Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 1%-ға төмендету нұсқасын қарастырмаған
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені бірден 1 пайыздық тармаққа төмендету нұсқасын қарастырмаған. Реттеуші мөлшерлемені 0,25 немесе 0,5 пайыздық тармаққа төмендету, сондай-ақ қазіргі деңгейде сақтау нұсқаларын талқылаған. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдері брифингте базалық мөлшерлемені бірден 1 пайыздық тармаққа төмендетуді күткен сарапшылардың болжамы туралы сұрады.
Тимур Сүлейменов сарапшылардың пікірлері әртүрлі болғанын атап өтті. Оның айтуынша, кейбір сарапшылар мөлшерлемені едәуір төмендетуді күтсе, енді бірі оны бұрынғы деңгейде қалдыру қажет деп санаған.
Базалық мөлшерлемені 1 пайыздық тармаққа төмендету комитетте мүлде қарастырылған жоқ. Бізде үш нұсқа болды. Комитет мүшелерінің бір бөлігі тәуекелдер мен өзге де факторларды ескере отырып, мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру қажет деп санады. Екінші бөлігі оны 0,25 пайыздық тармаққа төмендетуді ұсынды. Ал үшінші бөлігі анағұрлым батыл қадам жасау керек деген пікірде болды, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның сөзінше, ұзақ талқылаудан кейін комитет инфляцияның 12 ай бойы баяулауын, инфляциялық күтулердің төмендеуін және ішкі экономикадағы тұрақты жағдайды ескере отырып, базалық мөлшерлемені 0,5 пайыздық тармаққа төмендету туралы шешім қабылдаған.
Тимур Сүлейменовтің пікірінше, мөлшерлеме қазіргі деңгейде тұрған кезде оны 0,25 пайыздық тармаққа төмендету жеткілікті әсер бермеуі мүмкін. Сондықтан комитет анағұрлым батыл қадам жасауды жөн көрген.
Осылайша, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 0,5 пайыздық тармаққа төмендету туралы шешімді комитет мүшелерінің дауыс беруі арқылы қабылдаған.
Еске салсақ, Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,5%-дан 15,75%-ға дейін төмендетті. Шешімді Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті 23 қазанда қабылдады. Мөлшерлеме бойынша +/- 1 пайыздық тармақ дәлізі белгіленді.
Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияға қатысты жыл соңына болжамын жариялады.
Тағы оқи отырыңыз: 2026 жылы базалық мөлшерлеме қалай өзгерді?
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені не үшін төмендетті? – Сүлейменов түсіндірді