2026 жылғы 15 мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Мемлекет басшылары кеңесінің бейресми саммиті өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ұйымның ресми сайтында мәлім болды.
Кездесудің негізгі тақырыбы «Жасанды интеллект және цифрлық даму» болмақ.
Қазақстан қатысушы және бақылаушы елдердің көшбасшыларын, сондай-ақ ТМҰ Бас хатшысын қабылдайды. Саммит жұмысына Ақсақалдар кеңесі мен түркі ынтымақтастық ұйымдарының өкілдері де қатысады, – делінген хабарламада.
Саммитке қатысушылар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесін, сондай-ақ олардың экономикалық өсімге, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және өңірлік байланысты нығайтуға ықпалын талқылайды.
Мемлекет басшаларының отырысы алдында ТМҰ-ға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кездесуі өтеді.