XIV қысқы Паралимпиада: Ұлттық құраманың тізімі белгілі болды
6-15 наурыз күндері Милан және Кортина-д’Ампеццо (Италия) қалаларында XIV қысқы Паралимпия ойындары өтеді.
XIV қысқы Паралимпия ойындарына қатысатын ұлттық құрама тізімі анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі, 6-15 наурыз күндері Милан және Кортина-д’Ампеццо (Италия) қалаларында XIV қысқы Паралимпия ойындары өтетінін мәлімдеді.
Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын дүбірлі додада 79 медаль жиынтығы сарапқа салынып, әлемнің 600-ден астам спортшысы қатысады. Ойындар бағдарламасына пара сноуборд, пара хоккей, тау шаңғысы, арбадағы керлинг, пара биатлон және пара шаңғы жарысы енгізілген. Қазақстан құрамасы пара шаңғы мен пара биатлон бойынша сынға түседі, - деп жазылған хабарламада.
Ұлттық құраманың сапына Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Юрий Березин, Анна Грачёва, Нұрлан Әлімұлы және Владислав Кобаль енген.
Қазіргі уақытта спортшылар Санкт-Мориц қаласында (Швейцария) оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. XIV қысқы Паралимпия ойындарының ашылу салтанаты 6 наурыз күні Верона Олимпиадалық аренасында өтеді.
Айта кетейік, қазір Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындары өтуде.
Бұған дейін Михаил Шайдоров Миланда өтіп жатқан қысқы Олимпиаданың алтын медаль иегері атанған еді.
Жеңістен кейін Президент спортшыны II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Сондай-ақ, Михаилды жеңісімен Геннадий Головкин де құттықтады. Әнші Димаш Құдайберген Михаил Шайдоровқа автокөлік тарту етті.
Одан кейін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров ерекше суретін жариялады.