ӘМСҚ бойынша клиниканы таңдауға бола ма?

10 Қараша 2023, 14:31
752
Бөлісу:
ӘМСҚ бойынша клиниканы таңдауға бола ма?
Фото: BAQ.KZ - архив

Тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елорда филиалының ақпараттандыру бөлімінің бас сарапшысы Жанаргүл Үмбетова жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Диагностикалық қызметтерді немесе салалық мамандардың кеңестерін өз емханаңыздан басқа жерде алуға бола ма?

Емхананы еркін таңдау құқығын бірнеше жағдайда ғана пайдалануға болады:

  • егер бекітілген жері бойынша емханада қажетті маман болмаса немесе оған жазылу мүмкін болмаса, ал кезекті күту ұзақ уақытқа созылатын жағдайда (10 күннен артық).
  • егер пациент өзінің сырқаты туралы белгілі бір дәрігерге қаралуға дағдыланған болса немесе жақын адамдары ұсынған клиникаға жолдама беруді талап етсе (тек алдымен, ол клиника Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушісі ме, соны тізімнен анықтап алған жөн. Жеткізушілердің тізімін fms.kz ресми сайтынан https://fms.kz/kz/zakupki/postavshchiki-kdu-uslug/ сілтемесі арқылы қарап алуға болады немесе клиниканың өзінен сұрау керек).

Еркін таңдау бойынша диагностикалық қызметтерді немесе салалық маманның кеңесін қалай алуға болады?

  • пациент өзінің учаскелік дәрігеріне жүгінеді
  • басқа емханаға жолдама алады
  • сол жерге дәрігердің қабылдауына жазылады
  • дәрігер қабылдауында болады немесе тексеруден өтеді.

Учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз қандай медициналық қызметтерді алуға болады?

  • егер пациентте күте алмайтын шұғыл жағдай немесе жарақат болса
  • егер пациент стоматологиялық көмекке жүгінсе (жоспарлы немесе шұғыл)
  • пациент тері-венеролог маманға жүгінген кезде
  • егер пациент онкологиялық немесе гематологиялық ауруға күдік туындаған жағдайда тар бейінді маманға жүгінсе
  • пациент тіркелген жері бойынша гинекологқа немесе психологқа жүгінсе
  • егер пациент Жастар денсаулығы орталығына жүгінсе
  • пациент дәрігерге қайта жүгінген кезде немесе қатерлі ісікке күдіктенсе
  • егер пациент өз сырқатын динамикалық бақылау үшін салалық медициналық орталыққа жүгінсе
  • медициналық поездарда немесе жылжымалы медициналық кешендерде медициналық қызметтер алу кезінде.

Аталған жағдайлардың барлығында пациент медициналық көмек алғысы келетін клиникаға өз бетінше жазылады және белгіленген уақытта дәрігердің қабылдауына келеді.

Қандай жағдайларда пациенттерге басқа емханаларға жолдама берілмейді?

  • егер пациентке қажетті қызметтерді өз учаскесінің көрсету мүмкіндігі болса.
  • Мысалы, психолог, учаскелік дәрігер, медбике, акушердің қабылдауы, патронаж, актив, иммундау, профилактика, СӨС, босануға дайындық мектебі, кейбір диагностикалық зерттеулер және басқа да қызметтер.

Өз құқығыңызды қалай қорғай аласыз? 

Егер сіз:

  • көрсетілген медициналық қызметтердің сапасына қанағаттанбасаңыз
  • медициналық персонал тарапынан дөрекі қарым-қатынас болса
  • тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ұсынылатын медициналық қызметтер үшін ақшалай қаражатты талап ету фактілеріне
  • немесе басқа да проблемалық мәселелерге тап болсаңыз,

Сіз:

  • Пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметінен көмек сұрай аласыз. Мұндай қызмет әрбір медициналық ұйымда жұмыс істейді. Кері байланыс үшін деректерін көрсете отырып, жазбаша өтініш жазу жеткілікті. Толығырақ ақпаратты емхананың немесе аурухананың қабылдау бөлімінен білуге болады.
  • Егер қолдау қызметі бұл мәселені «осында және қазір» қағидаты бойынша шеше алмаса немесе шағымдарға жауап бермесе, пациенттер өз құқықтарын қорғау үшін fms.kz ресми сайты, 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Saqtandyrybot телеграмботы секілді кері байланыстың ресми арналары арқылы Медициналық сақтандыру қорына жүгінуге құқылы.

Сондай-ақ, жыл сайын екі ай бойы өткізілетін, 15 қыркүйекте басталған емханаға еркін тіркелу науқаны 15 қарашада аяқталатынын естеріңізге саламыз. 

Өзгелердің жаңалығы