Анасының әрекетін ұлы қайталады: Ұшақта адам құтқарған Дінмұхаммедтің анасымен сұқбат

Бөлісу:
Анасының әрекетін ұлы қайталады: Ұшақта адам құтқарған Дінмұхаммедтің анасымен сұқбат
Фото: BAQ.KZ

Ұшақта адам өмірін құтқарып қалған Дінмұхаммед Бектұрғанның әрекетін көпшілік батыл әрекет деп бағалап жатыр. Студент болса да, адам құтқарып қалған Димаш қандай бала болған? Дәрігер болуға шешімді қалай қабылдаған? Бүгіннің батырларының бірі 23 жастағы Дінмұхаммед жайлы BAQ.KZ тілшісіне анасы Ғалия Нұрсейітова әңгімелеп берді.

Дінмұхаммед Бектұрғанның ата-анасы Нұрболат және Ғалия Нұрсейітовтер. Олар екі қыз бен бір ұлды тәрбиелеп отыр. Дінмұхаммед екі қыздан кейінгі үйдің кенжесі.

Анасының әрекетін ұлы қайталады: Ұшақта адам құтқарған Дінмұхаммедтің анасымен сұқбат

“Димаш ата-әжесінің тәрбиесін көріп өсті”

Димаш ата-әжесінің тәрбиесін көрген бала. Атамыз былтыр 90 жасқа келген шағында өмірден өтті. Қазір әжеміз 90 жаста. Ұлым кішкентайында 104 жастағы үлкен әжесінің де тәрбиесін көріп өсті, - дейді анасы Ғалия.

Оның ата-әжесі мұғалім болған.

Дінмұхаммед 2001 жылы 9 тамызда туған. Анасының айтуынша, ол өте сабырлы, ашық, алғыр болып өскен. Жолдасым екеуі күні-түні жұмыста болғандықтан балаларының сабағына атасы мен әжесі көңіл бөлген.

Ғалия Нұрсейітова ұлының медицина саласын қалай таңдағанын айтып берді. Сөзінше, Дінмұхаммед 10-сыныптан бастап медицинаға түсу үшін мақсатты түрде дайындала бастаған.

Димаш медицина саласына өз қалауымен барды. 5-сыныпта оқып жүрген кезінен бастап дәрігер болғысы келетінін айтып жүретін. Өзім дәрігер болғандықтан, балама қиын мамандық екенін айтатынмын. Бірақ өзі таңдау жасап, медицина университетіне түсуге шешім қабылдады. Ұлым ҰБТ-дан 117 ұпай жинап, ақылы оқуға түсті. Негізі грант Қарағандыға шыққан еді. Бірақ Қарағандыға түскенін өзіміз қаламадық. Сондықтан Астананы таңдадық. Бірінші тоқсанды ақылы оқыды. Екінші семестрде өз білімімен грантқа ауысты. Міне, қазір жақсы оқып, стипендиясын алып жүр, - дейді ол мақтанышпен.

Анасының әрекетін ұлы қайталады: Ұшақта адам құтқарған Дінмұхаммедтің анасымен сұқбат

Анасының сөзінше, Дінмұхаммед халықаралық стандартқа сәйкес базалық реанимацияны оқып, сертификатын алған. Ол BLS (Basic Life Support) сертификаты. Ғалия Нұрсейітованың айтуынша, осы білімі кешегі жағдайда көмегін тигізген.

Әкемнің інісі Әбдірахманов Жаңалық Ниязұлы Алматы ғылыми онкология орталығының директоры болған. Қазір дүниеден озды. Үлкен қызым да медицина саласында. Ол дәрігер-эпидемиолог. Екінші қызым экономист. Ал жолдасым жолаушы тасымалы саласында еңбек етеді, - деп айтты ол.

Ғалия Нұрсейітова да жедел жәрдем дәрігері. Ол 35 жылдан бері медицина саласында қызмет етіп келеді. Оның 28 жылы осы жедел жәрдемде өткен. Ол желілік топтан бастап бөлім меңгерушісі, аға дәрігері болған. Қазір Қызылордадағы облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің медицина ісі жөніндегі орынбасары.

Димаш кішкентай кезінен жедел жәрдемнің жұмысын көріп өскен. Кейде анасы кезекке түскенінде өзімен алып жүрген.

Қазір балам интерн болғандықтан өзара клиникалық жағдайларды талдаймыз. Кейде менімен сөз таластырып, өз ұстанымын, пікірін айтып отырады. Жас маман ретінде мұндай көзқарастары әрине қуантады. Ұлымыз интернатурасын бітірсе, ендігі мақсатымыз - резидентураға түсу, - деп анасы ұлының болашақ жоспарын бөлісті.

Анасының әрекетін ұлы қайталады: Ұшақта адам құтқарған Дінмұхаммедтің анасымен сұқбат

Дінмұхаммедтің анасы да ұшақта көмек көрсеткен...

