ӘМСҚ: Кері байланыс медициналық қызмет алу жолдарын жеңілдетеді

3 Наурыз 2023, 21:58
1083
Бөлісу:
ӘМСҚ: Кері байланыс медициналық қызмет алу жолдарын жеңілдетеді
Фото: МӘМС

Медициналық көмек алу жолдарын жеңілдету үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалы тұрғындарға жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

 

  •    Мен жеке клиникада аяғыма ота жасатуды жоспарлап отырмын. Ол жерде отаны МӘМС есебінен жасауға болатынын айтты. Тексерулерден өту үшін барлық қажетті тізбені берді. Өз емханамда тексерулерден тегін өтуіме бола ма? Ал мен емхана өзімен бірлесе жұмыс жасайтын кез-келген ауруханаға жіберетінін естідім. Мен жеке медициналық орталықтың кеңесіне құлақ асып, оларға өз емханам арқылы МӘМС аясында келе аламын ба? 

Иә, солай жасай аласыз. МӘМС жүйесінің ыңғайлы тұсы осы, яғни медициналық қызметтерді алу үшін сіз медициналық ұйымды еркін таңдай аласыз.

Емхана өз пациентін медициналық қызмет алу үшін бірлесіп орындау шартымен жұмыс жасайтын медициналық ұйымға,сондай-ақ, пациенттің өзі таңдаған ұйымға да жібере алады. Ең бастысы - таңдаған клиника Қормен келісімшарт жасаған, яғни Қор жеткізушілерінің базасында болуы қажет.

Сіздің жағдайыңызда медициналық ұйым сізге МӘМС бойынша жұмыс жасайтынын және сізді жолдама бойынша қабылдауға дайын екенін растап отыр. Сіз өз емханаңызда барлық қажетті тексерулерден өтуге құқығыңыз бар және емхана сізге қажетті медициналық орталықты көрсете отырып, сізді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталында тіркейді. 

 

  • Бірнеше күннен кейін мен өз емханамда күндізгі стационарға жатуым керек. Бірнеше талдаужасатып, флюорография мен   электрокардиограммадан өтуім қажет.Талдауларды жасаттым, «Флюрадан» өттім. Бірақ ЭКГ-ге жазылайын десем, тек екі аптадан кейін бара алады екенмін. Егер оны күтсем күндізгі стационарға үлгермейді екенмін. Олар ЭКГ-ны өз емханамда ақылы түрде өтуді ұсынды. Емхананың осылай жасағаны дұрыс па? Пациент не істеу керек?

Медициналық ұйым белгілі бір медициналық қызметтерді көрсету үшін Қормен шарт жасаса отырып, оның талаптарын орындауға міндеттеме алады. Қажетті дәрігерлердің, жабдықтардың және басқа факторлардың болмауы пациентке медициналық қызмет көрсетпеудің немесе медициналық қызмет көрсетуді кешіктірудің объективті себебі болып табылмайды. 

Бұл жағдайда, егер емхана күндізгі стационарға жатқызу үшін қажетті ЭКГ қызметін уақытылы ұсына алмаса, сізді бірлесіп орындау шарты бойынша басқа медициналық ұйымға жіберуге тиісті.

Пациент медициналық көмек қолжетімді болмаған жағдайда «Пациенттерді қолдау қызметіне» немесе тікелей осы медициналық ұйымның басшылығына жүгіне алады. 

 

  • Мені қалалық ауруханаға емханадан МӘМС бойынша бейінді дәрігердің қарауына жіберді. Бұған дейін мен өзімнің учаскемде барлық қажетті талдауларды тапсырдым. Бірақ дәрігер кеңес беру кезінде алдымен барлық нәтижелерді қағазға басып шығарып, содан кейін ғана қабылдауға келуімді сұрады. Ол «бұл жұмысты мен үшін жасамауы керек» екенін, барлығын қағаз түрінде көрсету қажеттігін айтты. Осы тұста дәрігер маған қорытынды беруден бас тарта ала ма? Егер менде медициналық ақпараттық жүйеге қолжетімділік болмаса (мен қарапайым телефонды қолданамын, онда арнайы мобильді қосымша жоқ), талдаулардың нәтижелерін қайдан аламын? Аурухана маңынан қағазға басып шығару қызметін қайдан іздеймін? 

МӘМС жүйесінде медициналық қызмет жеткізушілерге қойылатын талаптардың бірі – медициналық ақпарат жүйелерінің болуы. Яғни пациенттер алған барлық медициналық қызметтер электронды форматта жазылатын ақпараттық жүйелер – медициналық жазбалар дәрігерлер мен пациенттерге қол жетімді.

