындағы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы міндетін уақытша атқарушы болып, «МузАрт» тобының директоры Ерлан Жүнісбай тағайындалды. Елорда әкімдігі де қалыс қалмады. Мәдениет басқармасына актер, елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін сомдаған Нұрлан Әлімжанды қойды.

Өзгелердің жаңалығы