Жедел жәрдемде істеген 28 жылдың 13 жылында шақыртуларға барып жүрдім. Желілік топта мамандандырылған кардиология бөлімінде болдым. Менде де Димаш кезіккендей жағдайлар болды. Нәтижелі де, нәтижесіз де болған кездер есімде. Мен де ұшақта ауырған адамға көмектескенмін. Жұмыс бабымен Астанадан Алматыға жол жүріп бара жатқан едім. Ұшақта жасөспірім қыздың денсаулығы нашарлап, көмек керек болды. Сол кезде науқасқа медициналық көмек көрсеткенмін, - деп есіне алды Дінмұхамедтің анасы.

Дәрігердің сөзінше, жедел жәрдемнің тәжірибесінде мұндай жайттар өте көп кездеседі.

Біз тәжірибеміз бар, салада біраз жыл қызмет еткен мамандармыз ғой. Бірақ ұлым әлі студент. Мұндай көмекті алғаш рет көрсетіп отыр, - деп айтты ол.

Анасының әрекетін ұлы қайталады: Ұшақта адам құтқарған Дінмұхаммедтің анасымен сұқбат

"Ұлымның дауысы біртүрлі болып естілді…"

Дінмұхаммедтің ата-анасы ұлының ұшақтағы әрекетін қалай қабылдағанын айтып берді.

Димаш каникул аяқталып, оқуға оралғалы жатқан. Ұшағы бізден (Қызылордадан – ред.) кешірек ұшты. 10 қаңтар күні шамамен 20.40-та. Қай кезде болмасын ұшақ қонғанда үнемі балаларымызға хабарласып, қалай жеткенін біліп отырамыз. Сөйтіп оқиға болған күні жеткен кезінде хабарласып едім, "ұлым қазір өзім қайта хабарласамын" деп тұтқаны қойды. Бірақ ұлымның дауысы біртүрлі болып естілді. Сөйтіп аз уақыт өткен соң ұлым өзі хабарласып, ұшақта осындай жағдай болғанын айтты. Ұлымның науқасқа көмек көрсеткенін бірінші болып өзінен естідім. "Ұшақта көмек көрсетіп, тірі алып қалдым. Жедел жәрдем шақырып, медицина қызметкерлеріне науқасты тапсырдым"деді, - деп еске алды ол.

Осы түні сағат 23:00 шамасында Димаштың көмек көрсеткен сәтінің видеосы TikTok-та, басқа да әлеуметтік желілерде жариялана бастаған. Ата-анасы видеоның тарағанын туыстарынан естіген.

Пікірлерді естіп, оқып жатырмыз. Көпшілік жақсы сөздер жазып, батасын беріп жатыр. Студенттің мұндай әрекеті батыл екенін айтып, түрлі пікір білдіріп жатыр. Қолдау көрсетіп жатқан халқымызға рақмет айтқым келеді. Ұлымыз жас болса да, халықтың алғысын алып жатқанына ата-ана ретінде өте ризамыз. Димаштың іс-әрекетін көтермелеп жатқан халқымызға да ризашылығымызды айтқымыз келеді, - деді студенттің ата-анасы.

Дінмұхаммедтің ата-анасына Қызылорда облысының әкімі кездесуде ұлының резидентурадағы оқуының ақысын төлеуге қолдау көрсететінін айтқан.

Әкім бізді жақсы қарсы алды. Жанұямыздың атынан өңір басшысына алғысымызды білдіреміз. Ұлымыздың оқуға деген ынтасы бар екенін ескеріп, үлкен қолдау көрсеткелі отыр. Әкімдік оқу ақысына қолдау көрсету туралы ұсыныс жасады. Алғысымыз шексіз. Бұл жас маманға үлкен қолдау болады деп ойлаймын. Кеше жолдасым екеуіміз үйге жақсы әсермен оралдық, - дейді Ғалия Нұрсейітова.

Анасының әрекетін ұлы қайталады: Ұшақта адам құтқарған Дінмұхаммедтің анасымен сұқбат
Қызылорда облысы әкімдігі

Ғалия Нұрсейітова болашақ дәрігерлерге кеңесін берді.

Жас мамандар ең алдымен науқаспен байланыс орната білуі керек. Яғни науқастың шағымын, қал-жағдайын сұрап, коммуникативті қабілеттерін қазірден бастап дамытуы керек. Дәрігер ретінде өзінің мінез-құлқын, адамдармен сөйлесу мәнерін дұрыстауы қажет. Қазір науқастардың клиникасы әртүрлі болады. Асқыну жағдайлары көп. Ол туралы көп оқып-білу қажет. Өз-өзін үнемі жан-жақты дамытып отыруы қажет. Дәрігерде адамгершілік қасиеттері болуы керек. Әрине дәрігер өз денсаулығын назардан тыс қалдырмауы қажет, - деп сөзін қорытындылады Дінмұхамедтің анасы, дәрігер Ғалия Нұрсейітова.

Дінмұхаммед Бектұрған Астана медицина университетінің 7-курс студенті. Қазір интернатурада оқиды. Ол жүрегі тоқтаған науқасты аман алып қалған болатын.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Дінмұхаммедті министрліктің "Құрмет грамотасымен" марапаттаған болатын.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Өзгелердің жаңалығы