Аналар кеңесі: Отбасы құндылығын көздің қарашығындай сақтау қажет

4 Наурыз 2020, 10:46
4530
Бөлісу:
Аналар кеңесі: Отбасы құндылығын көздің қарашығындай сақтау қажет
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан халқы Ассамблеясының консультативтік-кеңесші органы болып табылатын Аналар кеңесі қоғамдағы үйлесімділік пен бірлікті қамтамасыз етумен қатар, отбасын дамыту жөніндегі іс-шараларға белсенді атсалысады.

Қарағанды облыстық Аналар кеңесінің төрайымы кәсіби медиатор, зейнеттегі подполковник Жанар Кенжеғалиева кеңестің атқарған шаралары мен алдағы жоспарымен бөліскен еді.

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Аналар кеңесінің құрамында 35 ана бар. Кеңестің төрайымы, Жанар Кенжеғалиеваның айтуынша, замануи аналар отбасындағы шаруаның ғана емес, түздегі шаралардың да шешімін табуына септігін тигізіп жүр.

Аналар кеңесінің құрамында ғылым, білім, құқық қорғау, мәдениет сияқты әртүрлі салалардың майталмандары, жетістікке жеткен әйелдер, көпбалалы аналар, бизнесте жүрген аруларымыз, этномәдени бірлестіктің өкілдері бар. Бұл аналарымыз тек өздерінің отбасын ғана ойламай, қоғамдық шараларға атсалысып, оның ішінде жастарға, жаңадан шаңырақ көтерген отбасыларға тәлім-тәрбие беруге септігін тигізуде. ҚХА жанындағы аналар кеңесінің басты мақсаты – отбасы құндылығын сақтау, қазақтың ұмыт болған салт-дәстүрлерін жандандыру, жастарға жеткізу. Біздің жұмыстарымыздың басты бағыты осындай, - дейді Жанар Бейсенбекқызы.

"Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен" аналар қазіргі қоғамның ажырамас бөлшегіне айналған, ал Аналар кеңесі болса қоғамда орын алған келеңсіз жағдайларға бей-жай қарамай, еліміздің барлық тыныс-тіршілігіне белсене араласып отыр.

Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы ақпан айынан бастап елімізде көпбалалы отбасылардың күрмеулі мәселелері көп көтерілді. Аналар кеңесі де жыл бойына аймақтағы көпбалалы отбасылардың мұң-мұқтажын тыңдап, оларға барынша көмек көрсеттік. Аналарға үйде отырып та ақша табуға болатындығын, кәсіп ашып, өз ісінің маманы болу мүмкін екендігін көрсеттік. Бұған бизнесте жүрген көпбалалы әйелдер көп септігін тигізді. Бизнестегі әйелдер аналармен жиі кездесу өткізіп, кәсіп ашудың жолдарын көрсетті, кеңестерін берді. Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеспен айналысқысы келетін адамдарға көп қолдау көрсетілуде. Түрлі гранттар беріліп, жеңілдетілген несилер алуға болады, бастысы талпыныс болса болғаны, - дейді Жанар Кенжеғалиева.

Аналар кеңесі өткен жылы жеке кәсіпкерлермен бірлесе отырып, көпбалалы аналарға шаштараз, тігінші, әрлеуші сияқты сұранысқа ие мамандықтарды игеруі үшін сертификаттар берген. Шығыс базарында кәсіпкердің қолдауымен аналарға арнап тегін сауда орындары беріліп, жәрмеңке ұйымдастыруды қолға алынған. Онда көпбалалы аналар өздерінің қолымен жасаған бұйымдарын, тағамдарын сатып, аз да болса нәпақа табуына мүмкіндік алды. Кеңес мүшелері жыл бойына көпбалалы аналарға ғана емес жалғыз басты әйелдерге, мүгедек жандарға, тұрмысы төмен отбасыларға қаржылық сауаттылықты үйрету бойынша, оның ішінде қаржы пирамидаларына алданып қалмау сияқты мәселелерді көтеріп, үнемі кеңес беріп отырады.

