Анар Фазылжанова қазақ тілін цифрландыруды ұсынды

30 Наурыз 2021, 11:44
5454
Бөлісу:
Анар Фазылжанова қазақ тілін цифрландыруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта өткен Парламенттік тыңдау кезінде А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, Филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалына қатысты ойын білдірді.

Қазақ тілі – ғаламшардағы 6 мыңға жуық тіл арасында әдеби нормасы қалыпқа түскен, бірізділігімен, дәстүрімен ерекшеленетін алдыңғы қатарлы 70 тілдің, дамыған 600 тілдің, мемлекеттік мәртебеге ие болған 259 тілдің санатына кіретін тіл. Қазақ тілі – автохонды тіл, ол Қытайда, Өзбекстанда, Ресейде, Монғолияда, Қырғызстанда, Түркияда, Ауғанстанда елде тұратын қазақтардың да тілі. Елімізде қазақ тілінде сөйлейтін диаспора өкілдері саны артып келеді. Ресми мәлімет бойынша түркітілдес диаспора өкілінің 95%-ы тілді сөйлеу деңгейінде, ал 12%-ы оқып, жаза алатын жоғары деңгейде меңгергені расталды. Славян диаспорасы ішінде 24%-ы ауызекі тілін түсінеді, оқып, жаза білетіндер үлесі – 3%-ды құрайды, - деді ол.

Оның сөзінше, Тәуелсіздіктіктің 30 жылында мемлекеттік тілдің саяси, заңнамалық, ғылыми-лингвистикалық, демографиялық базаларын күшейту үшін қыруар іс атқарылды. Дегенмен бүгінде тілімізге төнген қауіптер де жоқ емес. Тілдің ұрпақтан ұрпаққа толығып жеткізілуінің, трансмиссияның әлсіруі, калькалану, яғни орыс, ағылшын тілдерінің әсерімен тоқырауы, постиндустриалдық қоғам талаптарына сәйкес жаңғыруының баяу өту қаупі бар. 

Осы ретте институт директоры қауіптердің алдын алатын қадамдарға тоқталды.

Біріншіден, ең алдымен қоғамның мемлекеттік тіл туралы түсінігін кеңейту керек. Федеративті және біртұтас елдердің мемлекеттік тілі айтарлықтай ерекшеленеді. Федеративті елдерде, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, екі және одан да көп мемлекеттік тілдің болуы орынды. Мәселен, Швейцарияда неміс, француз, итальян, ретороман, Бельгияда француз және фламанд, Ресей Федерациясында 21 республика, 9 өлке, 46 облыс, 2 федералдық маңызы бар қала, 1 автономды облыс пен 4 автономды аймақтың өз титул тілдері мен орыс тілінің арақатынасы заңмен реттеледі. 

Ал құрамында саяси мәртебесі, дербес әкімшілік-аумақтық құрылымы жоқ, Қазақстан сияқты біртұтас елде билік органы бір, азаматтық біреу, армия біреу, мемлекеттік тіл де біреу болады.

Сол себепті Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесі жиі көтеріліп жүргені де бекер емес. Қолданыстағы заң тілді білуді либералды әдіспен, мейлінше жұмсақ талап етті. Осы кезеңдегі Елбасымыздың ұстамды да сарабдал саясаты өз жемісін берді. Соның арқасында қоғам инструменталды әдіс негізіндегі заңнамаға көшуді талап ететін деңгейге пісіп жетілді. Мұндай заңда тілді қолдануға міндетті жайттар, қолданбаған жағдайда қандай айыптар берілетіні, яғни инструменталды механизмдер анық көрсетіледі. Тіл саясатын зерттеген ғалымдар осы тұрғыдан Францияның Тубон заңын озық деп көрсетеді, - деп түсіндірді Фазылжанов.

Екіншіден, қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру ұлттық идеямен байлануы керек деп санайды. Әліпби ауыстыру «ұлттық бірегейлікті нығайту, жаңа өмірге бастау алу, креативті сана қалыптастыру» деген месседжмен байланыстырылса, құба-құп болар еді. Мұның тиімділігін көрсететін тәжірибе де жоқ емес. Мысалы, ХХ ғасырдың басында Түркияда мешіттерде латынның пайдасы туралы уағыз жүрген, яғни барша қоғамдық институттар әліпби реформасының идеологиялық базасын жасауға қатысқан. Сондықтан осы реформа экономикалық, технологиялық, өндірістік қатынаста, бизнес кеңістікте де кеңінен насихатталуы керек, оған барлық министрліктер атсалысқаны абзал.

