Ұлттық қордан бөлінетін 5 триллион теңге экономикаға қалай әсер етеді?
Үкімет 2027–2029 жылдары Ұлттық қордан аса маңызды инфрақұрылымдық және жалпыхалықтық жобаларды қаржыландыруға 5 триллион теңге нысаналы трансферт бөлуді жоспарлап отыр. Бұл қаражат экономикалық өсімге қалай ықпал етеді және оны тиімді пайдаланудың қандай шарттары бар? BAQ.KZ тілшісі Ұлттық банк төрағасы мен экономистердің пікірін саралады.
Үкімет жоспарына сәйкес, Ұлттық қордан 2027 жылы 2 триллион теңге, ал 2028 және 2029 жылдары 1,5 триллион теңгеден нысаналы трансферт тартылмақ.
Алайда бұл Ұлттық қордан алынатын барлық қаражат емес. Бұған қоса, республикалық бюджетке 2027 және 2028 жылдары 2,4 триллион теңгеден, 2029 жылы 2 триллион теңге кепілдендірілген трансферт аудару көзделген. Демек үш жылда Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген және нысаналы трансферттердің жалпы көлемі 11,8 триллион теңгеге жетуі ықтимал.
«Қорды толықтырамыз ба, әлде жұмсай береміз бе?»
Экономист Сапарбай Жобаев Ұлттық қордан қаражат бөлу мәселесін кейінгі жылдардағы тұрақты бюджет тапшылығымен бірге қарастыру қажет деп есептейді.
Оның айтуынша, соңғы 5-10 жылда республикалық бюджет шығыстарының едәуір бөлігі қарыздар мен Ұлттық қор трансферттері арқылы жабылып келді.
Мәселен, 2021 жылы республикалық бюджет шығысы 16,3 триллион теңгені құраса, оның тек жартысы Ұлттық қор трансферттері мен қарыздарды есептемегендегі кірістермен қамтамасыз етілген. Сол жылы қордан 2,7 триллион теңге кепілдендірілген және 1,85 триллион теңге нысаналы трансферт бөлу жоспарланған еді.
Ал 2027 жылға арналған жаңа бюджет жобасында республикалық бюджет шығысы 30,2 триллион теңге, кірісі 19,9 триллион теңге деңгейінде болжанып отыр. Кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді қоса алғанда, Ұлттық қордан 4,4 триллион теңге тартылмақ.
Бюджет тапшылығы жыл сайын сақталып келеді. Бір жағынан Ұлттық қорды көбейту міндетін қоямыз, екінші жағынан одан ірі көлемде қаражат алуды жалғастырып отырмыз. Осындай жағдайда белгіленген межеге қалай жетеміз деген заңды сұрақ туындайды, – деді Сапарбай Жобаев.
100 миллиард доллар межесіне жету мүмкін бе?
Ұлттық қор активтерін басқару жөніндегі тұжырымдамада қор көлемін 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізу міндеті көрсетілген.
Алайда Үкіметтің қазіргі базалық сценарийі бойынша қордың валюталық активтері 2027 жылғы 65,2 миллиард доллардан 2029 жылы 70,6 миллиард долларға дейін ғана өседі. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қордың валюталық активтері 65,5 миллиард доллар болған.
Ұлттық қордың активтерін 100 миллиард долларға жеткізу үшін оны күнделікті бюджет шығындарын жабуға пайдалануды барынша шектеу қажет. Әйтпесе қорды толықтыру мақсаты мен одан алынатын трансферт көлемі бір-біріне қайшы келіп қалады, – деді экономист.
Ұлттық қор не үшін құрылған?
Ұлттық қорды құру туралы шешім 2000 жылы қабылданып, қор 2001 жылғы мамырдан бастап жұмыс істей бастады. Оның негізгі міндеттері – болашақ ұрпаққа қаржы жинау, экономиканың мұнай секторына тәуелділігін азайту және сыртқы дағдарыстардың ықпалын жұмсарту.
Сапарбай Жобаевтың айтуынша, кейінгі жылдары қор қаражаты түрлі коммерциялық жобаларды қаржыландыруға да жиі бағытталған.
«Қазақстанның Даму Банкі» арқылы бірқатар ірі кәсіпкерлік нысанына қомақты қаржы бөлінді. Мен тиімсіз деп бағалайтын жобалардың қатарында «Азия Автоны», Қызылордадағы кремний зауытын және Қарағандыда ұшақ шығару жоспарын атауға болады, – деді ол.
