"Мұғалімдер қайтадан құл болады": Ұстаздар мектеп бюджетінің ауданға өтуінің қаупін айтты

Ұстаздар мектеп бюджетінің аудан басқаруына берілуіне қатысты ойын ашық айтты.

Бүгiн 2026, 16:38
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 16:38
Бүгiн 2026, 16:38
304
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстандағы білімге қатысты бюджет облыстан ауданға өтуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков мәлімдеді. Осыған BAQ.KZ тілшісі бұл ұсынысқа қатысты педагогтердің ойын білді. 

Ұсыныс қайдан шықты?

Алғаш болып мәжілісте бұл мәселені депутат Нартай Сәрсенғалиев көтерді

Өздеріңіз білесіздер, біз (бұл мәселе бойынша – ред.) бірнеше депутаттық сауал да жолдадық. Мәжілістің мінберінде бұл сауалды көтердік. Себебі ауыл, аудандарға барған кезде әкімдер айтатын ең басты мәселе – бұл білім бюджетінің облыста қалып, ауданға түспеуі салдарынан мектептердің, білім ордаларының мәселесін уақытылы шеше алмау проблемасы орын алады. Бюджетті облыстан аудандық деңгейге түсіру туралы шешімді жаңа оқу жылына дейін іске асырып үлгереміз бе? - деп сұрады депутат вице-министрден.

Қаржы вице-министрі Бауыржан Омарбеков депутаттар ұсынған түзетулер Үкімет тарапынан жан-жақты қаралып, толық қолдау тапқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, білім саласына бөлінетін шығындарды облыстық бюджеттен қайтадан аудандық бюджет деңгейіне беру ұсынысы мақұлданған.

Сонымен қатар, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға және оларды ыстық тамақпен қамтуға арналған шығындар бұрынғыдай облыстық деңгейде қала береді.

Ардагер ұстаздың пікірі

Бұл мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің төреалқа мүшесі, зейнеттегі ұстаз Өмір Шыныбекұлының пікірін білдік. Ол мектеп бюджетінің ауданға берілуі өте өрескел әрі бұрыс шешім деп санайтынын жеткізді. 

Мен 2015 жылы сол кездегі білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке ашық хат жолдаған болатынмын. Ол кезде білім саласына Білім министрлігі жауап бермейді. Біз білім саласына "әкімдер емес, Білім министрлігі жауап берсін" деген талап қойғанбыз. Біздің үніміз жоғарыға жетіп, Шаханов бастаған зиялы қауым да хат жазған. Содан "күрес" басталып, республика мұғалімдері "Ағартушы" деген қоғамдық қор құрдық, - дейді Өмір Шыныбекұлы. 

Сол жылдары қоғамдық қордың мүшелері мұғалімге мәртебе беру талабын қойған. 

Сол талабымыз басшылыққа жетіп, 2019 жылы "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданды. Одан кейін мұғалімдердің жалақысы көтерілді. Президентіміз әр жолдауында мұғалімдердің құқығы туралы айтып отырады. Соның әсерінен Орталық Азия елдері де мұғалімдерінің жағдайын түзей бастаған еді, - дейді ұстаз. 

Бұрын бюджет ауданның қолында болғандағы жағдай қандай еді? 

Аудандық әкімдіктер - жекелеген әкімдіктер. Өмір Шыныбекұлының сөзінше, олар бұрын бәрін телефон арқылы шеше салатын.

Бұрын мектеп бюджеттері ауданның қолында болған тұста өзінің туысы немесе басқа біреу өтініш жасаса, аудан басшылары мектеп директорына хабарласа салатын. "Пәленшені жұмысқа алшы, маған керек адам еді" дегендей шеше салатын. Кадр мәселесін де, қаржы мәселесін де аудан әкімдігі бақылауда ұстап отыратын. Білім саласында қаржы көп. Мысалы әр қала не облыстың жылдық бюджетінің 40-45 пайызы білім саласына бөлінген ақша. Аудан әкімдіктері сол биліктен ажырап қалған болатын. Депутаттар халықтың өз үнін тыңдамай, әкімдіктерді тыңдаған. Себебі аудандағылар білімге бөлінген бюджетті облыс алып қойды деп жылаған, - дейді ұстаз. 

Өмір Шыныбекұлы мектеп бюджеті бұрын ауданға қарасты болған сәтте өзінің туған жерінде болған оқиға жайлы айтып берді. 

