Бүгiн 2026, 15:40 Фото: Instagram/emineerdogan

Түркияның бірінші ханымы Қазақстанда экологиялық зертхана ашты

Эмине Ердоған Қазақстанда «Нөлдік қалдық» (Zero Waste) халықаралық білім беру зертханасының тұсауын кесті.

Түркия Президентінің жұбайы Эмине Ердоған Астанада «Нөлдік қалдық» (Zero Waste) халықаралық білім беру зертханасын ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жаңа экологиялық орталық Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің жанынан TIKA (Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі) қолдауымен жұмысын бастады.

Эмине Ердоған бұл зертхананың экология, тұрақты ауыл шаруашылығы, қалдықтарды қайта өңдеу және циркулярлы экономика саласындағы зерттеулер үшін маңызды алаңға айналатынын атап өтті.

Бұл зертхана нөлдік қалдық, тұрақты ауыл шаруашылығы, қалдықтарды басқару және циркулярлы экономика саласындағы маңызды зерттеулердің алаңына айналатынына шын жүректен сенемін. Осынау маңызды жоба Түркия мен Қазақстан арасындағы бауырластықты нығайта түссін деп тілеймін, – деді Эмине Ердоған.

Айта кетейік, «Нөлдік қалдық» (Zero Waste) жобасы Түркияда 2017 жылы бірінші ханымның қолдауымен басталған болатын. Бүгінде бұл жоба елдегі ең ірі экологиялық бастамалардың бірі саналады және халықаралық деңгейде танылды.

Зертхананың ашылуы Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында өтті.

Instagram/emineerdogan
Instagram/emineerdogan

Еске салайық, Ердоған 13 мамырда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.

Мемлекет басшылары екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылайды.

Сондай-ақ, президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізеді.

15 мамырда Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті өтеді. Саммиттің тақырыбы – «Жасанды интеллект және цифрлық даму».