«Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы аясында жыл сайын ЭКҰ-ның қосалқы репродуктивті рәсімдерін жүргізуге 7 000 квота бөлінеді, деп хабарлады BAQ.KZ.
Соның нәтижесінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша 3 249 әйел жүктілік бойынша есепке алынды, 2 097 отбасында көптен күткен 2 461 бала дүниеге келді. Оның ішінде 1 288 қыз және 1 172 ұл, 364 бала көп ұрықты жүктіліктен туылды.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс – қимыл уақыты» атты халыққа Жолдауында Үкіметке 2021 жылдан бастап ЭКҰ-ға квоталарды 7 есеге ұлғайта отырып іске қосуды тапсырған болатын, оған республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Мемлекет басшысының Жолдауын сапалы іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар іс-шаралар өткізді: - жетекші мамандандырылған мамандар мен денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар арасынан Сараптамалық кеңес құрылды;
- «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы бекітілді, оны іске асыру шеңберінде КРТ бойынша нормативтік-құқықтық актілер қайта қаралды; - өңірлер бөлінісінде бедеулігі бар пациенттердің (әйелдер мен ерлер) тізімдері өзектендірілді;
- ұрпақты болу жасындағы әйелдер мен ерлердің санын ескере отырып, өңірлер бойынша 7000 ЭКҰ циклі бөлінді;
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) медициналық ұйымдар бөлінісінде ЭКҰ қызметтерінің көлемін орналастырды.
МӘМС жүйесінде ЭКҰ өткізу бойынша қызметтерді бүгінде 19 клиника ұсынады (оның 3-і мемлекеттік, 16-сы жеке медициналық ұйымдар).
Осылайша, бұл нәтижелер Денсаулық сақтау министрлігінің «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасын табысты іске асырғанын айғақтайды және бұдан әрі МӘМС жүйесінде жыл сайын ЭКҰ-ға дайындалған пациенттердің барынша көп санын қамтамасыз ету мүмкіндігі болады.
Бедеулік мәселесін шешу әрбір азаматтың отбасын құру құқығын жүзеге асырудың, түрлі себептермен бала сүю мүмкіндігінен айырылған науқастардың ана мен әке болу бақытын табуының маңызды бөлігі болып табылады.