31 Тамыз 2026, 13:03 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Тоқаев Үкімет алдына жаңа міндеттер қойды: Президент Бектеновке не тапсырды?

Мемлекет басшысы экономикалық өсім, мемлекеттік басқару және халықтың әл-ауқатына қатысты нақты тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысы Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдағы кезеңге арналған басты міндеттерін айқындап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар тапсырма берді.

Мемлекет басшысы экономикалық өсімнің тұрақты қарқынын қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және азаматтардың әл-ауқатын дәйекті түрде жақсарту қажет екеніне назар аударды.

Президент барлық мемлекеттік органды ортақ іске жұмылдырып, орындаушылық тәртіпті күшейтуді және Үкімет қызметінде нақты нәтижелерге қол жеткізуге баса мән беруді тапсырды, - делінген Ақорданың хабарламасында.

Еске салсақ, бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынған болатын. Құрылтай депутаттары кандидатураны қолдап дауыс берді.

Белгілі болғандай, Олжас Бектенов Үкімет басшысы лауазымында қалды.

Сондай-ақ, бұған дейін Мемлекет басшысы Вице-президент Ерлан Қаринді қабылдап, оның алдына бірқатар нақты міндет қойды.