Экономистің пікірінше, коммерциялық өндіріс орындарын кәсіпкерлер салып, банктер мен жеке инвесторлар қаржыландыруға тиіс. Егер табыс әкелуге бағытталған жобалар мемлекет пен Ұлттық қор есебінен қаржыландырыла берсе, қаражатты тиімсіз пайдалану тәуекелі артады.
Ұлттық қордағы қаражат – мемлекеттің, демек, халықтың ортақ ақшасы. Сондықтан әр теңгенің қайтарымы мен нәтижесі болуы керек, – деді сарапшы.
Қордың азаюы инвестициялық тартымдылыққа әсер ете ме?
Ұлттық қор активтері шетелдік облигациялар, акциялар, алтын, балама құралдар және басқа да қаржы активтеріне инвестицияланады. Бұл қаражат елдің сыртқы экономикалық күйзелістерге төтеп беруіне мүмкіндік беретін қаржылық қор саналады.
Жобаевтың пікірінше, Ұлттық қор мен Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінің жеткілікті болуы шетелдік инвесторлар үшін де маңызды көрсеткіш.
Бұл Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын көрсететін кепілдіктердің бірі. Егер қордағы қаражатты стадион, спорт сарайы, зауыт, фабрика немесе жекелеген әлеуметтік нысандарға түгел жұмсап қойсақ, еліміздің қаржылық қоры азаяды. Мұндай жағдайда инвесторлар Қазақстанға қаржы салуға сақтықпен қарауы мүмкін, – деді ол.
Кәсіпорындар неге бюджетке тәуелді?
Сапарбай Жобаев республикалық және жергілікті бюджеттер, квазимемлекеттік сектордың қаржысы мен Ұлттық қор активтерінің барлығы мемлекеттік қаржы жүйесінің құрамына кіретінін атап өтті.
Оның сөзінше, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді негізінен тұрақты салық түсімдері арқылы орындауға ұмтылуға тиіс. Алайда бюджет қаражаты жылу, теміржол және жекелеген кәсіпорындардың шығынын жабуға үнемі бағытталса, олардың мемлекеттік қолдауға тәуелділігі күшейеді.
Қаржыландырудың нақты шарты, нәтижелік көрсеткіші және жауапкершілік тетігі болмаса, бюджеттен қолдау алған кәсіпорындар кейін мемлекеттен қайтадан қаражат сұрауы мүмкін. Бөлінген ақшаның қандай нәтиже бергені ашық көрсетілуге тиіс, – деді экономист.
«Көрпеңе қарай көсіл»
2025 жылы республикалық бюджетке Ұлттық қордан 5,25 триллион теңге көлемінде кепілдендірілген және нысаналы трансферт қарастырылған еді. 2026 жылы қордан тек 2,77 триллион теңге кепілдендірілген трансферт алу көзделді. Ал 2027 жылы трансферттердің жалпы көлемі қайтадан 4,4 триллион теңгеге жетпек.
Демек қордан алынатын қаражатты тұрақты түрде азайту бағыты әзірге қалыптасқан жоқ. Қазақта «Көрпеңе қарай көсіл» деген сөз бар. Біз салықтан және басқа да тұрақты көздерден түсетін бюджет кірісіне сүйенуге үйренуіміз керек. Ұлттық қор қаражатын жұмсай беру немесе қарызды көбейту ертең үлкен қаржылық қиындыққа алып келуі мүмкін, – деді Жобаев.
«Кәсіпорындар бюджеттен ақша сұрауға үйреніп қалды»
Экономист кәсіпорындар негізінен кәсіпкерлердің өз қаражаты мен банктік несие есебінен дамуға тиіс деп санайды. Алайда, оның пікірінше, қазақстандық банктер өндірісті несиелеуден гөрі ипотека мен автонесие беруге көбірек мүдделі.
Меніңше, кейбір ірі кәсіпкерлер Ұлттық қор қаражатына арқа сүйеуге үйреніп алған. Олар «жылу желілері ескірді», «су жүйесінің жағдайы нашарлады» деген уәжбен мемлекеттен қаражат сұрайды. Бірақ жеке меншік иелері бұл мәселелерді тарифтік саясат, банктік несие және кәсіпорын тиімділігін арттыру арқылы да шешуге тиіс, – деді ол.