Сіздің жағдайда МӘМС аясында медициналық қызмет көрсеткен дәрігер ақпараттық жүйеде өзіне қажетті барлық мәліметтерді көре алады және оларды қағазға басып шығарудың қажеті жоқ.

Мұндай даулы жағдайларда медициналық ұйымның «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгіну керек. 

Айта кетейік, пациент өзі пайдалану үшін немесе басқа клиникаларға ұсыну үшін қажет болса (мысалы, өздігінен жүгінген кезде), өз емханасында барлық сараптамаларды басып шығаруды сұрауға құқылы. 

 

  • Біздің емханадағы аппарат бұзылып қалғандықтан, рентгенге басқа емханаға жіберді. Оларға телефон арқылы қабылдауға жазылсаңыз, қағаз түріндегі жолдамасыз қабылдамайтындарын бірден ескертеді. Ал емхана оның электронды базада көрінетіндігіне сілтеме жасай отырып, жолдаманы қағазға шығарып берген жоқ. Егер олар қабылдаудан бас тартса, не істеймін?

Бұл алдындағы жағдайға ұқсас. Пациентті бірлесіп орындау шарты бойынша басқа клиникаға жібереді. Олар жолдаманы онлайн көре алады,  бірақ ақпараттық жүйелердің интеграциясы күнбе күн болмай қалуы мүмкін. Сол себепті, мұндай жағдайларда емхана пациентті жедел қабылдау үшін жолдаманы қағаз түрінде көрсетуді сұрайды.

 

  • Менің ұлым 2021 жылдың соңы мен 2022 жылдың соңы аралығында әскери қызметте болды. Жақында емханаға барсақ, ол жерде медициналық көмек көрсетуден бас тартты және әскерде қызмет еткен уақытындағы МӘМС үшін қарыздарын төлеуді талап етті. Бірақ, мен оның ол кезде жеңілдік санатына кіргенін және мемлекет жарна төлеуі керек болғанын айттым. Осы жағдайда не істеу керек?

Сіз дұрыс айтасыз, ҚР Қарулы күштерінде мерзімді әскери борышын өтеу кезеңі МӘМС жүйесінде жеңілдікті санат болып табылады. Әскери борышын өтеуші жарналар мен аударымдар жасамауы керек. Сарбаздар туралы деректерді Қорғаныс органдары жібереді. Егер қандай да бір себептермен мәліметтер уақытылы жіберілмей қалса, берешек пайда болады. 

Бұл жағдайда сіздің ұлыңыз Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшылығының атына берешекті жою туралы өтініш жазып, әскери билеттің сканерленген нұсқасын тіркеп, қызмет өткеру мерзімін растау арқылы, оны мына электрондық мекен-жайға жіберуі керек: kanc@fms.kz.

Егер сіз берешекті төлеген болсаңыз, онда egov.kz мемлекеттік қызметі арқылы қате төленген жарналарды қайтаруға өтініш бере аласыз.

 

  • Мен ресми түрде жеке компанияда жұмыс жасаймын. Мен үшін МӘМС жарналары мен аударымдары жасалынады. Бірақ, мен жақында мәртебем сақтандырылмағанын білдім. Telegram-дағы Saqtandyry-bot арқылы ЖСН бойынша тексеру кезінде мен шетелде оқыған кезеңнің бір бөлігі үшін қалыптасқан берешекті көрдім. Неліктен қалған оқу жылдары қарыз ретінде шықпайды? Мен не істеуім керек, осы көрсетілген айлар үшін төлем жасауым керек пе? 

Егер сіз шетелде күндізгі оқу бөлімінде оқысаңыз, онда осы кезеңде сіз халықтың жеңілдік санатында болдыңыз және сіз үшін МӘМС-ға мемлекет жарна төледі. Шетелде оқитын студенттің деректері ақпарттық жүйеде көрсетілуі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі egov.kz электрондық үкімет порталының «Шетелде оқитын студенттерді тіркеу»  бөлімінде растайтын құжатты (оқу орнынан анықтама) қоса беру арқылы өтініш беру қажет. Әр семестрде жаңарту жүргізіледі. Шамасы, сол кезеңдердің бірінде сіз оқуды жалғастырғаныңызды растамағансыз және мемлекет сіз үшін жарналарды төлемеген. 

Қазір оқу кезеңіндегі берешекті өтеудің қажеті жоқ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшылығының атына kanc@fms.kz пошта арқылы оқу кезеңіндегі берешекті жоюды сұрап, мемлекеттік немесе орыс тіліне аудармасы бар білім туралы құжатты қоса бере отырып, өз қолыңызбен жазылған өтінішті жолдау қажет. 

Тексеруден кейін берешек жойылады. Егер қалған кезеңдерде жарналар мен аударымдар төленген болса, сіздің мәртебеңіз «Сақтандырылған» болып өзгереді.

Өзгелердің жаңалығы