Қазақ халқы "баланы жастан" деп, ұрпағының тәрбиесіне жете көңіл аударған. Бүгінде көптеген ата-ана отбасын асырау, бар-жоқты түгендеуге баса назар аударып, бала тәрбиесі шеткері қалып келеді. Аналар кеңесі осы мәселе бойынша жұмыстар жасауды қолға алды, жасөспірімдерге дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында кездесулер ұйымдастыруда.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында 17-18 жастағы ер балалармен кездесу өткіздік. Ашық әңгіме форматындағы кездесуде бозбалаларға ананы сыйлау, қыздарды құрметтеу, әкені қадірлеудің маңыздылығы айтылды. Бұдан бөлек елге деген патриоттық сезім, отан алдындағы парызды өтеу сияқты мәселелер көтерілді. Осындай тәрбиелік мәні бар кездесулерді жиі өткізуді жоспарлап отырмыз. Келесі кезекте орыс тілді балалар мен қыздармен кездеспекпіз, - дейді Аналар кеңесінің төрайымы.

Жанар Бейсембекқызы қазіргі қоғамдағы ажырасу деңгейінің жоғары екендігіне алаңдаушылық білдіріп, биылдан бастап аналар кеңесі отбасы құндылығын көздің қарашығындай сақтап, шаңырақтың шайқалмауына, жанұяның бұзылмау бағытына басымдылық беруді жоспарлап отырғандығын айтты.

Бұрынғы қазақ қоғамында неке бұзылу деген өте сирек, тіпті болмаған десе де болады. Бұл біздің менталитке тән дүние емес еді. Ал қазіргі уақытта отбасын бұзу қалыпты жағдайға айналып отыр. Өкінішке қарай, бұл жастардың арасында жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді. Қарағанды облысы республика бойынша некенің бұзылу көрсеткішінде үшінші орында тұр. Статистикалық мәліметтер үйленген 10 отбасының жартысына жуығы ажырасып кететіндігін айтады. Осы себептен біз отбасы құндылығын дәріптеу арқылы, медиацияның көмегімен шаңырақтардың шайқалмауына барынша көмектеспекпіз. Қазіргі уақытта облыстық сотпен, АХАЖ бөлімімен меморандумға отыру жоспарда. Медиацияның осы тұста көмегі көп тиеді деп ойлаймын. Бұл жұмыстарға кәсіби медиаторлармен қатар отбасылық өмірде тәжірибесі бар аналарымызды тартамыз. Ол кісілер жастарға ақылдарын айтып, ер мен әйелдің бір мәмілеге келіп, жанұяны сақтап қалуына себепші болады деген ойдамын. Медиаторлар отбасындағы кикілжіңнің себептерін анықтап, екі жақтың да пікірін тыңдай отырып, басу айту, татуласуға шақыратын болады. Осылайша, ажырасуды азайту басты мақсат-міндетіміз болып отыр, - дейді Жанар Кенжеғалиева.

Аналар кеңесінің төрайымы отбасының бұзылуына әртүрлі жағдайдың себеп болатындығын, оның ішінде ер мен әйелдің жанұядағы рөлдерін алмастырып алып, соңы шаңырақтың шайқалуына әкелетіндігін айтады.

Отбасын сақтауда ер мен әйелдің рөлі бірдей екендігі белгілі. Ер адамдар өздерінің отбасының қорғаны, асыраушысы екендігін сезініп, отағасы болса, қыздар осы отағасын сыйлауды үйрену қажет. Әйелдер отбасындағы кикілжіңді, ренішті сыртқа шығармауға тырысып, күйеуінің мәртебесін түсірмеуі керек. Екі адам бір-бірін таңдап, қосылғаннан кейін барынша шыдамды, сабырлы, төзімді болу керек деп ойлаймын. Біздің аналар кеңесі жас отбасылардың арасында осындай тәрбиелік мәні бар әңгіме қозғайтын тәлімді кездесулер ұйымдастыратын болады, - дейді Жанар Бейсенбекқызы.

Бүгінде өзі де үлкен бір отбасының отанасы болып отырған зейнеттегі полиция подполковнигі Жанар Бейсембекқызы қазіргі таңда өзекті тақырыптардың бірі болып отырған – ене мен келін мәселесіне де тоқталды.

Қазақ халқы "қыз-қонақ", "қыз бала жат жұрттық" дейді, алайда қыздарға өзінің өскен ортасынан, әлпештеген ата-анасы, туғандарынан бөлектеп, басқа отбасыға бару оңай емес. Осы жерде енелерге құлаққағыс болсын, үйге түскен жас келінді бірден отқа да, суға да салмауымыз қажет. Жас келіннің басқа отбасыға "тастай батып, судай сіңуі үшін" барынша қолайлы жағдай жасап, жас отбасының аяғынан тік тұрып кетуіне көмектескен абзал. Құрметті енелер, "келін-келсап" емес, оған өгейлік жасамай, өз қызымыздай қарайық, - дейді Жанар Кенжеғалиева.

Өзгелердің жаңалығы