Менің туған жерім Төле би ауданы. Жазда мұғалімдер еңбек демалысына шыққан сәт болатын. Ол таулы жер болғандықтан демалатын жерлер көп еді. Сол жерге республикадан біреу келе жатса, аудандағылар мектеп директорына хабарласып, "бірнеше мұғалімді шығарып, көшенің бойындағы қоқысты жинат" дейді екен. Мұғалімдер еңбек демалысынан шығып, көшенің бойындағы заттарды жинайтын, - дейді ұстаз. 

Өмір Шыныбекұлы. Фото: жеке архив

Одан бөлек, мұғалімдерді мәжбүрлеп газеттерге жаздыру мәселесі де бар. 

Кейбір блогерлер газет деген желеумен брошюра шығарады. Олар сол брошюраларын алдыру үшін әкімдіктерді бопсалап, ал әкімдіктер мұғалімдерді сатып алуға мәжбүрлейтін. Немесе концерт болса билет сатуды мұғалімдерге тапсыратын. Жиналыстарда зал толтыратын кім еді? Сол мұғалімдер еді. Кейін біртіндеп содан арыла бастағанбыз. Бірақ ол толық жойылған жоқ. Яғни егер бюджетті қайтадан ауданның басқаруына берсек, мұғалімдер қайтадан құл болады. Өзім зейнеттегі мұғаліммін. Бірақ немереме жаным ауырады. Оны кім оқытады? Құл мұғалім құлды тәрбиелейді, - деп қынжылды ұстаз. 

Министрдің қатысы жоқ

Өмір Шыныбекұлы бюджеттің аудан әкімдіктеріне берілуі мәселесіне оқу-ағару министрінің қатысы жоқ дейді. 

Бұл ұсынысты Асхат Аймағамбетовтен басқасының бәрі қолдады. Себебі аудан әкімдері депутаттармен жұмыс істеп, оларды сендірген. Депуттаттар президенттің айналасын сендірді. Ал министр Жұлдыз Сүлейменованың мұндай бастама көтеруге құзыреті жоқ. Мен тіпті министрді аяп отырмын. Ол өзі де бұған дейін мәжіліс депутаты болған. Депутат әріптестерінің бәрін таниды. Егер ол депутаттарды қолдай салатын болса, еліміздегі мұғалімдердің министр туралы ойы өзгереді. Ал мұғалімдерді қолдайтын болса депутаттардың қырына ілігеді. Жұлдыз Сүлейменовамен кездесер болсам, екі оттың ортасында тұрғанын айтып, абай болыңызшы деп, бейтарап позицияны сақтауын сұрар едім, - дейді Өмір Шыныбекұлы. 

Аттестация туралы

Өмір Шыныбекұлы қазіргі уақытта мұғалімдердің біліктілігін анықтау үшін тапсырылатын аттестация әлі алынып тасталмағанын атап өтті. 

Күні кеше министрлікте жиналыс болды. Бұл мәселе біраз шу болды. Қыркүйекке дейін уақыт бар. Мен жиында осы мәселені жақсылап талқылайық дедім. Қазіргі таңда "Өрлеуге" министрліктен маман барды. Министрлікке жақсы мамандар келіп, "қаны тазарып" келе жатыр. "Өрлеуге" барған мамандарға мүмкіндік берейік, солар арқылы материалдар жинап, өңірлік өкілдіктер арқылы мұғалімдердің ұсынысын жинап, маусым айында талқылайық дедім. Мен аттестацияның бұрынғы формасына бірден қарсы шыққанмын. Себебі ол жерде ғылыми жұмыстарды мұғалімдер сатып алатын. Тест те сатылып, базар болып кеткенін бәрі естіді. Бәленбай мұғалім аттестациядан құлап қалыпты деп жатады. Олар өтуге ақша таба алмай қалған шығар дедім. Сондықтан сатып алатындарға қандай жаза қолдану керегін ескеру қажет екенін жеткіздім. Қазір аттестаттау жүйесі тек уақытша тоқтап тұр. Оны ешкім алып тастамайды. Себебі аттестат - ол мұғалімнің санатын көтеру. Мұғалімнің санаты көтерілсе жалақысы да өседі. Ал бала үшін пайдасы - мұғалім санатын көтеру үшін ізденіп, жаңа технологиялармен жұмыс істеуге тырысады, - дейді ұстаз.

"Стратегиялық тұрғыда қате шешім"

Мектеп бюджеттерінің ауданға берілуі мүмкін деген жаңалыққа қатысты Алматыдағы ALT Педагогикалық колледжінің директоры Ақмарал Турлыбекова да пікір білдірді. Ол мұндай шешім стратегиялық тұрғыдан үлкен қателікке алып келуі мүмкін деп есептейді. 