Жазу реформасын сәтті жүзеге асыру үшін әлемдегі қазақ тілін зерттейтін жалғыз мекеме Ахмет Байтұрсынұлы атынағы Тіл білімі институтына мемлекеттің қамқорлығы керек. Қазіргі кезде тіл мәселесі ғылыми негізде шешуді қажет етеді. Ал Институт жобаларды конкурстық жолмен ғана алады. Қоғам сұранысына жауап беретін жоба конкурстан өтпесе, мәселе шешілмей қалу қаупі зор. Осыны ескеріп, Институтқа конкурссыз, мемлекеттік тапсырыс негізінде ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беру аса қажет, - екенін атап өтті ол.

Жетілдірілген әліпби мен емле ережелерін кешіктірмей бекітуді ұсынды.
 
Үшіншіден, ғылымы ұлттық тілде дамыған елдің өркениетке тез ілесетіні анық. Диссертациялар мен ғылыми есептердің бір данасын мемлекеттік тілде әзірлеудің нормативтік негіздерін жасау, сонымен бірге әлемдік ғылыми әдебиетті аудару ісін қарқындату қоғамның қазақтілді сапалы контентке деген сұранысына жауап болар еді. 

Төртіншіден, филологиялық білім беруге реформа керек. Қоғам шет тілін қазақ тілінің негізінде оқытуға мұқтаж. Сондықтан шет тілі пән мұғалімін даярлау бағдарламасына қазақ-ағылшын, қазақ-орыс салғастырмалы грамматикасы пәндерін енгізу қажет. Қазақ филологиясын бітірген маман салалық, тарбейінді, филолог-заңгер, филолог-логопед, филолог-экономист, филолог-копирайтер, филолог-спичрайтер білімдермен де қаруланып шықса, қазіргі ортаның қазақ тіліне деген алуан түрлі сұранысын сапалы өтейтін еді.

Бесіншіден, қазақ тілін цифрландыруды ұсынамыз. IT-коммуникация, компьютерлік технология, робототехника, жаратылыстану, инженерлік іс саласы мамандарының ішінде қазақтілділердің саны аз. Осы және басқа да мамандықтарды қазақ тілінде даярлау ісін жетілдіру керек. Тіл білімі институты Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасап отыр. Әлемдік тәжірибеде (Ұлыбритания, Жапония, Финляндия, Ресей) бұл үнемі толығып, жетіліп отыратын, үздіксіз қаржыландырылатын ұлттық тілдің «ақылды» электрондық базасы, ол кез келген қолданушының алуан түрлі лингвистикалық сұранысын өтеуге қызмет етеді. Институтқа осы жобаға тұрақты қолдау көрсетілуін сұраймыз.

Алтыншыдан, ұлттық білімдер жүйесі қазақ тілінде ғана сақталған. Мәселен, бел, белес, дөң, дөңес, қыр, қырат, шоқы, шоқтық, шоқпыт, мұздақ, мұзарт, шың, шыңат, төбе, асу, ойпат, ойпаң, ернеу, арна, аңғар, шатқал, т.б. жер бедерінің атаулар желісі, сол сияқты тілдегі өсімдік, жануар, т.б. объекті мен құбылыс кластары, типтері атының астарында жасырылған халықтық білімдер жүйесі оқулықта тұрса, ол ұлттық білім мен тәрбие көзіне айналар еді. Рухани саламатты ұрпақ қалыптастырар еді.

Мұны жүзеге асыру үшін тілтанушы ғалымдар ұлттық контентті анықтайтын комиссия құруды,  сөйтіп, осы жөнінен оқулық авторларына курстар ұйымдастыруды ұсынып келеді. Ұлттық білімдерді БАҚ пен медиада да кеңінен насихаттау үшін жаңа технологияларды да қолданған тиімді болар еді, - деп түсіндірді Филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова Сенатта.
Өзгелердің жаңалығы