Жобаев квазимемлекеттік кәсіпорындарды бәсекелес ортаға беру жұмысын жеделдету қажет деп есептейді.
Айта кетейік, 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарына бастапқыда 736 ұйым енгізілген. 2026-2030 жылдарға арналған жаңа оңтайландыру жоспары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы 500 нысанды қамтиды.
Бюджеттен қаржылануға үйренген кәсіпорындарды өз күшімен жұмыс істеуге және бюджетке салық төлеуге міндеттеу қажет. Ал кәсіпорын экономикалық тұрғыдан тиімсіз болса, оның әрі қарай жұмыс істеуінің орындылығы қайта қаралуға тиіс, – деді Сапарбай Жобаев.
Құрылыс инфляцияны күшейте ме?
Экономист Бауыржан Ысқақов мәселе Ұлттық қордан ақша бөлуге бола ма деген сұрақпен шектелмеуге тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, басты өлшем – жұмсалған қаражаттың болашақ ұрпаққа қандай экономикалық актив қалдыратыны.
Мемлекет бір мезетте мектеп, аурухана, жол және басқа да әлеуметтік нысандарды жаппай сала бастаса, құрылыс материалдарына, металлға, техникаға және жұмыс күшіне сұраныс күрт артады. Бұл бағаның өсуіне және инфляцияның күшеюіне ықпал етуі мүмкін.
Алайда мұны міндетті түрде жағымсыз сценарий деп бағалауға болмайды. Егер мемлекет алдын ала отандық құрылыс материалдарының өндірісін арттырып, логистиканы дамытып, қажетті мамандарды даярласа, салынған қаражаттың бір бөлігі үш-төрт жылдың ішінде экономикаға қайта оралады. Сондықтан мәселе құрылыстың өзінде емес, оны экономиканың мүмкіндігіне сай қарқынмен жүргізуде, – деді Бауыржан Ысқақов.
Оның айтуынша, қажетті цемент, металл, техника мен маман даяр болмай тұрып құрылыс көлемін күрт арттыру экономиканы шамадан тыс қыздыруы мүмкін. Ал өндірістік база құрылыс қарқынымен қатар дамыса, инфляциялық тәуекел азаяды.
Мектеп салумен шығын аяқталмайды
Экономист әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының кейінгі шығынын да алдын ала есептеу керек екенін атап өтті.
Ұлттық қордан қаржы бөлген кезде нысанды салып қана қою жеткіліксіз. Мысалы, мектеп құрылысына 10 миллиард теңге жұмсалса, кейін оны күтіп ұстауға, жөндеуге, жылытуға, электр энергиясына және қызметкерлерге жыл сайын қанша бюджет қаражаты қажет болатыны да есептелуге тиіс. Әр жоба бойынша құрылыс құнын ғана емес, алдағы 20–30 жылдағы пайдалану шығынын қамтитын толық есеп болуы керек, – деді Ысқақов.
Оның пікірінше, жобаның тікелей кірісімен қатар жанама экономикалық қайтарымы да бағалануға тиіс.
Мәселен, жаңа жол тікелей пайда әкелмеуі мүмкін. Бірақ ол логистикалық шығынды азайтып, кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және салық түсімдерінің көбеюіне ықпал етсе, жобаның жанама экономикалық қайтарымы жоғары болады.
Ұлттық қордан ақша бөлер алдында қойылатын үш сұрақ
Бауыржан Ысқақов Ұлттық қорды мемлекеттің тұрақты қаржы көзіне айналдыру ең үлкен қауіптің бірі екенін атап өтті.
Ұлттық қордың негізгі міндеттерінің бірі – экономикалық дағдарыс кезінде елге тірек болу және қаражаттың бір бөлігін болашақ ұрпаққа сақтау. Егер кез келген мәселе туындаған сайын «Ұлттық қор бар» деген түсінік қалыптасса, қор біртіндеп жинақтау құралынан бюджеттің тұрақты қосымша көзіне айналып кетуі мүмкін, – деді ол.
Экономистің пікірінше, Ұлттық қордан қаржыландырылатын әр жоба үш негізгі талапқа сай болуы керек.
Біріншіден, жоба мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясына сәйкес келе ме? Екіншіден, оның инвестициялық және экономикалық қайтарымы қандай? Үшіншіден, оны жеке инвестиция, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, даму институттары немесе қарыз қаражаты арқылы қаржыландыруға мүмкіндік бар ма?