Неліктен десеңіз, өңірлердің, әсіресе аудандардың бюджеті әрдайым толық көлемде бекітіле бермейді. Оның үстіне, облыстар мен аудандардың экономикалық мүмкіндіктері арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Кейбір өңірлерде өнеркәсіп, шағын және орта бизнес жақсы дамыған болса, бірқатар солтүстік, батыс және шығыс аймақтарында экономикалық қиындықтар аз емес, - дейді Ақмарал Турлыбекова. 

Осындай жағдайда білім беру жүйесін тәуекелге тігу өте қауіпті. 

Мектептер орналасқан жеріне қарамастан тұрақты әрі тең дәрежеде қаржыландырылуы тиіс. Егер бұл қағида сақталмаса, өңірлер арасындағы білім сапасының алшақтығы артып, оның салдары өсіп келе жатқан ұрпақтың білім деңгейіне тікелей әсер етуі мүмкін. Педагогтердің бұл бастамаға қарсы шығуының басты себебі де осы алаңдаушылық деп ойлаймын. Мұғалімдер қаржыландыру тұрақсыз болса, мектептердің материалдық базасы әлсіреп, кадр тапшылығы туындап, білім сапасы төмендеуі мүмкін екенін жақсы түсінеді, - дейді ол. 

Ақмарал Турлыбекова. Фото: жеке архив

Сонымен қатар көптеген шағын ауылдарда негізгі немесе жалғыз табыс көзін білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау және төтенше жағдайлар салалары қамтамасыз етіп отыр. 

Кейде сол салалардың бір қызметкерінің жалақысы бүтін бір отбасының күнкөрісіне тірек болады. Егер аудан мектептерге лайықты жағдай жасап, сапалы білім бере алмаса, халықтың қалаға немесе басқа өңірлерге көшуі күшейіп, кейбір ауылдар біртіндеп әлсіреу, жойылу қаупіне тап болуы мүмкін. Сондықтан мұғалімдердің алаңдаушылығын түсінуге болады, - дейді колледж басшысы.

Ғылыми мақалалар жайында

Ақмарал Турлыбекова ғылыми мақалалар жазу мен оқыту әдістемелерін әзірлеу педагогтердің кәсіби қызметінде сақталуы тиіс деп есептейді. Себебі нақты тәжірибеде жұмыс істейтін мұғалім ғана өз сабағында, өз пәні аясында қай тәсілдер мен әдістердің шын мәнінде тиімді екенін терең түсінеді.

Ғылыми жұмыс педагог мамандығының маңызды құрамдас бөлігі болып қала беруі қажет. Өйткені ол зерттеушілік ойлауды дамытады, жаңа шешімдерді үздіксіз іздеуге ынталандырады және оқыту сапасын арттыруға ықпал етеді. Мұғалімнің өзі де тұрақты кәсіби даму үдерісінде болып, осы ұстанымды өз оқушыларына сіңіре білуі керек. Жеке өзім үшін ғылыми мақалалар жазу да, оқушылармен жеке жұмыс істеу де әрдайым қызықты бағыттардың бірі болды. Әсіресе таңдалған тақырыптың өзектілігі студенттердің қызығушылығын оятып, оларды материалды тереңірек талдауға, кең ауқымда ойлауға және болашақ өмірі мен кәсібінде қажет болатын маңызды дағдыларды қалыптастыруға жетелейді, - дейді педагог. 

"Аттестация біліктілікті бағалаудың маңызды құралы"

Ақмарал Турлыбекова педагогтерді аттестациялау кәсіби даму мен біліктілікті бағалаудың маңызды құралы ретінде сақталуы керек деп есептейді. 

Ол салауатты бәсекелестікті дамытады және үздіксіз кәсіби дамуды, білімді жаңартуды және өсуді ынталандырады. Қазіргі заманда өзекті білім мен жаңа дағдыларды үнемі меңгеріп отыру - әрбір маман үшін басты талаптардың бірі. Сонымен қатар аттестацияға ресми рәсім ретінде емес, дамудың саналы кезеңі ретінде қарау маңызды. Егер педагог келесі деңгейге өтуге дайын болса, жеткілікті тәжірибе жинақтап, өз ісінде нақты нәтижелер көрсете алса, онда ол өз білімі мен дағдыларын сенімді түрде растай алады, - дейді ол.

Сондықтан аттестациялау мұғалімдерге кедергі емес, керісінше кәсіби тұрғыдан одан әрі өсулеріне және еңбегінің лайықты бағалануына мүмкіндік береді деп есептейді колледж басшысы.

Наверх