Үндістан мен Пәкістан қақтығысы: Оңтүстік Азияда шиеленіс күшейе ме?
Жуырда болған жарылыс Пахалгам (Үндістанның Кашмир аймағындағы танымал туристік бағыты) өңірінде тағы бір қайғылы оқиға ретінде тіркелгенімен, одан кейінгі саяси мәлімдемелер бұл оқиғаны аймақтық шиеленіс тудыруы мүмкін қауіпке айналдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиғадан кейін бірден Үндістан тарапынан Пәкістанға бағытталған айыптаулар жасалды. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та бұл мәлімдемелер нақты дәлелдерсіз айтылып, тараптардың өзара сеніміне сызат түсірді. Талдаушылар бұл жағдай 2019 жылғы Пулвама шабуылынан кейінгі ақпараттық және саяси реакцияны еске салады, онда да ұқсас сценарий болған, - деді пәкістандық журналист Muhammad Zamir Assadi.
Кей сарапшылар Пәкістандағы бірқатар шабуылдардың алдында үндістандық әлеуметтік желі парақшаларында қауіп төндіретін сипаттағы жазбалар жарияланғанын атап өтті. Бұл мәліметтер кездейсоқ сәйкестік емес, алдын ала ақпарат болғанын меңзеуі мүмкін дейді олар.
Пәкістан Қарулы күштері 2024 жылдың басынан бері 3 700-ден астам террорлық оқиға тіркеліп, 3 900-ға жуық адам қаза тапқанын хабарлады. Ел билігі кейбір шабуылдарға сыртқы ықпал болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұл жағдай тек екі ел арасындағы дипломатиялық шиеленіс емес, Оңтүстік Азияның тұрақтылығына да қатер төндіреді.
Осы ретте мамандар Үндістанның Инд өзені жөніндегі 1960 жылы қабылданған тарихи су келісімінен бас тарту туралы мәлімдемелерін ерекше назарда ұстауда. Су ресурстары бойынша бұл келісім — екі ел арасында бейбіт қатынасты сақтап келе жатқан басты механизмдердің бірі. Бұл шарттың бұзылуы тек аймақ емес, бүкіл әлемде осындай халықаралық келісімдердің беделін түсіруі мүмкін.
Пәкістан билігі тарапынан сабырлылық пен ұстамдылық танытылып келеді. Вице-премьер Ишақ Дар елдің соғыс бастамайтынын, бірақ ұлттық қауіпсіздікке төнген кез келген қатерге жауап берілетінін мәлімдеді, - деді сарапшы Muhammad Zamir Assadi.
Ал халықаралық қауымдастықтың үнсіздігі сарапшылар арасында алаңдаушылық тудырып отыр. Өткен аптада Үндістанның бақылауындағы Кашмирде 26 бейбіт тұрғынның өмірін қиған содырлардың шабуылынан кейін АҚШ Үндістан мен Пәкістанды «шиеленісті азайту» үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Ал Қытай тарапы бейтарап тергеу жүргізуді ұсынды.
Мамандар бұл оқиғадан кейін ең маңыздысы — эмоцияға берілмей, нақты фактілерге сүйеніп әрекет ету қажет екенін айтады. Қазір өңірге тыныштық пен сенімді диалог ауадай қажет.
Бұған дейін Үндістанның Кашмир аймағындағы танымал туристік бағыт – Пахалгамда белгісіз қарулы адамдар бейбіт туристерге оқ жаудырып, 20-дан астам адам қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.
Кейін Үндістан Пәкістанмен шекарадағы басты өткелді жапты.