Егер жеке капитал тартуға болатын жобаға мемлекет Ұлттық қордан ақша бөле берсе, бұл нарыққа дұрыс емес белгі береді. Қор қаражатын инфрақұрылымға жұмсау өздігінен қате емес. Қате шешім – Ұлттық қорды бюджет тапшылығын тұрақты жабатын құралға айналдыру. Болашақ ұрпақтың ақшасын бүгінгі шығынға емес, сол ұрпаққа қызмет ететін ұзақ мерзімді актив қалыптастыруға пайдалануымыз керек, – деді Бауыржан Ысқақов.
Ұлттық банк не дейді?
Еске салайық, бүгін журналистерге арналған брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов алдағы үш жылда Ұлттық қордан 5 триллион теңге нысаналы трансферт бөлудің инфляцияға ықпалына жалпы баға берді.
Оның айтуынша, бұл шешім Ұлттық банктің жаңартылған болжамы мен модельдеріне енгізілген.
Бұл – біздің болжамымызға әсер ететін жаңа факторлардың бірі. Өйткені 5 триллион теңге бөлу туралы шешім таяуда ғана қабылданды. Үкімет оны 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына енгізді. Біз бұған мұқият қарап, модельдеп, ықтимал әсерін бағаладық. Үш жылға 5 триллион теңге бөлінеді: 2027 жылы – 2 триллион, ал 2028 және 2029 жылдары 1,5 триллион теңгеден. Бұл үлкен сома болып көрінгенімен, 200 триллион теңгеге жуық экономиканың ауқымымен салыстырғанда төтенше көрсеткіш емес, – деді Тимур Сүлейменов.
Үкімет болжамында Қазақстанның номиналды жалпы ішкі өнімі 2027 жылы 199,3 триллион теңге, ал 2029 жылы 245 триллион теңге болады деп көрсетілген.
Ұлттық банк төрағасы қаражаттың инфляцияға ықпалы ең алдымен оның қаншалықты тиімді жұмсалатынына байланысты екенін атап өтті.
Бұл жерден инфляцияға кері әсер ететіндей төтенше жағдай көріп отырған жоқпыз. Деректерді есептеулер мен модельдерге енгіздік. Ең бастысы – бағдарламаның тиімді іске асырылуы, экономиканың әлеуетін арттыруға, «тар өткелдерді» жоюға және қосылған құн қалыптастыратын өндірістерді құруға көмектесуі. Сұраныс пен ұсыныс теңгеріліп, отандық тауарлар мен қызметтер өндірісінің өсуі қамтамасыз етілуі тиіс. Сонда ғана сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтықты жаба аламыз. Үкіметпен тиісті үйлесім бар, мәселе толық бақылауда, – деді ол.
Сүлейменов әлемдік нарықтағы мұнай бағасының өсуі Қазақстан бюджетінің кірісін арттыратынын, бірақ импорт арқылы жанама инфляциялық қысым әкелуі мүмкін екенін де айтты.
Мұнай қымбаттаса, республикалық бюджеттің кірісі артады. Бұл біз үшін тиімді. Дегенмен дамыған елдерде инфляция өскен сайын, ол жақтан импорттайтын тауарларымыздың бағасы да сәл көтерілуі мүмкін. Бірақ тұтастай алғанда, мұнай бағасының өсуі ел экономикасына оң әсер етеді, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Осылайша, Ұлттық банк 5 триллион теңгелік нысаналы трансферттен төтенше инфляциялық қауіп көріп отырған жоқ. Ал экономистер негізгі тәуекел соманың көлемінде ғана емес, қаражаттың қандай жобаларға, қандай шартпен және қаншалықты тиімді жұмсалатынында екенін ескертеді.
Еске салсақ, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті.
Ұлттық қордан инфрақұрылымдық жобаларға 2027-2029 жылдары бағытталатын 5 трлн теңгенің ықтимал инфляциялық әсері Ұлттық банктің болжамдарына енгізілді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Сондай-ақ, Тимур Сүлейменов зейнетақы активтерін кім басқаратынын түсіндірді.
Тағы оқи отырыңыз: Инфляция 9,8%-ға түсті: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендету себебін атады
Базалық мөлшерлеме төмендесе, шетелдік инвесторлар кетпей ме? – Ұлттық банк жауабы